5.10.2016, 18:07
Оқылды: 44

Тасқа басылған нәрсе ешқашан өшпейді

img-20161005-wa0000-1Батыс Қазақстан облыстық «Орал өңірі» және «Приуралье» газеттерінің шыға бастағанына 100 жыл  толуына орай журналистика, филология және тарих факультеттері студенттері мен магистранттары арасында арнайы байқау жарияланған болатын.

 Байқаудың мән-маңызы, шарттары туралы кеңінен түсінік беру мақсатында «Жайық Пресс» медиахолдингінің бас директоры Жантас Сафуллин Астана қаласындағы Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «Отырар» кітапханасында  журналистика, тарих факультеттерінің студенттерімен және магистранттарымен кездесу өткізді.


img-20161005-wa0001-1Кездесуді әдебиет тарихшысы, филология ғылымдарының докторы, профессор, алаштанушы, Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің проректоры Дихан Қамзабекұлы кіріспе сөз сөйлеп ашты.

—  «Ұран», «Дұрыстық жолы», «Хабар-Известия», «Қазақ дұрыстығы» кітаптары тарихымыздың өте бір дұрыс кезеңін көрсетеді. Бұл еңбектердің ішінен барлық ғылым өкілдері өздеріне керегін табады. Жинақтардың маңыздылығы – тасқа басылған нәрсенің ешқашан өшпейтіндігінде. Кітаптың қадірі кітапханада тұрғанда білінеді. Бұл жинақтар – біздің кітапханамыз үшін үлкен олжа, баға жетпес байлық. Сондықтан кітабын арқалап келіп, бізді рухани байытып кеткені үшін Жантас Набиоллаұлына студенттердің, университет басшылығының атынан зор алғыс айтамын.

— Құрметті студенттер, бұл кітаптар сіздерге үлкен ой тастауы тиіс. Әр өлкенің, әр облыстың өз газеті бар. Күні ертең оқу бітіріп, қызметке араласқанда, барған басылымдарыңның тарихын зерделеп, кітап етіп шығаруға еңбектенеді деп сенемін. Ендеше, қазірден бастап бәйгеге қатысып, бақтарыңды сынауға мүмкіндік туып тұр, — деген Дихан Қамзабекұлы сөз кезегін Жантас Сафуллинге ұсынды.

img-20161005-wa0006-1— 2017 жылы Батыс Қазақстан облыстық «Орал өңірі» және «Приуралье» газеттерінің шыға бастағанына 100 жыл толмақ. Бұл басылымдар бастауын 1917 жылы 28 шілдеде бұрынғы Хан ордасы қаласында шыққан «Ұран» газетінен алады. Кейіннен «Хабар-Известия», «Қазақ дұрыстығы-Киргизская правда», «Дұрыстық жолы», «Қызыл ту» т.б. болып атауы сан өзгерген бұл газеттерде қазақ баспасөзін қалыптастырушы қайраткерлер Ғұмар Қараш, Ғабдолғазиз Мұсағалиев, Ахмет Мәметов, Халел Есенбаев, Нұғман Манаев  т.б. сынды Алаш арыстары қызмет еткен.

100 жылдықты мазмұнды қарсы алу мақсатындағы жұмыстарымызды біз ең алдымен газеттердің тарихын зерттеуден бастаған едік.

Тынымсыз ізденіс пен ерен еңбектің нәтижесінде біз газеттеріміздің алғашқы сандарын Мәскеудің, Санкт-Петербургтің мұрағаттарынан тауып, олардың көшірмелерін елге әкеліп, Қазақстан мұрағаттарындағы сандарын да жинақтап, араб қарпінен қазақ тіліне аударып, кітап етіп басып шығардық.

Бүгінгі таңда медиахолдинг жанынан құрылған баспасөзді зерттеу орталығында облыстық қос басылымның бір ғасырлық тігіндісі жинақталып, электронды және қағаз бетіндегі нұсқалары дайындалуда.

img-20161005-wa0005Алғашқы боп жарық көрген «Қазақстан» газеті. 1911-1913» (2012) және «Ұран» газеті. 1917-1918» (2013) кітаптарының таныстырылымын бұған дейін дәл осы жерде өткізген болатынбыз. Міне, бүгін сіздерге қазақ баспасөзінің тарихынан сыр шертетін «Хабар-Известия», «Қазақ дұрыстығы-Киргизская правда», «Дұрыстық жолы» кітаптарын әкеліп отырмын, — деген  Жантас Набиоллаұлы кітаптарды кітапхана меңгерушісінің орынбасары  Жанар Мамаеваға табыс етті.

Бұдан кейін ғасырлық торқалы тойға жүргізіліп жатқан дайындық жұмыстарын тілге тиек еткен медиахолдинг басшысы қолға алынып жатқан шараларға кеңінен тоқталды.

— Газеттердің логотиптері мен дизайны  жаңартылды, оқырманмен тікелей байланысуға мүкіндік беретін арнайы WhatsApp нөмірі іске қосылды. Жаңалықтарды аудионұсқа, бейнежаңалық түрінде www.zhaikpress.kz сайтында жариялай бастадық.

Сонымен қатар Ғұмар Қараштың екі томдық шығармалар жинағын, қос басылымның деректіжылнамалық жинағын, «Тәуелсіздік жылнамасын» шығаруды, республикалық ғылыми-практикалық конференция, Қайрат Жұмағалиев атындағы шығармашылық байқау т.б. шараларды өткізуді жоспарлап отырмыз.

img-20161005-wa0027Осынау шаралардың ішінде өздеріңіздей студенттер мен магистранттардың арасында жарияланған арнайы байқаудың орны бөлек.  Мақсатымыз — қазақ баспасөзінің даму тарихы тақырыбын насихаттау, осы мәселеге жас ғалымдардың көңілін аударып, қызығушылығын арттыру, ЖОО басшыларының, тиісті кеңестердің назарын қазақ баспасөзі тарихына бағыттау, сол арқылы қазақ баспасөзі тарихын, оның ішінде Қазақстанның батыс өңірінде шыққан басылымдардың даму жолын, баспасөз бастауында тұрған тұлғалардың өмір жолы мен қызметін студенттердің курстық, дипломдық және магистрлік зерттеу жұмыстары тақырыбына айналдыруға ықпал ету.

Байқауға еліміздің барлық жоғары оқу орындарының студенттері мен магистранттары қатыса алады. Байқауға жіберілетін жұмыстарға қойылатын талап – жоғары оқу орнындағы курстық, дипломдық және магистрлік зерттеу жұмыстарымен бірдей. Қазылар алқасы жүлдегерлерді анықтаған кезде, соны тақырып, тың зерттеулерге басымдық береді. Ең үздік курс жұмысына – 50 мың, ең үздік диплом жұмысына – 100 мың, ең үздік магистрлік жұмысқа 150 мың теңге көлемінде жүлде тағайындалған.

Байқауға арналған жұмыстар [email protected] электронды поштасына 2017 жылдың 30 маусымына дейін қабылданады. Байқау қорытындысы 2017 жылдың 28 шілдесі қарсаңында қорытындыланады. Қазақ баспасөзінің тарихы сіздер сияқты білімпаз жастардың ғылыми-зерттеу нысанына айналады деген үміттемін, — деп сөзін аяқтаған Жантас Набиоллаұлы кездесуді ұйымдастыруға қолдау білдірген университет басшылығына алғыс білдірді.

img-20161005-wa0007-1Келесі кезекте «Дала уәлаяты», «Қазақ» газеттерін құрастыруға еңбек сіңірген Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті журналистика және саясаттану  факультетінің  деканы, профессор  Қайрат Сақтың пікірі де жастарға үлкен ой тастап, жаңа биіктерге жетелегендей әсер қалдырды.

— Газет тарихын зерттеудің нәтижесінен елдің, жеке тұлғалардың тарихы шығады. Тәуелсіздік алғаннан кейін төңкеріске дейінгі шындықты айтуға мүмкіндік алдық. Батыстағы әріптестеріміздің ізденісімен кітап болып шыққан мына газеттер алғаш рет ғылыми айналымға еніп тұр. Бұл дегеніңіз – кітаптағы әрбір мақаланы оқып, талдап, терең зерттеп, ондағы құндылықты, тарихи деректерді халыққа жеткізу. Бұл кітаптарға тек тарих деп қарамауымыз керек, олардың бүгінімізді танып, болашағымызды болжау үшін де маңызы зор. Өткен жолы «Қазақстан» газетімен қауыштыңыздар. Бұл құнды еңбектер халқымыздың жоғын бүтіндеп жатыр деп ойлаймын.

Қазіргі таңда үлкен жұмыстың бастауында тұрмыз. Әлі зерттелетін тақырып көп. Бір байқағаным, сол кездегі қаламгерлердің көпшілігі бүркеншік атпен жазған. Бұған сол заманның саясаты мәжбүр еткен. Шығармаларын, мақалаларын зерттеу арқылы біз үшін жұмбақ болған сол есімдердің кім екенін анықтау – басты парызымыз.

Биылғы дипломдық жұмыстардың, магистрлік диссертациялардың тақырыптары бекітіліп қойылды. Алайда ІІІ курс студенттері мына тақырыптарды курстық жұмыс ретінде алып, әрі қарай дипломдық жоба, диссертациялық тақырып етіп алып кетсе, маңызы зор болар еді.

Ресейлік архивтерден қолымыз жетпей, таба алмай жүрген құнды дүниелерді, қазақтың жалпақ тілімен айтсақ, көктен тілегенімізді алдымызға әкеліп беріп отырғаныңыз үшін алғысымды айтамын.

Ұлт үшін жасап жатқан қызметтеріңіз жалғасын таба берсін! Мұраларымызды тауып, бізге жеткізіп келе беріңіздер. Газеттеріңіздің 100 жылдық тойына біздің факультеттің жас зерттеушілері де үлес қосады деп ойлаймын, — деді әдебиет тарихшысы.

img-20161005-wa0003-1Тағылымды кездесу соңында сөз алған «Егемен Қазақстан» газетінің бөлім редакторы, жазушы Сүлеймен Мәметтің кітаптағы тарихи деректердің құндылығын, оны одан әрі зерттеу қажеттігін атап айтқаны жиналған жастарға жаңа міндет жүктегендей болды.

— Біз кейде «тарихты тасқа жазған халықпыз» деп Күлтегіннің ескерткіштерін айтып жатамыз. Сонау Мәскеудің, Питердің архивтерінен әкелінген мына кітаптар да – тасқа жазылған тарихтың тағы бір көрінісі. Өз басым осы кітаптардың ішінен қазақтың жоғалып кеткен, ұмытылған керемет құдіретті сөздерін таптым. Ғұмар Қараш қолданған сөздердің көпшілігін біле бермейміз.

Заңғар жазушымыз Әбіш Кекілбаевтың «Тәуелсіздік алдық деп біреуіміздің шалқайып, біреуіміздің қайқайып жүруге қақымыз жоқ. Тәуелсіздік үшін қызмет етуіміз керек!» — деген сөзі бар. Ғылым дегеніміз де – ұлтқа қызмет ету деген сөз. Өйткені ғылымы дамыған ел ғана алға шыға алады! – деді ол.

Айгүл  АХМЕТОВА

www.zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале