1.06.2016, 10:55
Оқылды: 30

Түкпірдегі ауылдағы наубайхана

Karatobe pekarni    Саралжын ауылдық округіндегі Қарақамыс ауылында нан өнімдері өндірісі ұйымдастырылған. «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ-ның аймақтық филиалы «Бизнестің жол картасы - 2020»  бизнесті қолдау мен дамытудың бірыңғай бағдарламасы шеңберінде мемлекеттік қолдау-көмек көрсетілген кәсіпорындар қызметтерімен  таныстыру бағытында өткізген пресс-тур барысында наубайхана жұмысымен таныстық.


    Бұған дейін ауылдық округтегі сауда орындары нанды қаладан тасымалдайтын. Көктемде қар суы еріп, өзен тасыған  кезде өнімдерді жеткізу қиынға соғатын. Ондай өліара шаққа тұрғындар алдын ала қамданып, азық-түлік қорын жасақтай бастайтын. Алайда нанды көп сатып алып, жинап қоя алмайсың. Жергілікті кәсіпкер Қасым Серікқалиев бұл түйткілді шешуді өз мойнына алды. 25 жастағы жас жігіт «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының облыстық филиалы мамандарының кеңесімен  «Ақеділ» жеке кәсіпкерлігін құрды. Содан кейін «Ресейдің жинақ банкінің» Оралдағы филиалынан 8 млн. теңге несие алды және оны мемлекет тарапынан субсидиялауға қол жеткізді.

    – Мемлекет қолдауымен алған несиеме жер телімін, «ГАЗель» көлігін, Қытайдан қажетті жабдықты сатып алдым. Құрылыс нысанын жөндеп, қайта салдым. Қазір несиемнің 4%ын өзім, ал 10%-ын мемлекет өтеуде. Астықты Оралдан тасымалдаймын. Жол нашарлау, бірақ халыққа қызмет көрсеткенімізге қуаныштымыз. Несиені бес жылға алғанмын, оны өтеуде қиналып отырғаным жоқ,  – деді жас кәсіпкер.

    Наубайхана өткен жылдың желтоқсан айында ашылды. Әзірге мұнда үш адам жұмыс істейді. Отбасылық бизнеске ата-анасы Болат пен Гүлжан, зайыбы Анаргүл де үлес қосады. Қысқы маусымда қазандық операторлығына жергілікті тұрғындар жұмысқа тартылады. Наубайханада күніне 100 бөлкеге дейін пісіріледі. Сонымен қатар тәтті нандар (пирогтар) да дайындалады. Барлық өнім тек ауылдық округ аумағында өткізілуде. Жаз шыға той-томалақ көбейіп, өнім түрлеріне сұраныс өседі. Соған орай өнім өндіру көлемі де ұлғаяды. Кәсіпкер мектепті, жазғы лагерьлерді өніммен қамту жөнінде келісімшарт жасауға ынталы. Алдағы уақытта көршілес ауылдарды да нанмен және нан өнімдерімен қамту жоспарында бар.

www.zhaikpress.kz

Гүлбаршын  ӘЖІГЕРЕЕВА

«Орал  өңірі»

Қаратөбе  ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале