19.03.2015, 12:12
Оқылды: 65

Тыныштық іздеген ақын

6512c480e4c2aa69583e3d3c303e4d81


Әдебиеттің біраз жанрында жылдар бойы жемісті еңбек етіп, соңында баға жетпес мол мұра қалдырған ақын Қадыр Мырза Әліден бұл сұхбатты мен 2002 жылдың қоңыр күзінде алған едім. “Ер туған жеріне” демекші, бұл абыз ақынның туған өлкесіне көшіп келген жылы еді. Оралдан Алматыға 1953 жылдың шілдесінде оқу іздеген бала ретінде аттанып, араға аттай жарты ғасыр салып туған жеріне берісі байтақ ел, әрісі айдай әлем таныған дана болып оралған алты Алаштың абыз ақыны Қадыр Мырза Әлімен болған үшбу сұхбатты шайырдың биылғы 80 жылдық мерейтойына орай «Орал өңірі» газеті оқырмандарының назарына тұңғыш рет ұсынып отырмын.


– Мәселені қабырғасынан қойып, әңгімені төтесінен бастасақ, аға. Алматыдан кету, Оралға көшу оңайға түспеген шығар?

– Бұл шешімді лезде қабылдадым деп айта алмаймын. Бірақ аса бір көп ойланып, қинала да қойған жоқпын. Адамның өмір бойы жетсем дейтін бір мұраты болады ғой. Ал менің өмір бойы іздегенім – тыныштық. Соған енді жеттім бе деп ойласам, мұнда да тыныштықтың төбесі қол созым жерде емес екен. Осы Оралға келген алғашқы аптада көп ешкімге көрінбей, біраз шаруаның басын қайырып үлгердім. Мәселен, Ғабдолла Тоқайдың бір баспа табақ өлеңін аудардым.

Жалпы, елге келгеніме өкінбеймін. Жаным іздеген жазуға, жұмыс істеуге бірінші кезекте керек тыныштықты бәрібір ұйымдастырамын ғой деген ойдамын. Туған жеріне адам үгітпен емес, жан-жүрегінің қалауымен келеді ғой. Дегенмен Қырымбек ініме рақмет, маған тұрмысқа, жұмысқа қажетті қолайлы жағдайдың бәрін жасап бағуда.

“Жазмыштың” бір тарауы түгелдей ақын-жазушылардың баспанаға қатысты тағдырына арналған. Сонда бәрінің арманы – бір жерге барып табан тіреу, паналау. Әрі жүріп, бері жүріп Лев Толстой өзінің Ясная Полянасына қайтты. Стивенсон деген ағылшынның үлкен жазушысы өзінің бүкіл Англиясы мен Шотландиясынан жер таппағандай, Тынық мұхиттағы белгісіз бір аралға барып тұрып, өмір бойы сонда жұмыс жасап, сонда қайтыс болған. Американың Торо деген ақыны орманның ішінен үй салдырып алып тұрған. Кейін “Ормандағы өмір” деген тамаша кітап жазды. Мұндай мысалдар көп-ақ...

– Қадыр аға, туған өлкеңізден қаршадай бала кезіңізде кетіп, пайғамбар жасынан асқанда оралдыңыз. “Елу жылда ел жаңа” деген, осы жарты ғасырға жуық уақытта не таптық, не жоғалттық?

– Бұл сұрағыңның өзі үлкен бір сұхбаттың тақырыбы ғой. Кеңес Одағының құрығаны жөнінде мен көбіне-көп екіұдай сезімге бөленемін. Өйткені Кеңес Одағының зияны да көлдей, бергені де көл-көсір болды. Мысалы, мен кедейдің баласымын, яки шыққан тегім жарлы. Кеңес өкіметі мені оқытты, тоқытты. Яғни мен өзімдегі барлық өнер-білімді Совет өкіметінің арқасында алдым. Енді біз тұрмысы төмен жанұядан шыққан жас ұландарға әлгіндей жағдай жасай аламыз ба? Бұл − көкейкесті мәселе... Сөйте тұра, Кеңес Одағы ыдырағанда мен қаламгер ретінде қуандым. Өйткені ақын-жазушы атаулының түбегейлі бір арманы бар ғой, не айтсам, сол күйінде қабылданса, сол күйінде жарияланса деген. Біздің түбімізге цензура жетті. Бұл, шынында да, қаламгер үшін ең азапты нәрсе.

Овечкин деген жазушы-журналист кезінде ең проблемалық мәселелерді көтеріп, жұрттың көңілінен шықты. Солай жазғандығынан да оның соңынан көп түсті. Цензурадан әбден запы болған ол бір күні қатты ашынғанда кәдімгі аңшы мылтығын шекесіне тіреп қойып, өзін-өзі атқан. Бірақ басының бір жағынан кіріп, екінші жағынан шыққан оқ миына тимей, аман қалған. Қаламгерді енді мұндай жағдайға, өзін-өзі атуға дейін жеткізу деген сұмдық емес пе?..

– Алла қосса, келесі жылы “Ауылды түлету кезеңі” басталмақ. Ауыл – қазақтың алтын тамыры. Күретамырымыз суалмауы үшін не істеп, не қою керек деп ойлайсыз?

– Мейлі, ол ауыл шаруашылығының маманы болсын-болмасын, бірақ “Мен қазақпын” деген адам ауылдың тағдырына бейжай қарай алмайды. Қазақтың маңдайына біткен тұлғалар түгелдей дерлік ауылдан шыққан. Міне, осы жәйттің өзі-ақ бізге ауылға үлкен құрметпен, оның тағдырына аялы көзбен қарауды талап етеді.

Мен 9 жылдай Парламент депутаты болдым. Депутат болуымның алғашқы кезеңі Кеңес Одағының соңғы жылдарымен тұспа-тұс келді. Ал екінші рет тәуелсіздіктің таңсәрі жылдарында депутаттық мандатқа ие болдым. Мұны айтып отырған себебім, ауыл тағдыры Парламентте Кеңес Одағының “жаны шықпай” тұрғанда-ақ көтерілді. Обалдары не керек, сол кездері депутаттық мандаты бар кеңшар-ұжымшар басшылары, бас мамандар ауыл-аймақтың, ауыл шаруашылығының тағдыры күн санап қиындап бара жатқандығын жиі-жиі күн тәртібіне қойып, ашына айтумен болды. Бірақ олардың көтерген бірде-бір мәселесі өтпеді. Ауылдың мәселесіне кейін ораламыз деп жүріп, біз осыншама уақыт өткізіп алдық.

Бізде мынадай жағдай көп орын алды. Мысалы, бір отар қойды жекешелендіріп алған адам жаңағы малды 1 жылда тауысты. Сатты, сойды, машина алды, коттедж салды деген сияқты.

Жалпы, мен жекешелендіруге қарсы емеспін. Мәселен, былай істегенде қалай болатын еді? Міне, 1 мың қойды алыңыз. Бір жылдан соң жаңағы мың қойдың үстіне жамалған малды қалай, қайда жұмсасаңыз да өз еркіңіз. Бірақ бастапқы мың қойдың мөлшерін үнемі сақтауға тиіссіз. Алайда бізде бір кездегі қоғамдық малды иемденгендердің 90 пайызы машина алды, коттедж салды. Ақыры айналып келгенде, бүкіл ел күні кешегі мыңғырған малдың орнын сипап қалды.

АҚШ-та ауыл шаруашылығына әуелден қаржылай көмек беріледі. Әйтпесе, ауыл шаруашылығының өмір сүре алмайтынына олардың көзі әбден жеткен. Біз де осы қағиданы мықтап ескеруге тиіспіз.

Жалпы, мал шаруашылығы – қазақы өмірдің өзегі. Бұрындары мал өнімдері қазаққа тамақ та, киім де, тіпті баспана да болды. Ең аяғы қамшыға дейін мал өнімдерінен жасалды. Төрт түлік мал қазақ үшін осы мән-маңызын әлі жойған жоқ. Жалпы, ұлттың ата-кәсібінен ажырауының соңы ауыр жағдайларға соқтыруы ықтимал. Мәселен, малдан айырса, қазақтың күні қараң болатынын Совет өкіметі жақсы білген. Совет өкіметі деген – әншейін шартты атау ғой, ал оның арғы жағында алып империялық саясат жатыр.

Қазіргі Америка құрама штаттары тұрған жерде бір замандарда жер қайысқан бизондар өріп жүрген екен. Сол жерді мекендеген үндістердің (индеец) өмірі тура қазақтың өміріне келеді. Мысалы, бір бизонды сояды, сол бизон бір ауылға бір апта азық болады. Сол бизонның терісін илейді, одан керемет шошала жасайды, киім тігеді, қамшы жасайды. Яғни айтқанда, керегінің бәрі бір малдың бойынан табылады.

Күндердің күнінде Америка құрлығын жаулап алу, жаппай отарлау саясаты басталды. Ағылшындар, ирландықтар, немістер, француздар, португалдар және тағы басқалар ешкімге зиян-залалы жоқ, өз жерінде өз бетімен күн көріп жатқан үндістерге қарсы әділетсіз майдан, аяусыз соғыс ашты. Обалы не керек, үндістер берілмей, жанын салып, ұзақ соғысқан.

Француздардың бір басқыншы генералы барған жерінде ауыз әдебиетінің үлгілерін жинапты. Сөйтіп, әлгі генерал фольклор жинап жүргенде, бір аңызға тап болады. Ол аңызда “Жер бетінде бизондар бар кезде біздің үндістер мәңгі бақи болады” деген жолдар бар екен. Әлгі генералдың сұмын көрдің бе, жаңағы жазуды оқып алып, бүкіл солдатын жинап, “Бүгіннен бастап үндіс (адам) атуды тоқтатыңдар! Енді бүкіл оқты бизон атуға жұмсаңдар!” деп бұйрық беріпті. Содан мүлдем басқа құрлықтан келген басқыншылар бизон атаулыны баудай түсіріпті. Нәтижесінде Америкада бас-аяғы екі жылда сұмдық аштық болып, үндістер қынадай қырылған екен. Малды құрту арқылы қазақты құртуды көздеген Голощекиннің саясаты осы тарихи мысалмен астарлас. Патшалық Ресей империясының ең залым-зымияндығы сол, ол дүниежүзілік отаршылық саясаттың тарихына жіті мән беріп, өздеріне тиімді әдіс-тәсілді түгел қолданған...

Сайып келгенде, ауылдың жағдайының түзелуі қоғамның барлық саласына шуағын түсіріп, шапағатын тигізетін болады. Осы мәселеге әдеби тұрғыдан келейік. Ауыл есін жиса, рухани өмір ырғақты қалыпқа, жүйелі арнаға түсіп, оқырман көбейеді. Оқырман көбейсе, кітап саудасы жанданады. Ал ақын-жазушыға, қаламгер біткенге керегі осы емес пе?!

– Қадыр аға, қазір балалар әдебиеті жетім қалып, өгей баланың күнін кешуде. Мұны да уақытша құбылыс дейік. Бірақ тұтас бір ұрпақ, бір толқын әдебиетпен ауызданбай, әдеби уызға  жарымай  қалатын  болды  ғой...

- Иә, уақытша құбылыс деп өзімізді-өзіміз жұбатуға тура келеді ғой. Балалар әдебиеті, әрине, біржола тоқтап қалмас.

Өз басым балаларға өмір бойы үзбей жазып келемін. Кезінде “Күміс қоңырау” 40 мың таралыммен шығып, лезде тарап кеткені есімде. 15 томдығымның балаларға арналған екінші томы “Алтын омырау” деп аталады. Бұлай атаған себебім, бір жағынан, “Күміс қоңырауға” ұқсас. Екінші жағынан, “Батыр ана” деген ұғым-түсінік бар ғой, сол сияқты “Алтын омырау” деген баланың арғы жағында ана тұр деген идеяны меңзейді. Өз басым балаларға арнап жаза бермекпін. Балалар әдебиетінің өзге өкілдері де балғын оқырмандарын ұмыта қоймас. Бірақ балалар әдебиетіне де жаңағы ауыл шаруашылығына көмектескен сияқты ресми биліктің аялы көзқарасы керек.

Бұл салада да қателік жібердік. Мысалы, Алматыдағы ірі-ірі баспалардың берекесін алып болдық. Бір кездері 300 адам жасаған баспада қазір 6-7 адам ғана қызмет істейді. Мысалға, “Жазушы”, “Қайнар” сықылды баспалардың бүгінгі тағдырын тілге тиек етуге болады. Ең болмаса, бір баспаны ықшамдап болса да, балалар әдебиетіне лайықтап ұстап-ақ қалу керек еді.

Біздің шенеуніктердің басым көпшілігінде әлі де болса әріден ойлау жетіспейді. Олардың көпшілігі кабинетте отырып-ақ, мәселені шолақ ойлап, шорт кесе салады. Ал балалар әдебиеті де ауыл-аймақ секілді біздің алтын тамырымыз.

Кезінде көп нәрсені алдын ала айттық қой. Бірақ естір құлақ, сүзгіден өткізер сана болмады. Өкіметтің тізгінін ұстағандар зиялы қауымның өкпе-назына: “Біз рухани саладағы дағдарысты көріп-біліп отырмыз. Әуелі елдің шаруасын, экономиканы түзеп алайық” деп жүрдім-бардым қарады. Ал экономика бірер жылда оңалып кете қоя ма?.. Енді өзің ой жүгіртіп көрші, кеңестік (советтік) Қазақстанда опера театры қашан ашылды? Ұлттық кітапхана қашан ашылды? Ғылым академиясы қашан ашылды, филармония қашан ашылды? Осының бәрі аштық пен соғыс жылдары ашылды. Яғни рухани үзіліс болған жоқ. Керісінше, рухани тұрғыдан үздіксіз жетілудің, дамудың үстінде болдық.

Егер экономиканың түбегейлі түзелгенін күтетін болсақ, бір емес, тіпті екі буын марқұм болып кетуі ықтимал. Шынымен өлген адамды көміп құтыласың ғой. Ал енді рухани өлген адам жаман. Ол сол тірі өлік қалпында жүріп, қоғамыңа, қазағыңа, ұлттық мүддеңе қарсы болады және бір таңғаларлығы – ондайлар өлермен келеді...

– Жақсы білетін кісілер сізді құмырсқадай жанкешті еңбекқор, өте бейнетқор деседі. Жазудың құла бейнет екенін еміс-еміс біз де білеміз. Өндіртіп жазған бір кісі болса, сіздей-ақ болар. Жақында 15 томдығыңыз шықты. Шаршаған жоқсыз ба?..

– Акуланың бір түрі уылдырықтан көбеймей, шабағын тірілей туады екен. Әлгі шабақ анасының құрсағынан шыққан бойда жүзеді екен, содан өле-өлгенше жүзеді деседі. Жаратылысынан салмағы ауыр акуланың осы түрі егер бір сәт қанатын қақпаса, теңіздің түбіне батып кететін көрінеді.

Өзім мәңгілік қозғалыс үшін, жұмыспен бірге жаратылған адам сияқтымын. Сірә, енді өзгермеспін, осы күйі кететін шығармын... (осыны айтып Қадекең кеңк-кеңк күліп алды).


 Сұхбаттасқан

Бауыржан ҒҰБАЙДУЛЛИН

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале