24.10.2016, 11:35
Оқылды: 18

Теректі төріндегі той

%d1%82%d0%b5%d1%80%d0%b5%d0%ba%d1%82%d1%96%d0%bd%d1%96%d2%a3-%d1%82%d3%a9%d1%80%d1%96%d0%bd%d0%b4%d0%b5%d0%b3%d1%96-%d1%82%d0%be%d0%b9   Осы күнді Теректі ауданының халқы көп  күтті. Бір-бірімен арқа-жарқа боп сөйлесіп, 29 ұлтқа пана болған Теректінің жетістіктері мен алға қойған жоспарларын көзбен көруге асықты. Міне, бар тараптың назарын аударған, ұлы дала төскейін торқалы тоймен әспеттеген аудан күні мерекесі өте жоғары деңгейде өтті.


    Теректідегі тойға ортақтасқалы облысымыздан көптеген сыйлы қонақтар келді. Олардың арасында облыстық ауыл шаруашылығы департаменті басшысының орынбасары Серік Нұрмағамбетов, облыстық мәслихат депутаты, «Тұлпар» шаруа қожалығының жетекшісі Валерий Голоухов бар.

         Алдымен Теректі ауданының әкімі Мұрат Рахметов аудандық әкімдіктің кіші мәжіліс залында ардагерлер мен қонақтарды қабылдап, ауданның қазіргі тынысымен таныстырды.  Одан кейін меймандар сан ұлттың басын біріктіріп отырған іргелі ұжым Достық үйіне аялдап, этно-мәдени орталықтардың өнерлерін тамашалады. Бүгінгі таңда Асыланбек Шайхин басқарып отырған Достық үйінде 6 этно-мәдени орталық орналасқан.

         Ауыл шаруашылығы көрмесіне әкелінген төрт түліктер көпшіліктің назарын аударып, қазақтың ақбас сиырларына тәнті болмағандар кемде-кем. Аталмыш көрме мен ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесіне ауданымыздағы барлық қожалықтар үлес қосты.

         Аудандық мәдени-демалыс орталығы жанынан құрылған «Дат» театры дайындаған қойылымы барлығының назарын  өзіне аудартты. Жаршы кейіпіндегі өнерпаздар даланы жаңғыртып, қиқулаған дауысқа салдыртып, ортаға ақындар мен батырларды алдыртып көрер көзге керемет көрініс жасады.

Театрландырылған қойылымнан соң сөз кезегін аудан басшысы М.Мұқаев алды. Ол барша аудан тұрғындары мен қонақтарын мерекемен құттықтап, ізгі тілегін білдірді.

-Теректі ауданы-талай жайсаңдар мен жампоздарды тудырған қасиетті мекен. Бүгін осы ауданымыздың мерекесін Тәуелсіздіктің 25 жылдығымен орайластырып тойлағалы отырмыз. 1933 жылы құрылған ауданымызда 15 ауылдық округ, 52 елді мекен бар. Халықтың саны 40 мыңға жуық. Әр жылы өз жетістіктеріміз арқылы еліміздің гүлденуіне үлес қосып келеміз. Мысалы, биылғы жылы ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 7 млрд 15 миллион 100 мың теңгені құрады. Егіннің көлемі 111 мың 343 га жетті. Аудан бойынша 3647 асыл тұқымды мал өсіріледі. Оның 3057-сі етті, 590-ы сүтті бағытта. Басқа салаларда да жетістіктеріміз жетерлік. Бүгінгі таңда аудан орталығындағы Бейбітшілік көшесінің жолы жөндеуден өтуде. Сонымен бірге, Жайық-Покатилов ауылдары арасындағы жолды ретке келтіру де ойда бар. Бұл жұмыстардың барлығын халық қолдап, құп көріп отыр. Осы жетістіктердің барлығы Тәуелсіздіктің арқасы, Елбасымыздың көреген саясатының жемісі деп білеміз,-деді  Мұрат Рахметұлы өз сөзінде. Халыққа ақ тілектерін білдіргендердің қатарында әртүрлі жылдары ауданның басшылық қызметтерін абыроймен атқарған А.Попов пен В.Савченко болды.

Жұртшылықтың ерекше ықыласына бөленген лоторея ойындары бойынша жеңімпаздар анықталды. Аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығы қолға алған бұл сында ұялы телефондар және тұрмысқа қажетті техникалар ойнатылды.

Мерекеге жиналған қыздар  алтыбақан теуіп мәз-мәйрам болса, жүректі жігіттер «Бөренеге өрмелеу» сынына қатысып, өз күштерін байқап жатты. Айта кетерлігі, аталмыш спорттың түрі «Теңге ілу» секілді ұлттық спортымыздың бүгінгі үлгісі іспетті.

Теректінің төріндегі ұлы тойдың нүктесін аудан өнерпаздарының концерттік бағдарламасы әдемі қоя білді. Патриоттық әндерді әуелеткен Таңат Жексенбаев, Қайрат Сагидуллин, Айбек Дәулетқалиев, Виктория Шаяхметова, Гүлназ Құсайновалардың дауысы ашық аспанда қалықтап, Тәуелсіздігіміздің тәтті дәмін тағы бір мәрте сезіндіргендей еді.

 

Әділет ОРЫНБАСАРОВ

www.zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале