20.08.2015, 18:05
Оқылды: 23

Теректіде айтыс өтті дүркіреген!

Aitis Terekti  Ұлттық өнер қарыштаса бар ма арман, халық келді сол үшін де бар маңнан. Теректінің төрі шалқып, сонымен қоса өрісі артып, дүркіреген айтыс өтті, Хандығымның 550 жылдығына арналған.

Облысымыздың бетке ұстар ақындары, ауыздарымен құс тістеген кіл жүйрік  ауданымызға ат басын бұрып, Достық үйін бетке алды. Айтыскерлермен  қоса республикамызға атағы мәлім аға буын ақындар да кеп қалды.  Жайсаң Ақбай,  Ғайсағали Сейтақ, Бауыржан Ғұбайдолла, Шолпан Қыдырниязова, Бауыржан Халиолла сияқты жерімізге келген қонақтарды аудан әкімінің орынбасары Алтай Тоқжанов пен ауданымыздың мақтанышы, ақын Дариға Мұштанова  қолтықтап, аудан көліміндегі бірқатар атқарылған жұмыстар сөз болды. Этномәдени орталықтардың мүшелері Достық үйінің тыныс-тіршілігімен таныстырып, дәмнен ауыз тигізді.

Аудандық мәдениет үйінінің залына  топтасқан ақындар мен әділқазылар алқасын аудан басшысы Жеңіс Серікқалиев  қабылдап, аудан тарихынан сыр шертті.

- Ауданымызға келген барша қонақтарға, аға-апаларымызға қош келдіңіздер айтқым келеді. Бүгінгі кеш есте сақталып, тарих қойнауында мәңгі қалатын мерекеге айналсын. Қазақ хандығының 550 жылдығы еліміздің түкпір-түкпірінде кең көлемде аталып өтілуде. Бұл сол ұлық мерекеге қосқан біздің үлесіміз болғай,-деп сөзін түйіндеді.

Одан соң аталмыш айтыстың жүргізушісі, облысымызға танымал ақын Ерікқали Ахметов айтыскерлерді сахнаға жолдады, халық сілтідей тынып, тыныштық орнады, залда тіпті ине шаншар орын болмады. «Тарихқа тағзым» атты облыстық айтысқа жалпы 5 жұп қатысты, ақындардың дайындығы дей алмаспыз атүсті, әлдерінше алысты, сөзбен шарпысты.

Қорытындысында, айтыстың бас жүлдесі Сырымдық Бауыржан Ширмиденұлына бұйырды. Жеңімпаз халықтың нағыз жүйрігіне айнала білгенін жасырып қайтеміз. Бауыржан сонымен қоса, 100 мыңге көлемінде ақшалай сыйлыққа ие болды. Теректі ауданының намысын жықпаған Эльдар Иқсанов І орын иеленді. Облыстық айтыстың екінші орын жүлдесін  Бөкей Орда ауданының ақыны Талғат Мықи еншілесе, жүлделі ІІІ орын Ақжайықтың жас та болса қаймықпай додаға түскен жүйрігі Бекболат Қаленовтің қанжығасында кетті. Айтыстың жүлдегерлері мен қатысушылардың бәрі ақшалай сый-сияпаттың иегері атанды.

www.zhaikpress.kz

Әділет ОРЫНБАСАРҰЛЫ

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале