11.04.2016, 18:08
Оқылды: 36

Тәуелсіздік тойына арналған фестиваль

 Akjayik tauelsizdikke arnalgan festival    Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналған «Асқақтай бер, Тәуелсіз ел – Қазақстан!» атты көркемөнерпаздар ұжымдары фестивалінің эстафетасын Ақжайық аграрлық техникалық колледжі жалғастыруда. Бұл концертте аудан әкімі Әділ Жоламанов болды.


        Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Тәуелсіздік толғауы» атты еңбегінде «Тәуелсіздік дегеніміз – бұл жалпыға ортақ еңбек. Ғылым қуып, білім іздеген оқушылар мен студенттердің еңбегі. Еліміздің ұлттық байлығын еселей түсетін барша мамандық иелерінің еңбегі. Әрбір жас буынның жүрегінде Отанға деген шексіз сүйіспеншілік дарытатын қазақстандықтардың еңбегі»,- деген зор ұлағатты жастардың жүрегіне қонса, қандай ғанибет! Бұған аталған оқу орнының да мол қосары бар. Сахнаны әйгілі ақын Жұбан Молдағалиевтың «Мен қазақпын» поэмасынан әзірленген әдеби композиция ашты. «Тәуелсіздік шежіресі» туралы бейнебаян концерттің жалпы мазмұнына айтулы толықтыру үстеді. Студент Сұлушаш Қадырғалиева орындаған «Сәлем саған, туған ел!» әні де, ұстаз Омар Құлниязов орындаған «Туған елге» атты терме де бір-бірімен  ой жағынан көркемдік үйлесім тауып жатты.

      «Ақжелең» фольклорлық ансамблінің сүйемелдеуімен бір топ көркемөнерпаз орындаған халық әні «Ақбаян» мен жеке дауыста Мұрат Омаров шырқаған «Атамекенге сағыныш» әндері көрермендердің шын сүйіспеншілігін туғызды.

Қазақ топырағында дүниеге келіп, ғасырлар көшінің басында болған Ұлы Абайдың бізге қалдырған саяси-әдеби мұрасы қашанда өз биігінде тұр. Оның көкірегінен шыққан «Көзімнің қарасы» әнін вокалдық топ орындап, Абай жолының ақжолтайын әйгіледі.

     Айгүл Құбашева мен Ләззат Шаңгереева әуелеткен «Мейман» әні өнерпаздардың әдемі, ән келбеттерін үстеді. Колледж түлегі Эльянора Сатенова шырқаған «Қазақтың қара баласы» әні де шырқаушысын тапқан кештің кестелі беті болды. «Көкбөрі» әскери патриоттық клубы әзірлеген «Ұландар шеруі» қазіргі тәуелсіз елімізді қорғаушылардың бойында қалыптасар жігер, отансүйгіштік, тапқырлық, қайрат сияқты қасиеттерді қағаберіс қалдырмады. Бүгінгі өрендерде сондай өнеге молынан қалыптасуы тиіс.

      Концертте өнерпаздар Азамат Ізтілеу, Аружан Бақтыгереева, Әлішер Мақанов, Ермек Сарқұлов және «Арман» вокалды аспапты ансамблінің орындаулары да көңіл пернесін дөп басты. Хордың орындауында әйгілі Александра Пахмутованың «Песня о тревожной молодости» әні мен Бәкір Тәжібаевтың «Туған ел» әні осы шараны қорытындылады.

      Колледж директоры Бақытжан Қоспаев ізгі ниетпен аудандық аурухана директоры Дархан Хайрушевке фестиваль эстафетасын тапсырды.

www.zhaikpress.kz

Тілес ЖАЗЫҚБАЙ

«Жайық таңы»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале