9.10.2015, 18:19
Оқылды: 21

Теректіден «Жұлдыз» жауған күн

Terekti jyldizdar jaugan kyn   Талай мәрте шет елдің сахнасын мойындатып, ауданымыздың, облысымыздың, қала берді республикамыздың мақтанышына айналған, Теректі аудандық  мәдени-демалыс орталығы жанынан құрылған  «Жұлдыз» үлгілі би ансамбілінің таңдай қақтырар таланттары –әмбеге аян.

Аталмыш би ұжымы 2001 жылы құрылып, 2006 жылы ҚР Мәдениет Министрлігінің бұйрығымен «Үлгілі» атағын алған болатын. Содан бері бірнеше республикалық, халықаралық би байқауларында үздік танылып, мықтылығын сан мәрте дәлелдеп келеді. Облыс орталығындағы қара шаңырақ - Қазақ драма театрында өткен «Жұлдыз» үлгілі би ансамблінің есеп беру концерттік бағдарламасы жоғарыда айтылған сөздеріміздің тағы да бір айқын дәлелі бола алады.

Би-ұлтымыздың ұлық мұрасы, сонау дәуірлерден бері қазақпен бірге жасасып келе жатқан, ғажабы мен кереметі бірге ұштасқан өнердің сұлтаны десек жаңылыс айтпаймыз. Яғни қазақтың биге деген көңілі алабөтен болары да ақиқат.  Сол себепті облыстық қазақ драма театрында ине шаншыр орын болмады. Тіпті концерттің басынан аяғына дейін түрегеліп тұрып, өнерден ләззат алған жандар көптеп табылды.

Айта кететін жайт, «Жұлдыздың» концертіне аудан өнерпаздары да атсалысып, өздерінің өнерлерімен қала тұрғындарын тәнті етті. Гүлназ Құсайынова «JE TEAME», Айбек Дәулетқалиев Джузеппе  Вердидің «Риголетто» операсынан «Герцогтың әнін» шырқағанда залда жиылған көрермен тік тұрып қошемет көрсетті. Бұл кештің тағы бір ерекшелігі, кезінде республикалық ән байқауларының алдын бермеген, түрлі конкурстарда облысымыздың намысын жықпаған «Үшқоңыр» триосы араға біраз жылдар салып, киелі сахнаға қайта оралды. Ескендір Хасанғалиевтің «Айналдым елім» әнімен қайта жанданған жігіттер трио тарихы парақтарының жаңа бетін ашқандай. Айта кеткіміз келетіні, осы трионың үш мүшесі, нақтыласақ  Асланбек Шайхин, Таңат Жексенбаев, Дәурен Жұмағалиев  қазіргі уақытта Теректі ауданында қызметте. Үш таланттың басы қосылған Теректі топырағында осы трионың дәуірі қайта басталады деп бек сенеміз.

Екі сағатқа созылған «Жұлдыздың» таңғажайып кешін би ұжымы «Мереке» деп аталатын композициямен қорытындылады. Ауданымыздың әнұранына айналған «Теректі толқыны» әнімен сахнаға жиылған «Жұлдыз»  би ансамблін құттықтаушылар көп болды.

www.zhaikpress.kz

Әділет ОРЫНБАСАРОВ

Теректі ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале