25.05.2016, 19:54
Оқылды: 38

Түлектер арманы көкке самғады

Karatobe gimnazia    25 мамыр – мектеп, ұстаздар мен оқушылар үшін маңызды күн.

  Жылдағы дәстүрге сай Қаратөбе мектеп-гимназиясында «Соңғы қоңырау» салтанатына арналған шара оздырылды.


   Айтулы шарада сөз сөйлеген Батыс Қазақстан облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Айгүл Есекенова мектептегі «Соңғы қоңырау»  салтанатына орай  Батыс Қазақстан облысы әкімі Алтай Көлгіновтің атынан құттықтауын жеткізіп, жауапкершілігі мол ұстаздар еңбегіне шығармашылық табыс, мектеп түлектеріне сәтті қадам тіледі.

   Қаратөбе мектеп-гимназиясынан тарыдай болып кіріп, таудай болып шыққан 27 түлек алтын ұя мектебімен қоштасты. Мектеп ауласынан арманға толы 27 шар көкке самғады.

   Мектеп директоры Берікжан Ғарапшиевтің айтуынша, мектеп түлектерінің үшеуі «Алтын белгіге», төртеуі «Ерекше аттестатқа» үміткер.

   Ата-аналар атынан сөз сөйлеген «Алтын белгіге» үміткер, мектеп түлегі Асият Хасинованың әкесі Омар Хасинов мектеп ұстаздарының баға жетпес  айрықша еңбектеріне алғыс айтып, үлкен өмірге жолдама алғалы отырған жас түлектерге сәтті қадам тіледі.

   Мектеп бойынша «Жыл мұғалімі – 2016» аталымымен заман талабына сай жетістіктерге қол жеткізген география пәнінің мүғалімі Жасұлан Рамазанов, мектептегі ең үздік оқушы, «Алтын белгіге» үміткер, мектеп түлегі Ақнұр Беркінова «Жыл оқушысы – 2016», мектеппен тығыз қарым-қатынаста жұмыс жүргізуге ат салысқан ата-ана «Жыл ата-анасы – 2016» аталымымен Мұханбетжановтар отбасы марапатталды.

   Жан-жақты жетістіктерімен көрінген мектеп үздіктері сап түзеген «Жұлдыздар аллеясы» ерекше көрініс тапты.

    Соңғы қоңырау соғу рәсімін 11-сынып оқушысы Махмуд Аманшин мен 1-сынып оқушысы, оқу озаты Гүлназ Мұрадымқызы жүргізді.

   Салтанатты шараға аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Абат Көбенов, аудандық білім беру бөлімі басшысының міндетін уақытша атқарушы Есенгүл Рабаева және мектептің ардагер ұстаздары, ата-аналар қатысты.

www.zhaikpress.kz

Ерболат РАЙСОВ

Қаратөбе ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале