31.10.2016, 19:21
Оқылды: 43

Теолог жаппай жат ағымға кетудің негізгі екі себебін атады

   Бүгін облыстық қазақ драма театрында дін мәселесі бойынша республикалық ақпараттық-түсіндіру тобы облыс активімен кездесті. Жиынға облыс әкімінің орынбасары Марат Тоқжанов төрағалық етті. Кездесуде ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі Дін істері комитетінің дінтану сараптамасы басқармасының басшысы Балғабек Мырзаев, талдау және аймақтық жұмысты үйлестіру басқармасының маманы Азамат Бисембаев, республикалық дін мәселелері жөніндегі ғылыми зерттеу және талдау орталығының христиандықты және дәстүрлі емес діни ағымдарды зерттеу бөлімінің басшысы Галина Новикова, Алматы облысы дін мәселелерін зерттеу орталығының қызметкері Байғара Құрметхан  баяндама жасады.


    Олар Қазақстан Республикасында діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі 2013-2017 жылдар аралығына жоспарланған мемлекеттік бағдарлама аясында жүзеге асырылған шаралар, зайырлылық ұстанымы және қазіргі кездегі діни ахуал жөнінде әңгімелеп, деструктивті діни ағымдардың алдын алу бағытындағы тәжірибелерімен бөлісті. «Ақтөбеде болған оқиғадан кейін қаладағы дәстүрлі емес діни бағытты ұстанатын азаматтармен сөйлестік. Ресми дерек бойынша сәләфилік ағымда жүргендердің саны 16 мыңға жуық деп жүрміз. Зерттеу нәтижесінде Ақтөбе облысының өзінде 4-5 мыңдай тұрғын сәләфилік бағытты ұстанатыны белгілі болды. Діни экстремистік және радикалды ағым жетегінде жүргендердің 85 пайыздайының арнайы діни білімі жоқ. Менің ойымша, қазақстандықтардың жаппай жат ағымға кетуінің негізгі екі себебі бар. Біріншіден, діни сауаттылығының төмен  болуынан, екіншіден, әлеуметтік желі арқылы таралатын үгіт-насихат әсерінен деструктивті ұйымдар шырмауына түсуде», – деді Балғабек Мырзаев.

               Жиында жергілікті атқарушы және құқық қорғау органдары мен ақпараттық-түсіндіру топтары және үкіметтік емес ұйымдардың мүшелері өздерін толғандырған сұрақтарын теолог мамандарға қойды.

Нұртай Текебаев

www.zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале