28.09.2016, 15:11
Оқылды: 32

Тәуелсіздік қарсаңындағы той

%d1%82%d0%b0%d1%81%d2%9b%d0%b0%d0%bb%d0%b0-%d0%ba%d2%af%d0%bd%d1%96Қазақстан Тәуелсіздік алған 25 жыл ішінде толағай табыстарға қол жеткізді. Асқан асулар мен бағындырған биіктерді санамалар болсақ, таңды таңға ұрып әңгіме айтарымыз анық-ақ. Шын мәнінде мұндай ауқымды істерді атқару бір адамның қолынан келер шаруа емес. Бұл барша халықтың жұдырық боп жұмылып, бір жең боп түріліп, білек сыбана еңбек еткенінің арқасы. Бір сөзбен айтқанда Тәуелсіздігіміздің тұғыры берік, тамыры терең болуына бәріміздің қосқан үлесіміз бар. Осы орайда мемлекетіміздің батыс қақпасы іспеттес Ақжайық өңірінің орны ерекше. Ресейдің бес облысымен қойы қоралас, адамы аралас жатқан өңірде көрші елмен емен-жарқын, достық қарым-қатынас жақсы жолға қойылған. Сөзімізге дәлел келтірсек, өткен сенбіде Саратов облысының делегациясы тарихы терең Тасқала өңіріне ат басын тіреп, «Аудан күнін» мерекелеуге белсене қатысты.


Ел егемендігінің 25 жылдығы аясында«Тәуелсіз елім менің!» деген атаумен ұйымдастырылған мерекелік шараға Саратов қаласы мен осы облысқа бағынышты Дарғаш ауданының делегациясы  арнайы келді.Қадірлі қонақтарды аудан басшылығы екі елдің шекарасынан қазақы дәстүрмен ақ ұсынып қарсы алды. Бұдан әрі мемймандарды Тасқала ауданының әкімі Санжар Әлиев аудандық мәдени-демалыс орталығының Тәуелсіздік залында  қабылдады. Осы жерде өткен дөңгелек үстел басында аудан әкімі ауданның әлеуметтік-экономикалық даму барысын баяндап, қол жеткен жетістіктер мен алда тұрған жоба-жоспарларды таныстырып өтті.

-Қадірлі қонақтар, бүгін сіздерді Тасқала топырағында көргеніме қуаныштымын. Әр жыл сайын қыркүйек айында біз «Аудан күнін» атап өтеміз. Биыл осы үлкен шара Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдық торқалы тойы қарсаңында ұйымдастырылып отыр. Сіздерге қош келдіңіздер дейміз. Өздеріңіз көріп отырғандай аудан орталығындағы жолдар жөнделіп, басты көшелерді абаттандыру жұмысы қолға алынды. Биыл егініміз бітік шығып, қысқы мал азығы да жеткілікті мөлшерде жиналды.Қазіргі ұйымдастырылып отырған айтулы мереке осы аудан жетістіктерінің нақты бір айғағы десек қателеспейміз. Біздің шақыруымызды қабыл алып, қуанышымызға ортақтасып отырғандарыңызға шын көңілден ризашылығымды білдіремін. Әрдайым осылай бір-бірімізбен тәжірибе алмасып, екі ел арасындағы достық қарым-қатынасымыз нығая берсін - деді аудан әкімі Санжар Жұматайұлы.%d1%82%d0%b0%d1%81%d2%9b%d0%b0%d0%bb%d0%b0

Келесі кезекте қонақтар «Азалы ана» мемориалдық кешеніне барып, қан майданнан оралмаған боздақтарды еске алып, гүл шоқтарын қойды жәнеестелік суретке түсті. Одан соң делегация ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы аясында аудан күніне арналған «Тәуелсіз елім менің!» атты театрландырылған мерекелік шара өтті. Мерекелік шараны аудан әкімі Санжар Әлиев салтанатты түрде ашып, жиналған халықты «Аудан күнімен» құттықтады.

-Мемлекетіміз аз уақыт ішінде көптеген жетістіктерге жетті. Ең бастысы Елбасының саясатының арқасында береке-бірлігіміз бар.Әлемдегі бәсекеге қабілетті 50 мемлекеттердің қатарына қосылдық. Біз «Қазақстан-2030» Стратегиясын уақытынан бұрын жүзеге асырдық. Мемлекет қандай қиын экономикалық жағдай болса да өз халқы алдындағы борышын толығымен орындауда. Өздеріңіз куәсіздер ауданда газ, су және жол мәселелері өз шешімін тауып отыр.Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай Елбасының тапсырмасы бойынша арнайы қордан еліміздің әр ауылдық округіне қаражат бөлінді. Сол қаражатқа жақын келешекте Тасқала ауданының 6 ауылдық округінде шағын спорт алаңдары салынады. Достық, Амангелді және Оян ауылдарындағы мәдениет үйлерін ағымдағы жөндеу жұмысы жүріп жатыр. Жалпы Тасқала – елге танымал өнер адамдарының Отаны, тарихы бай өлке.Халқы да еңбекқор. Олай болса еліміздің, өскелең ұрпағымыздың болашағы өз қолымызда.Енді біз мемлекетті дамыту үшін бар күш-жігерімізді салып еңбек етуге тиіспіз, - деді аудан басшысы өз сөзінде.

Салтанатты шара барысында С.Әлиев ұзақ жылдар бойы ауылшаруашылық саласында еңбек етіп, аудан экономикасының дамуына сүбелі үлес қосқан бірқатар еңбек ардагерлерін марапаттады. Олардың қатарында ауданның шаруашылық саласында және атқарушы билік органдарына абыройлы жұмыс істеген Тимеш Шынболатов, алғашқы тың игерушілердің бірі, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Құбайдолла Сейтқазиев, еңбек ардагерлері Ғилымғали Қалмурзин, Серік Қуанышқалиев, атақты механизатор, «Бүкілодақтық механизаторлар байқауының жеңімпазы» Ару Ыбраев секілді елге танымал азаматтар болды.

Марапаттаудан кейін Ресейдің көршілес аудандарынан келген қонақтар сахнаға шығып, аудан тұрғындарын құттықтап, жылы лебіздерін жеткізді.

– Әр өткен жыл аудан үшін маңызды. Бүгінгі Тасқала ауданының мақтанышы мен жеткен жетістігі - жергілікті тұрғындардың еңбекқорлығы, ақылы мен дарыны, жеріне деген сүйіспеншілігінің арқасында. Алдағы уақытта ауданның гүлденіп-дамып, жаңа ауқымды жобаларды іске асырып, тұрмыс-тіршіліктеріңіздің одан әрі жақсаруына тілектеспін, - деді Саратов муниципалды ауданы әкімшілігі аппараты басшысының орынбасары Кристина Панкратова.

Одан әрі қарай көрермен назарына аудан өнерпаздары дайындаған театрландырылған концерттік бағдарлама ұсынылды. Сонау Керей мен Жәнібек басқарған Қазақ хандығынан бастап, күні бүгінге дейінгі тарих қойнауынан сыр шертетін қойылым қойды. Шара барысында аудан басшысы С.Әлиев Ресейден келген делегация мүшелерімен бірге киіз үйлерді аралап, өз бағаларын берді. Мұнда ауылдық округтер өздері әзірлеп әкелген тарихтан сыр шертетін, ұлттық салт-дәстүрімізден мағлұмат беретін көріністерін қойып, ән шырқап, би биледі. Нәтижесінде «Сәнді киіз үй» байқауынан бірінші орынды Қазақстан ауылдық округі, екінші орынды Достық, ал үшінші орынды Ақтау ауылдық округтері иеленді.

Қазақ ат шаптырып, балуан күрестірмесе шыдап тұра алмайтын халық. Торқалы тойдың аясында Ресей елінен келген қонақтар мен аудан басшысы Санжар Әлиев дүйім жұртпен бірге дүбірлі доданы тамашалады. Дүбірді естісе тұлпардың тұяғы сырқырайды демекші, аламан бәйге басталмай жатып  сәйгүліктер бір орында тұра алмай тыпыршып, тізгінге дес бермей шауып кеткендер де болды. Шауып ала жөнелгендерді жиылған халық біраз күтіп қалғандары болмаса, барлығының көңіл-күйлері тамаша.

Сонымен жиналған қауым асыға күткен бәйге де басталды. Алғашқы 15 шақырымдық жарысқа 12 сәйгүлік қатысты. Жүйріктер сөрегежақындап, бәйгені жүргізушінің «Бәйге басталды!» деген сөзінен соң, сәйгүліктер құстай ұша жөнелді. Желмен бірге жарысқан тұлпарлар бірінен-бірі оза шапты. Алғашқы айналымнан-ақ Тайпақ ауылынан қатысып отырған Құбайдолла Бегазиев баптайтын үш жасар «Балақасқа» атты сәйгүлік көзге оттай басылды. Шабысының өзі автокөілікті басып озардай. Үстінде отырған Ермахан есімді шабандоз «шап-шап!» деп қиқу салған сайын шабысын үдете түсті. Қалған тұлпарларда оұдан қалыс қалмауға тырысып, барынша желдей есті. Десе де кіл жүйріктің ішінен бір жүйріктің шығуы заңдылық. Соңғы айналымда «Балақасқа»мен Сырым ауданынан келген «Байшұбар» есімді сәйгүлік қатарласып шапқанда дүйім жұрт тайпақтық тұлпар бірінші келеді деп болжам жасаған-ды. Шынында да солай болды. Мәреге барлығын шаң қаптырып «Балақасқа» бірінші жетті. Сырым ауданынан келген Серік Мүтиев баптайтын «Байшұбар» екінші келсе, үшінші болып мәре сызығын Мерей ауылдық округінен Наурызғали Аяпбергенов қосқан «Бақтара» атты тұлпарқиды. Сәйгүлік иелері 200, 150 және 100 мың теңге көлемінде ақшалай сыйақыға ие болды.

15 шақырымдық бәйгеден соң кезек 18 шақырымдық аламан бәйге мен арбалар жарысына келіп жетті. Жылқы десе жүген ала жүгіретін қазақ үшін аламан бәйгенің алар орны ерекше екені айтпасада түсінікті. Баласы атқа қонса, ата-анасы тақымын қысатыны секілді сәйгүлігін жарысқа қосқанда иесінің өзі жанын шүберекке түйіп отыратыны да баршаға мәлім. Ондағы мақсаты - жарысқа қосқан тұлпары жүлделі орыннан көрінсе деген арманы. Бұл жарыста қызыққа толы болды. Аз ғана уақыттың ішінде 18 шақырымды артқа қалдырған сәйгүліктер арасынан бұл жолыда тайпақтық атбегінің жұлдызы жанды. Оның «Наурыз» есімді тұлпары мәреге алғаш болып жетті. Екінші болып Атырау облысынан ат терлетіп келген Олжас Шоношов қосқан «Әмина» атты жүйрік жетті. Үшінші орынды Екінші Шежіннен Өркен Базарбай үкілеп қосқан «Мақпал» атты сәйгүлік қанжығалады. Бірінші келген шабандозға 300 мың теңге, екінші келгенге 200 мың теңге, үшінші келгенге 150 мың теңге қаржылай сыйақы табысталды.

Арбалар жарысынан бірнші орында Дариян ауылынан қатысқан Айдынғали Кенжеғалиев алып 50 мың теңгеге ие болса, екінші орын алған көршілес Зеленый ауылынан келген Әбілхайыр Қалиев 30 мың теңгеге, үшінші орын алған ауданымыздың өкіліНиколай Слепов  20 мың теңге ақшалай сыйлыққа қол жеткізді.

Бәйгеден кейін халық қазақша күресті тамашалады. Ол жерде 70 келіге дейін және 70 келіден жоғары салмақ дәрежесіндегі белдесулердің куәсі болдық. Нәтижесінде алғашқы салмақ дәрежесі бойынша күресте бірінші орынды Ақтау ауылынан Бекайдар Меңдешов алса, екінші орынды тасқалалық Алмас Тұрқаев, үшінші орынды  Орал қаласынан келген Ерқанат Меңдібаев иеленді.

70 келіден жоғары салмақтағы бәсекеде жеңіс тұғырына Орал қаласының палуаны Дамир Рамазанов көтерілсе, екінші орынды Тасқала ауданынан қатысқан Қасымхан Оразалиев еншіледі. Алғашқы белдесуде Ақтау ауылдық округінің атынан шығып бірнші орын алған Бекайдар Меңдешов бұл салмақ дәрежесінде Орал қаласының атынан шығып үшінші орынды қанағат тұтты.

Екі салмақ дәрежесі бойынша сынға түсіп,  жеңіс тұғырынан көрінген палуандарға ақшалай сыйлықпен марапатталды. Айта кетер болсақ бірінші орынға 200мың теңге, екінші орынға 150 мың теңге, үшінші орынға 100 мың теңгелік сертификат берілді.

Бірінен соң бірі өтіп жатқан спорттық шаралар жиналған жұртшылықты еш жалықтырған жоқ. Керісінше,барлығына қызығушылықпен қарап, қалаған адамдарына жанкүйер болып, қолдау білдіріп отырды. Қазақ күресінен соң кезек қол күресіне келіп жетті. Талабы таудай, таланты тас жарардай азаматтар бір-бірімен білек айқастырғанда ортадағы үстелді сындырып жібере жаздады. Қызықты да тартысты өткен сайыста бірінші орынға Шежін ауылының тұрғыны Жасұлан Нұғманов ие болып, 20 мың теңге қаржылай сыйлықты қалтасына басты. Екінші орынды Тасқала ауданынан қатысқан Алғадай Жамбыл алып, 15 мың теңгеге ие болса, үшінші орынға Екінші Шежін ауылының бақ сынаған Алмаз Хайыршақов табан тіреп, 10 мың теңгеге ие болды.

%d0%b0%d1%83%d0%b4%d0%b0%d0%bd-%d0%ba%d2%af%d0%bd%d1%96-%d1%82%d0%b0%d1%81%d2%9b%d0%b0%d0%bb%d0%b0%d0%b4%d0%b0 Мереке бағдарламасына асық ату ойыны да енген екен. Діттегеніне дөп тигізетін сұрмерген болмасада бұл ойынға қатысушылар тігілген асыққа дәл тигізуге кәдімгідей ынтықты. Ойынға қарап тұрып бір ойдың жетегінде кеттік.Бұрын-соңды ауылда тұратын ағайын ұлым ойнайды деп дорба-дорба асық жинаушы еді, сол жинаған асықты бір күнде ұттырып жіберсе, ұлы ағыл-тегіл жылаушы еді. Қазір ауылда тұратын ағайынның үйінде дорба-дорба асық болмасада бірен-сараны бар ма екен өзі?! Рас,асық үшін ауылдағы ағайынды айыптаудан аулақпыз. Осы сында бірінші орынды  Бекайдар Меңдешов жеңіп алса, екінші орын  Фархат Ибатовқа бұйырды. Үшінші орынға Ерлан Үмбетқалиев жайғасты. Жеңімпаздарға бағалы сыйлықтар табысталды.

Аудан күні осылайша жазық дала төсінде жоғары деңгейде атап өтілді. Мереке мұнымен біткен жоқ. Кешкісін аудан көркемөнерпаздары дайындаған концерттік бағдарламаға ұласты. Оны тамашалаған жұртшылық көтеріңкі көңіл-күйде тарқасты. Келер жылғы «Аудан күнін» де осылай ынтымақпен атап өтуді баршамызға нәсіп етсін дейміз.

Елена Назарова

Саратов муниципалды ауданы әкімшілігі басшысының әлеуметтік саясат бойынша орынбасары:

- Мен Тасқалаға Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығы аясында өтіп жатқан «Аудан күніне» орай көршілес Саратов облысынан келіп отырмын. Сән-салтанатпен, кең көлемде өтіп жатқан мерекелік шараға халықтың көп жиналғанына қарап, таң қалып, әрі сүйсініп отырмын. Демалыс күніне қарамастан аудан тұрғындары түгелдей  отбасыларымен осында жүр екен. Осыған қарағанда «Аудан күні» мерекесі халықтың асыға күтетін сүйікті мейрамы десем қателеспейтін секілдімін. Жалпы, біздің делегация Тасқала топырағына бірінші рет емес, бұған дейін де бірнеше рет келіп жүр. Жыл сайын мерекелік шараларға құрметтеп, шақырғаны үшін аудан басшысы Санжар Жұматайұлына шын жүректен алғысымызды айтамыз. Барша аудан тұрғындарын айтулы күнмен шын жүректен құттықтаймын!

Жоламан ТАСОВ,

Россельхознадзордың Саратов облысы бойынша басқармасының мемлекеттік дән инспекторы:

- Менің әкем бұрынғы Фурманов (қазіргі Жалпақтал, Қазталов ауданы), ал анам Жаңақала ауданында дүниеге келген. Өзім Саратов облысының Дарғаш ауданында туып- өстім. Бұл аудан Тасқаланың Мереке ауылдық округімен шекаралас орналасқандықтан осы ауылға жиі келіп тұрамыз. Ұлтым қазақ болғандықтан қазақша оқуды, жазуды ұмытқан емеспін. Қазақстанның 25 жылда жеткен жетістігіне, қарыштап дамып жатқанына, әсіресе, экономикалық жағынан дамып жатқанына өте қуаныштымын. Барлық ауыл жұртын «Аудан күнімен» құттықтай отырып, тасқалалықтардың өсіп-өркендеуіне, одан әрі қарай гүлдене беруіне тілекшімін.

 

Н.Жәрдемова,

Е.Елекенов,

Тасқала ауданы

www.zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале