28.10.2016, 12:25
Оқылды: 50

«Тұлғасы өр, еңбегі көл Ақбаян...»

%d0%b1%d0%b0%d1%8f%d0%bd-%d0%ba%d0%b0%d0%b1%d0%b8%d0%b5%d0%b2%d0%b0Орал қаласындағы Қадыр Мырза Әлі орталығында облыстық мәдениет және өнер орталығының ұйымдастыруымен Қазақстан Республикасы  Халық ағарту ісінің үздігі, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, Казталов ауданының құрметті азаматы, халықаралық, республикалық байқаулардың лауреаты, сазгер, әнші-термеші Баян Қабиеваның «Тұлғасы өр, еңбегі көл Ақбаян...» атты шығармашылық кеші өтті.


Жалпақталдың тумасы, дара талант Баян Қабиеваның өнерге сіңірген еңбегі көп екені белгілі. Әйгілі Ғарифолладан тәлім алып, үйренгенін кейінгіге үлгі қылудан шаршаған емес. Баян ханымның жүрегінен шыққан әндер кештің шырайы болды. Өңірімізге танымал әншілер тамаша туындыларды шабыттана орындады. Казталовтан арнайы келген, өзі жетекшілік ететін «Шапағат» әжелер ансамблі, «Халықтық жанұялық ансамблі» Баянның баянының сүйемелдеуімен тамаша әндерді орындап, сахнаның сәніне айналды.

%d0%b1%d0%b0%d1%8f%d0%bd-%d0%ba%d0%b0%d0%b1%d0%b8%d0%b5%d0%b2%d0%b0-3Әсіресе, бұл кештің ажарына айналған Баян Құбайқызының өзі тәрбиелеген шәкірттері еді. Өнерлі бүлдіршіндерден құралған «Қыз Жібек» балалар термешілер ансамблі жиылған жұрттың жүрегінен жол таба білді. Үш бірдей өнер ұжымын құрып, "шашауын шығармай", ел алдына шығарып жүрген жанның ерен еңбегі қандай құрметке де лайық.
Өнер иесінің тілеулестері, достары көп екеніне куә болдық бұл кеште. Алашқа аты мәлім ақын Д.Мұштанова ақ тілектерін арнап, өнердің Баянының мойнына тұмар тақты.
Әнші-сазгерді облыстық халық шығармашылығы орталығы, Жалпақтал өнер мектебі ұжымы құттықтады.

%d0%ba%d1%8b%d1%80%d0%b0%d0%bdКазталов ауданы әкімінің орынбасары З.Мәжитова жерлестері атынан алғыс хат табыстап, қырандай қалықтаған шәкірттерді тәрбиелеп жүрген Баян Құбайқызына қыранның мүсінін тарту етті. Мұның өзі Баян апамыздың шабытына шабыт қосқандай болды.
Баян Қабиева – өнері бір төбе, ұстаздығы бір төбе елдің сыйлы адамы. Осы қасиеттерінен бұрын ардақты Ана екенін ел-жұрт біледі.
Кешке тосын сый жасап, жан-жақтан келген ұл-қыздары аналарын құттықтады.
%d0%b1%d0%b0%d1%8f%d0%bd-%d0%ba%d0%b0%d0%b1%d0%b8%d0%b5%d0%b2%d0%b0-5– Анамызды қуантайық деп алдын-ала хабарламай жиналдық, -дейді қызы, танымал айтыскер ақын Жібек Болтанова. – Бес бірдей перзентті бағып-қағып өсіріп, өнерін де өлтірмеген осындай жанға өмір бойы басымызды иіп өтеміз, игі ісінен әлі де үлгі алып келеміз. Бүгінгі кешті «Ананы ұлықтау кеші» десе де артық болмас еді, - деп тебіренді айтыскер ақын.
Шырайлы шара дәстүрлі ән өнері майталмандарының экран арқылы құттықтауынан кейін автордың "Бақытты жан екенмін" әнімен аяқталды.

www.zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале