18.06.2015, 18:35
Оқылды: 38

Туған жерім – алтын бесігім!

Zelenov auilim altin besigim  Осы аптада «ҚАЗИИТУ» ғылым-білім кешенінің ұжымы Переметный ауылдық округі Усихино елді мекенінде болып, жұртшылық назарына көңілді кеш ұсынды.

Өткен жылы ғана елді мекен есебінен аты сызылып, жабылып қалған Усихинда қандай кеш? - деп ойлап отырған боларсыз. Бес үйі бар Усихин ауылында тіршілік оты әлі де сөнген жоқ. Қайта шаруа ұстаған жігіттердің арқасында дала төсі малға толып, ауыл шаруашылық өнімі өндірілуде. Өзге шағын ауылдарымыз осы Усихинның кебін киіп, тұрғындары үдере көшпей, ағайын алтын бесігін аялай білсін деген ойдан туса керек. Кештің «Туған жерім – алтын бесігім» аталуы да сондықтан болса керек-ті.

Ауыл шаруашылық техникалары қаз қатар тізіліп, шатыр тігіліп, сахна құрылып, айнала жылқы иіріліп, қасиетті қазан көтеріліп, бала-шаға абыр-сабыр жүгірісіп әп-сәтте ауыл іші думанға толды да кетті. Көп кешікпей сахна төріне «ҚАЗИИТУ» ғылым-білім кешенінің құрылтайшысы, облыстық мәслихат депутаты, техника ғылымдарының кандидаты, академик, профессор Ақсерік Әйтімов көтерілді.

–Бүгінгі мақсатымыз өркендеудің ауылдан, бақыттың еңбектен басталатынын жастарымызға ұғындыру еді – деген ел ағасы аталмыш ауылда егін салып, мал бағып, ауыл шаруашылық өнімін ұсынып отырған «Берекетов» шаруа қожалығына аутокөлік сыйға тартты.

Ғылым-білім кешені өнерпаздарының тамаша концертіне ұласқан кеште аудан әкімінің орынбасары Асылұлан Досжанов пен аудандық мәслихат хатшысы Рамазан Исмағұлов сөз алып, шараның маңыздылығын атап өтті. Туған жерін сүйер азамат сіздей болсын! - деген Асылұлан Тұрсынұлы аудан әкімі атынан алғыс хат табыс етті.

www.zhaikpress.kz

Н.Тоғызбайұлы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале