3.03.2016, 10:26
Оқылды: 28

Теректідегі талайды таңғалдырған театр

Terekti teatr   Теректінің төрінде тарихта қалар айтулы оқиға орын алды.  Қалың көрермен  аудан көлемінде тұңғыш рет шымылдығын ашқан «Дат» театрының тұсаукесеріне қатысып, театрдың ең алғашқы қойылымы «Қара шекпен» спектакліне  көзайым болды.


Теректі аудандық мәдени-демалыс орталығы жанынан құрылған театрдың премьерасына жиылған халықтың қарасында шек болмады. Өйткені, аудан халқы осындай рухани азық алар дүниелерге сусап қалғаны ақиқат.  Осетин драматургі Г.Хугаевтің "Қара шекпен" қойылымы әлемдік жауһарға баяғыда айналған. Бірақ осындай үлкен дүниені мәдени-демалыс орталығының өнерпаздары қалай алып шығар екен деген сауал көкейде көлбеңдеді.

Туындының қоюшы-режиссері облысымызға танымал театр және кино актері Жамбыл Заев бір айдың ішінде үлкен еңбек атқарды. Ауданымыздың өнерпаздарының басын бір арнада тоғыстырып, аз уақыт  олардан актер жасап шығару-оңай емес. Тыңғылықты дайындық пен маңдай тердің арқасында тетар өз жұмысын бастап, халықты аудандық мәдениет үйіне шақырды.

Бос уақытын арнап келген көрермен атүсті дайындалған көрініске емес, етек-жеңі жинақы, нағыз шеберлердің жоғары деңгейдегі қойылымына топ ете қалды. Расымен, «Қара шекпен» спектаклін керемет дәрежеде дайындау тіпті театр мамандарының өзін тәнті етті.

Аңдардың кейпінде жүріп қоғамдағы адамдардың бейнесін жасырын берген драматургтің шеберлігі мен режиссердің тапқырлығы, әртістердің ойыны мен халықтың қошеметі бір-біріне сондай үйлесімді болғанын атап өтуіміз қажет.

Театрдың ашылуы мен алғашқы премьерасының құрметті қонақтары қатарында аудан әкімі Жеңіс Серікқалиев пен облыстық халық шығармашылығы орталығы директоры Медхат Қамбетов болды.  Аудан басшысы театрдың жұмысына сәттілік тілеп, аншлагпен өтер қойылымдардың саны көп болғай деп тілек білдірді.

www.zhaikpress.kz

Қуанышәлі БАЯНОВ

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале