27.06.2016, 16:03
Оқылды: 16

Теректі ауданының даму жоспары таныстырылды

FB_IMG_1467089837390Теректі ауданында актив жиыны өтіп, онда облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес ауданның 2020 жылға дейінгі даму жоспары таныстырылды.


Аудан әкімі Мұрат Мұқаевтың айтуынша, алдағы уақытта Теректінің экономикасын дамыту үшін өндіріс, ауыл шаруашылығы және кәсіпкерлік салаларына жете мән берілетін болады. Атап айтқанда, Богданов ауылдық округінде сапалық талаптары ЕАЭО-ның техникалық регламентіне сай келетін мұнай өңдеу зауыты салынбақшы. 2016-2018 жылдар аралығында бойкөтеруі тиіс бұл өндіріс орнында керосин, битум, дизель отыны, бензин және т.б. өнімдер шығарылады. Жоба сәтті жүзеге асса 200 жұмыс орны ашылмақшы. Ал Магистральный ауылындағы мұнай өнімдерін сақтау базасы жаңғыртылып, жаңа мұнай өнімдерін шығару жоспарланып отыр. Сондай-ақ осы жерде австрия-германиялық технология негізінде лак және бояу жасау өндірісін қолға алу көзделуде. Бұл өнімдер негізінен кеме өндірісіне бағытталмақшы. Соған орай «УралТэк-НефтеХим» ЖШС мемлекеттік қорғаныс саласынан тапсырыс алмақшы.
Ауыл шаруашылығы бойынша «Сыбаға», «Құлан» және «Алтын асық» бағдарламалары шеңберінде 2017 жылдан 2020 жылға дейінгі уақытта 2430 бас ірі қара, 200 бас жылқы, 3500 бас қой сатып алу жоспарлануда. Осы мемлекеттік бағдарламалар қаржысын тарту жолымен мал шаруашылығы өнімдерін және мал басын көбейтуге мән берілмекші. Қазіргі кезде 9 жоба әзірленуде, соның ішінде мал шаруашылығын дамытуға 8 жоба, өсімдік шаруашылығын дамытуға 1 жоба. 2020 жылы ірі қара мал саны 10,3%, қойлар – 12,5%, ешкі – 11,6%, жылқы – 6,9%, шошқа – 5% және құс – 7,7%-ға өседі деп болжануда. Барбастау-Шалқар, Жайық-Шалқар каналдарын қайта жаңғырту, шахталы құдықтар мен скважина салу жолымен отарлы мал шаруашылығын сумен қамтамасыз етпекші.
Шағын кәсіпкерлік бойынша Шалқар көлі жағалауына туристік аймақ, республикалық маңызы бар жолдар бойында автокемпингтер, Подстепный мен Пойма ауылдарында қоғамдық монша салу, Покатилов аулында сүт өнімдерін шығаратын, Ұзынкөлде пластикалық терезе жасайтын цехтар ашу жоспарда бар.

www.zhaikpress.kz

Сәкен ӘБІЛХАЛЫҚОВ

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале