13.04.2016, 18:47
Оқылды: 32

«Түркі жұртының Тоқайы»

Tyrki jyrtinin Tokayi       Сәрсенбіде Оралдағы Ғабдолла Тоқай мұражайында «Түркі жұртының Тоқайы» атты кеш өтті. Бұл шараны«Ұрпақ+» мәдени-білім беру жобасы аясында  татар жұртының халық ақыны Ғабдолла Тоқайдың 130 жылдық мерейтойына орай Орал қалалық білім беру бөлімінің мектептен тыс жұмыс орталығы  ұйымдастырды.  Жылышырайлы басқосуға зиялы қауым өкілдері, Ж.Досмұхамедов атындағы педколледждің студенттері, қала мектептерінің оқушылары қатысты.


     Орыстар Пушкинді, қазақтар Абайды, өзбектер Науаиді, қырғыздар Тоқтағұлды, түркімендер Мақтымқұлұлыны ерекше бағалап, ұлықтайды. Ал татар халқы ХХ ғасырдың басында өмір сүрген, өз шығармаларымен татар әдебиетіне үлкен өзгеріс әкелген, бүкіл түркі жұртының демократ ақын-жазушыларына зор әсер еткен Ғабдолла Тоқайды ұлттық мақтанышы санайды. МТЖО-ның «Жас тілші», «Сөз зергері» үйірмелерінің мүшелері, №22 мектептің оқушысы Ернұр Валиулиев, №36 мектептің оқушысы Аружан Сакиева ақын өмірі мен шығармашылығы жайында баян етті. Сондай-ақ Мөлдір Ниетқали (№36 мектеп), Ризангүл Амангелдина, Гүлбағым Қасымовалар (№40 мектеп) ақынның ілім-білімге шақырған, тоқшылық пен жоқшылық, адамгершілік тақырыбындағы өлеңдерін жүрекке жеткізе оқыды. «Гүлдер» вокал тобының тәрбиеленушісі Карина Құспанованың татар тілінде шырқаған әні де көпшіліктің құлақ құрышын қандырғандай болды.

     Танымал ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Айтқали Нәріков жиналған қауымға қамшының қысқа сабындай ғұмырында өмірден өгейлік көрсе де, өз халқына өгей бала еместігін ісімен де, сөзімен де дәлеледеген Ғабдолла  хақында ақын замандастарының жазып қалдырған естеліктерін еске түсірді. Кешке қонақ ретінде шақырылған көпбалалы, көпұлтты «Ару аналар» қоғамдық бірлестігінің мүшелері татар және қазақ халықтарының әндерін әуелетті. Басқосудың соңында мұражай қызметкерлері экспонаттармен таныстырып, ақын мерейтойына орай өткізілетін маңызды шаралар жайында баян етті.

 www.zhaikpress.kz

Гүлнар ШӘҢГЕРЕЙ

Орал қаласы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале