14.03.2016, 17:38
Оқылды: 50

Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай «Ұрпақ+» жобасы аясында көптеген шаралар атқарылмақ

Brifing14   Батыс Қазақстан облысында Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай «Ұрпақ+» мәдени-білім беру жобасы аясында көптеген шаралар атқарылмақ.

Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметі өңірлік филиалында өткізілген баспасөз мәслихатында облыстық білім басқармасының басшысы Айгүл Мыңбаева мәлім етті.


Айгүл Әділгерейқызының айтуынша, «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын орындау бағытында «Үлкен ел - үлкен отбасы» жобасы аясында ҚР Білім және ғылым министрлігі 2015-2016 жылдарға арналған «Ұрпақ+» мәдени-білім беру жобасын дайындап, іс-шаралар жоспары ҚР Үкіметімен бекітілген болатын. Осыған орай облыстық білім басқармасы БҚО мәдениет, мұрағаттар және құжаттама, жастар саясаты мәселелері басқармаларымен бірлесе отырып, кешенді шараларды қолға алды. Мектеп оқушылары мен техникалық-кәсіби білім беру ұйымдарының шәкірттеріне бағытталған аталмыш жобаның негізгі мақсаты жас ұрпақтың ел тарихы мен мәдениеті, этнографиясы саласындағы ізденушілік, шығармашылық қабілеттерін дамыту болып табылады. Жоба негізінен Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналған түрлі деңгейдегі жобалар, жарыстар, байқауларды өткізу арқылы жүзеге асырылады. Ғылыми жобалар, олимпиадалар, әдеби оқулар, сәндік-қолданбалы, шығармашылық және тарихи зерделеу бойынша үйірмелер, жастардың ата-бабаларымыздың әдеби мұрасын зерттеуге ынта-қабілетін арттыру, туристік-өлкетану қызметін ұйымдастыру, жас туристердің шеберлігі мен тактикалық дайындығын ұштау, үздік туристік ұйымдарды анықтау бағытында өткен жылғы желтоқсан айынан басталған  шаралар биыл да жалғасуда. Мысалы, жас зерттеушілерді анықтау, іріктеп, оларды қолдау бағытында ақпан айында оқушылар арасында түрлі пәндер бойынша дәстүрлі ғылыми жобалар сайысы өткізілді. Облыстық сыннан озық шыққан 24 оқушы 18 жобамен республикалық кезеңге қатысса, соның ішінде 6 жобамен 9 шәкірт жеңімпаз атанды. «Ұрпақ+» жобасына енгізілген Абай оқулары бойынша да батысқазақстандық шәкірттер республикалық байқаудан жүлде алып келеді. Білім басқармасының жұмыс жоспарына сәйкес Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналған осы наурыз айында «Менің Отаным - Қазақстан» туристік-өлкетану экспедициясын жасақтау бойынша облыстық слет өтетін болса, алдағы сәуірде Орал көрме залында «Менің елім» атты балалар мен жасөспірімдердің көрмесі ашылады. Сонымен қатар тәуелсіздік тойы мен Халықаралық балаларды қорғау күніне арналған «Нұрлы болашақ» республикалық акциясы аясында 1 маусым күні «Біз жеңеміз» атты шара ұйымдастырылмақ. Оған қоса балалар мен жасөспірімдердің көшбасшылық және шығармашылық белсенділігін арттыру, балалар ұйымдарын жандандыру бағытында «Ұрпағымыз ұлы елдің - «Жас ұлан» атты облыстық форум өткізіледі. Елбасымыздың «Жалпыға ортақ  еңбек қоғамына қарай 20 қадам» бағдарламалық мақаласында айтылған тапсырмаларды орындау мақсатында барлық білім беру ұйымдарында өлкетану, Абайтану курстары ұйымдастырылуда.  Соңғы кезде мектеп музейлеріне ерекше мән берілуде. Өйткені жеткіншек ұрпақтың өз Отанын, өз өлкесін қастерлеп, тарихын жете білуі үшін музейлердің маңызы зор. Қорыта айтқанда, «Ұрпақ+» жобасы аясында Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналған шаралар жыл бойы жалғасын тауып, желтоқсан айында қорытындыланатын болады.

Облыстық балалар-жасөспірімдер туризмі және экология орталығының директоры Виктор Фоминнің атап өткеніндей, өңірде туристік-өлкетану ұйымдарының тұтас жүйесі құрылып, көптен бері өз жұмысын жүйелі атқарып келеді. «Соқпақ» журналының шыға бастағанына да он бірінші жылдың жүзі болды. Мектептер әдістемелік құралдармен қамтамасыз етілген. Қала мен аудандарда үйірмелер тұрақты жұмыс жасайды, оларда түрлі бағыттар бойынша 700 бала айналысады. Тіпті бұл өлкеде тау жоқ болса да, батысқазақстандық балғындар тау туризмі мен шыңға өрмелеуден республикада оза шауып жүр. Атақты альпинист, Батыс Қазақстаннан түлеп ұшқан Мақсот Жұмаев атындағы жарыстар балаларды үлкен мақсаттарға жетелеп келеді. Сондай-ақ туристік-өлкетану экспедициялары 25 жылдан астам уақыт бойы ұйымдастырылып келеді. Балалар туризмі мен «Менің Отаным - Қазақстан» экспедициясын ұйымдастырудағы батысқазақстандықтар тәжірибесі қазіргі кезде озық үлгі ретінде елімізге таратылуда. Республика көлемінде жоспарланған 26 іс-шараның 10-ы өлкетану бағытына арналған. Сондықтан бұл шараларды батысқазақстандықтар да белсенділікпен ұйымдастыратын болады.

БҚО жастар саясаты мәселелері басқармасының бөлім басшысы Ранида Әшенованың сөзіне қарағанда, «Ұрпақ+» жобасы аясындағы жұмыстар бірнеше бағыттар бойынша жоспарланған. Олар облыстық жастар ресурстық орталықтары және жастар ұйымдары арқылы жүзеге асырылатын болады. Айталық, «Зияткер ұрпақ» жобасына сәйкес өңірге танымал белгілі тұлғалармен, зиялы қауым өкілдерімен, қоғам қайраткерлерімен кездесулер өтетін болса, пікір-сайыс қозғалысын қалада ғана емес, аудандарда да кеңінен дамыту ісі қолға алынбақшы. Қалалық, облыстық турнирлер өтіп, Тұңғыш Президент күні қарсаңында республикалық пікір-сайыс чемпионаты мәреге жетеді. Сол секілді жастар арасында кеңінен таралып отырған «Жайдарман ойындары» одан әрі құлашын жая түспекші. «Жайдарманның» жоғары лигасында БҚО-дан «Грант», «КазИИТУ» командалары өнер көрсетіп келсе, қаңтар айында өткен республикалық оқушылар лигасының фестивальдік ойынында Сырым ауданы Алғабас ауылының «Сары бүркіт» командасы чемпион атанды. Биыл облыс әкімінің кубогына арналған «Жайдарман» фестивалі қыркүйек айына жоспарланса, жалпы, «жайдарманшылардың» мектеп және студенттік лигаларын дамыту бағытында «Ақжайық КТК лигасы» жастар қоғамдық бірлестігі жұмыстанып келеді. «25 игі іс» акциясы да облыс жастары тарапынан қолдау тауып, 100-ге жуық шара ұйымдастырылды. Басқа да шаралар кезегімен өте бермек.

 www.zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале