19.02.2016, 19:30
Оқылды: 23

Теректіде су тасқыны мәселесі қаралды

????????????????????????????????????

 Теректі ауданында төтенше жағдайлардың алдын алуға 7 512 000 теңге бөлінген. Сонымен қатар кідіртуге болмайтын шығындар сомасы 8 500 000 теңгені құрайды. Бұл туралы төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі аудандық комиссия мүшелерінің басқосуында әкім аппаратының азаматтық қорғаныс және төтенше жағдайлар бойынша бас маманы Бақытжан Исхожин мәлімдеді.


Жиынды аудан әкімінің орынбасары Лауаз Уәлиев басқарды. Ол әр округ әкіміне су тасқынының алдын алу жұмыстарына шұғыл кірісуді, соның ішінде алдағы дүйсенбіден бастап 1 наурызға дейін құбырларды тазалауды тапсырды.

Қазір округ бойынша төтенше жағдайлардың алдын алу бағытында құрылған штаб «Батыров» ШҚ-ның ғимаратына орналастырылып, бос бөлмелерінде су тасқыны  кезінде жұмыс істейтін құралдар жөнделуде. Кезекші топтар мен техникалар тізімін жасадық. Сонымен қатар «Үміт» лингвистикалық гимназиясы мен Теректі колледжінен 100 орындық көшіріп-қондыру орындары әзірленуде. Су жүретін арықтар мен жыраларды тазалау жұмысын өз күшімізбен атқарудамыз. Ауыл арасынан қауіпті деген жерлерден 630 м.куб қар шығарылды,-деді Подстепный ауылдық округінің әкімі Сержан Мадиев.

Аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы Шафхат Ғинаятов шұғыл әрекет ету жасағы құрамының бекітілгенін, аудан бойынша 11 мотопомпа, 8 шағын электростанция, барлығы 11 гидолтехникалық құрылыстар, соның ішінде 10 су қоймасының барын айтты. Сонымен қатар аталмыш бөлім қызметкерлері ақпан айынан бастап тұрғындарға су тасқыны кезіндегі әрекетті оқыту және насихаттау жұмысына білек сыбана кіріскен болатын. Бүгінгі қозғалған мәселе бойынша да газетіміздің әр нөміріне мақалалар жариялады.

Жиылыста әр округ әкімі көкейіндегі мазалап жүрген сұрақтарын қойып, жауап алды. Әкімдер тарапынан кез келген төтенше жағдайға халықтың дайын болуы үшін әр ауылда оқыту жұмыстарының қолға алынуы жөнінде ұсыныс түсті.

www.zhaikpress.kz

Аягөз АЙБАРҚЫЗЫ

Теректі ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале