19.03.2015, 12:44
Оқылды: 20

«Тұрмыс» шарасы 68 ҚҰҚЫҚБҰЗУШЫЛЫҚТЫ АНЫҚТАДЫ

img_9320


Бұл туралы облыстық ішкі істер департаментінде журналистермен өткен брифингте мәлім болды.


Облыстық ішкі істер дапертаменті әкімшілік полициясы басқармасының басшысы, полиция подполковнигі Мүслім Жәрдемовтің айтуынша, наурыздың 2-6 күндері аралығында елімізде «Тұрмыс» жедел алдын алу шарасы өткен.

Бұл шара отбасылық тұрмыстық жағдайдағы құқықбұзушылықтардың алдын алу, тұрмыстық жағдайда құқықбұзушылыққа бейімі бар тұлғаларды анықтап, профилактикалық есепке қою мақсатында  ұйымдастырылған. Шара барысында отбасы тұрмыстық қарым-қатынас жағдайындағы 16 қылмыс, соның ішінде денсаулыққа қасақана жеңіл жарақат салу бойынша 7, соққыға жығу бойынша бір, ата-аналардың кәмелетке  толмағандарды тәрбиелеу міндетін атқармауына қатысты 8 факті анықталыпты.  Шара шеңберінде ауыр қылмыстық оқиғалар тіркелмеген, ішкі істер органдарында есепте тұрған 5 мыңнан астам тұлға тұрғылықты жерлері бойынша тексерілген. 134 адам есепке алынған, 9 «жайсыз» отбасы тіркеуге алынған. Шара барысында 68 әкімшілік құқықбұзушылық, соның ішінде ата-аналардың кәмелекетке толмағандарды тәрбиелеу міндетін атқармауына байланысты 6 факті анықталды. Жедел алдын алу шарасы барысында оқу орындарында, мектептерде, «жайсыз» отбасыларда түсінік жұмыстары жүргізілген.

«Екі айдың қорытындысы бойынша отбасылық тұрмыстық қарым-қатынас жағдайындағы қылмыстар азайған. Өткен жылы да солай болды. Сондай-ақ өткен жылы екі айдың ішінде отбасылық тұрмыстық жағдайында 3 қылмыс жасалды. Биыл ақпан айында Орал қаласы бойынша мұндай 1 қылмыс тіркелді», – деді Мүслім Жәрдемов.  Оның айтуынша, отбасындағы жанжалдарда көбінесе зардап шегетін әйелдер болғандықтан, олар отағаларына материалдық жағынан тәуелді болғандық-тан, отбасындағы зорлық-зомбылықты жария етпей, «жылы» жауып қояды. Мұның соңы ауыр қылмыстарға соқтырады.

– Наурыздың 10-14 күндері облыс аумағында жедел алдын алу «Мигрант» шарасы өтті. Шара Қазақстан аумағында болу тәртібін сақтамайтын шетел азаматтарын анықтау мақсатында ұйымдастырылды. Осы шара барысында шетелдік 122 азаматтың заңдылықты сақтамағандығы анықталды. Жұмыс беруші, еліміздің 4 азаматы шетелдік жұмыс қолын заңсыз жұмысқа тартқаны үшін,  30 азамат «Көші-қон» заңнамаларын бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Қазақстанда болу ережесін бұзған 21 шетелдіктің елде болу мерзімі қысқартылды. Заңнаманы бұзған бір қылмыс анықталып, құжатсыз жүрген шетелдік 2 азамат қамауға алынды, – деді облыстық ІІБ-ның көші-қон полициясы басқармасының сыртқы көші-қон бөлімшесінің бастығы, полиция подполковнигі Исатай Камешев. Оның айтуынша, биылғы екі ай ішінде шетелдік 2573, соның ішінде алыс шетелдерден 633, ТМД елдерінен 1940 азамат тіркелген. Осы мерзім ішінде шетелдік 187, жұмыс беруші қазақстандық 5 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Жыл басынан бергі уақытта облысқа шетелдік 8 азамат босқын мәртебесін алуға қолдаухат түсірген, бірақ оларға босқын мәртебесі берілмеді. Украина сықылды үшінші елдің азаматтары босқын мәртебесін іргелес Ресейден сұраулары керек. Оның үстіне оларды елдері қуғындап жат-қан жоқ. Басты себеп Қазақстанда тума-туыстары бар, осында өмір сүргілері келеді.  Украиналық В. Аврамченкоға тиісті комиссияның босқын мәртебесін бермегені мәлім. Исатай Маратұлының айтуынша, В. Аврамченко сотқа жүгініп, сот комиссия шешімін теріске шығарып, қазір  украиналық азаматша қайтадан құжаттарын тапсыруда.

– ҚР Ішкі істер министрлігі жүйесінде төрт жоғары оқу орны, Алматы, Қарағанды, Қостанай академиялары және Ақтөбе заң институты бар. Бұл оқу орындарының түлектері барлық құқық қорғау органдарында қызмет атқарады. Қазір осы оқу орындарына жолданатын түлектерді іріктеу жұмыстары басталды. Оқуға баруға ниетті түлектердің мына мекенжайға хабарласуын сұраймыз: Орал қаласы Пугачев көшесі, 45-үй, кадр жұмысы басқармасы,  анықтамаларды 98-42-85, 98-45-18 телефондары арқылы береміз. Басқа қалаларда, ауылдық жерлерде тұратын жастардың жергілікті аудандық ішкі істер бөліміне хабарласуына болады, - деді облыстық ІІД кадр жұмысы басқармасының бастығы, полиция полковнигі Жанболат Мұсадиев журналистермен  өткен  басқосуда.

Кадр жұмысы басқармасының бастығының айтуынша, оқуға толық орта білімі, орта арнаулы және орта кәсіби білімі бар азаматтар, ҚР Қарулы күштері қатарында азаматтық борыштарын өтеген 25 жасқа дейінгі жастар қабылданады. Оқуға баратын жігіттердің бойы 170 сантиметрден, қыздардың бойы 165 сантиметрден кем болмауы керек. Биылғы мектеп түлектері ҰБТ-ға қатысулары тиіс, өткен жылдардың түлектері абитуриенттердің кешенді тестілеуінен өтеді. Негізі пән – дүние жүзі тарихы, техникалық факультеттерге түсетіндерге физика пәні  негізгі пән болып табылады. Оқу мерзімі - 4 жыл, оқу кезінде оқу, тамақтану, киім мемлекет есебінен, курсанттарға шәкіртақы төленеді. Оқу бітіргеннен кейін  түлектер 100 пайыз жұмысқа қабылданады. Биыл Ішкі істер министрлігі облысқа оқу орындарынан 61 орын бөлген. «Бұрын әр жылдары 35, 40 орын бөлінетін, биыл молырақ бөлінді. Тілек білдірушілер

көп болады, бірақ олардың көпшілігі денсаулықтарына байланысты іріктеуден өте алмайды», – дейді  Жанболат  Нығметоллаұлы.

Қазіргі уақытта  облыстағы ішкі істер органдарында  102 бос орын бар.

ҚР Ішкі істер министрлігі Ішкі істер органдарының ресми ақпаратына бірыңғай қолжетімділік нүктесін құруға жұмыстанды. Осы мақсатта ғаламтор пайдаланушылары үшін ІІМ-ның облыстардағы бөліністердің веб-сайттары ведомстволық веб-порталының бірыңғай тұғырнамасына біріктірілді.

Облыстық ІІД баспасөз қызметі басшысы Гүлжан Қанатованың айтуынша, ІІД веб-порталына ҚР ІІМ-ның веб-порталы арқылы енуге болады. «Министрлік туралы» тарауындағы «ҚР ІІМ құрылымдық бөліністердің веб-ресурстары» тармақшасы, басты беттегі «ҚР ІІМ құрылымдық бөліністері» баннері бар, сол арқылы «БҚО Ішкі істер департаменті» жазуын баса отырып, веб-порталға кіруге болады. Одан басқа мына:  mvd.gov.kz/portal/page/portal/zko/ZKO мекенжайды тере отырып та, кіресіз. Қазір ІІД веб-порталын жаңарту бойынша  жұмыстар жүргізілуде.


Гүлбаршын ӘЖІГЕРЕЕВА,

«Орал өңірі»

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале