8.06.2016, 19:47
Оқылды: 23

Тіл білгеннің пайдасы

Karatobe Asiat   Қаратөбе мектеп-гимназиясының биылғы түлегі, «Алтын белгі» иегері Асият Хасинова 4 маусым күні ата-анасымен Орал қаласына жол жүріп бара жатып, жолшыбай Сырым ауданы орталығындағы шыға берістегі дәмханаға соғады.

    Асияттың көзі дүкеншімен шет тілін білмеуі себепті өзара түсінісе алмай жатқан екі шетелдік азаматқа түседі. Жалма-жан барып, екеуара тілмаштық қызметке кіріседі.

   Бақса, шетелдік азаматтар Германия мемлекетінен Қазақстанның Шымкент қаласына саяхаттауға шыққан велошабандоздар екен.

     Асият ағылшын тілінде сайрай жөнеліп, саяхатшыларға қажетті тауарларды алып беруге жәрдемдеседі. Аз-кем әңгіме-дүкен құрысады.

      Әкесі екеуі тысқа дейін заттарын көтерісіп, көмек те жасайды.


    Бір таңқаларлығы – дәмханадан алынған тауарлардың ішінде Қаратөбеден шыққан әйгілі Тышқантайдың «ДЕМ» минералды суының болуы.

    Асият ағылшын тілінде: «Бұл мен мекен ететін Қаратөбе өлкесінің суы. Бұл емге шипа, әлемдегі ең таза ауыз суы» деп мақтаныпты.

   Шетелдік қос шабандоз жолға аттанарда Хасиновтар отбасымен қимай қоштасып, Асиятқа рақметін жаудырып, жас түлекке ақ жол тілепті.

   «Жеті жұрттың тілін біл» демекші, қазақ, орыс, ағылшын, шешен тілінде еркін сөйлейтін шешен ұлтының өкілі, қаратөбелік жас түлек Асияттың ізеттілігі, көп тілді меңгеруі көпке үлгі болса керек-ті.

 www.zhaikpress.kz

Ертай БИМҰХАНОВ

Қаратөбе ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале