2.11.2015, 18:19
Оқылды: 38

Тіл жанашырлары анықталды

Til janashiriОрал қаласындағы Жастар мәдениет үйінде Орал қаласы әкімдігінің қолдауымен қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің ұйымдастыруымен қалалық «Тіл – татулық тірегі» атты тіл айлығының жабылуы мен Тіл жанашырларын марапаттау рәсімі өтті.
Тіл айлығы шеңберінде көптеген іс-шаралар өткізілген еді. Солардың бірі Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығына орай, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, мемлекеттік сыйлықтың иегері Ж.Молдағалиевтің 95 жылдығына арналған өзге ұлт өкілдері арасындағы «Жұбан оқулары» байқауы, «Қазақша жарнама» акциясы, «Қазақ тілін үздіксіз білім беру моделі арқылы оқыту» семинары, С.Сейфулиннің шығармаларын насихаттауға арналған дәстүрлі «Сәкен оқулары» байқауы өз мәресіне жетті.
Салтанатты шарада қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Сайран Дүйсентегі тіл жанашырларын айтулы күнмен құттықтап, облысымыздағы тіл саясатының жүргізілуіне атсалысып, ана тілі мәртебесін биіктетуге үлес қосып жүрген бірқатар танымал тұлғаларымызды Орал қаласы әкімдігі тарапынан арнайы марапаттады.
Олардың ішінде Халықаралық "Қазақ тілі" қоғамының облыстық филиалының төрағасы Б.Жексенғалиев, Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Ш.Қыдырниязова, ақын, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Д. Мұштанова, филология ғылымдарының кандидаты, профессор С. Шарабасов, ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Ғ. Сейтақ, ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі М.Шүйіншалиева, Орал қалалық мәслихатының депутаты М.Берген, қалалық «Қазақ тілі қоғамының» төрағасы, филология ғылымдарының докторы М.Сабыр және облыстық «Қазақ тілі қоғамының» төрағасы, филология ғылымдарының кандидаты А.Абдульмановтар марапатқа ие болды.
Сондай-ақ, өзге де Тіл жанашырлары арнайы алғысхаттармен марапатталды. Шара соңында мәдениет үйінің жас әртістері, №15 «Ақ бота» балабақшасының бүлдіршіндері, №3 балалар саз мектебінің, қаламыздағы балалар аула клубтарының жас өнерпаздары өнер көрсетті.

www.zhaikpress.kz

Ләззат ШАҒАТАЙ

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале