29.01.2015, 2:25
Оқылды: 19

Төл теңгеміз нығаймақ


 Өткен жылдың соңында ел Үкіметі мен Ұлттық банк экономикалық саясаттың 2015 жылға арналған негізгі бағыттары жөнінде бірлескен мәлімдеме жасады. Онда өткен жылы ел экономикасының дамуы үшін «жағымсыз» әсер еткен Украинадағы саяси жағдайға байланысты әлемдегі экономикалық өсудің әлсіреуі, Ресейдегі өсу қарқынының құлдырауы сықылды сыртқы факторлар атап көрсетілді.


 Осындай жағдайда еліміздегі қаржылық тұрақтылықты сақтау – басты назарда. Ұлттық банк Батыс Қазақстан филиалының директоры Ғалия Сатыбалдинаның айтуынша, еліміздегі қаржылық тұрақтылықты сақтау бағытындағы шараларды Ұлттық банк қаржы секторын дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасына сәйкес жүргізеді. Соның ішінде ұлттық валютаның рөлін арттыру, экономиканы несиелеуді ұлғайту мақсатында банктердің теңгелік өтімділігінің өсуін ынталандыру, банк секторын сауықтыру биылғы қаржы жүйесін реттеу саясатындағы басты мәселелер болып табылады.

- Ұлттық валюта – теңгеміздің экономикадағы рөлін көтеру үшін тиісті шаралар қабылданады. Салымшылардың екінші деңгейдегі банктер депозиттеріндегі теңге түріндегі жинақтарын ынталандыру мақсатында берілетін мемлекеттік кепілдік көлемі ұлғайтылады. Бұған дейін мемлекет бір депозитке салынған 5 миллион теңгеңізге кепілдік берсе, енді ол екі есеге, яғни 10 миллион теңгеге дейін өседі. 5 миллион тек бір банк бойынша, ал жинағыңыз Қазақстандағы өзге банктің барлығында болса да, әр банктегі жинаққа кепілдік беріледі. Бұл – шамамен 300 миллион теңгеден астам қаржы, доллар түріндегі кепілдік берілетін салым шамасы 54 мың доллардың үстінде. Салымшылардың жинақ ақшаларын депозиттерге доллармен емес, төл теңгеміз түрінде салуы үшін де ынталандыру шаралары алынды. Халықтың доллар түрінде салынған кепілдік берілетін депозиттері бойынша ұсынылатын сыйақы мөлшерлемесінің жылдық пайызын 4-тен 3 пайызға төмендету қарастырылған. Теңгемен салынған салымға сыйақы қазір шамамен 8-10 пайыз шамасында. Өздеріңіз білесіздер, елімізде төл теңгеміз бола тұра, сауда-саттықта, қызмет бағаларын белгілегенде теңгемен емес, долларға шағып, шартты бірліктермен белгілеу қалыптасқан. Сондықтан Ұлттық банк тауарлар мен қызметтердің бағаларын шартты бірліктермен белгілеуге тыйым салу тәртібін енгізеді, - деді Ғалия Сатыбалдина.

Мамандардың айтуынша, Ресей Федерациясымен шектесетін аймақ тұрғындары Ресей рублі арзандады деп, рубльді молынан сатып алып жатқанын айтады. Бірақ мұның ел экономикасына әкелер зияны бар деседі. Арзан ақшаға көрші елге барып, арзан тауар тасу отандық өндірісшілердің табысын төмендетеді. Осының салдарынан кейбір өндірістік орындардағы жұмыс орындарының қысқаруы ықтимал.

- Батысқазақстандықтар да рубль арзандағанда көптеп сатып алып, тауарлар тасымалдады. Енді кейбіреулер тауарларын өткізе алмай дағдарып отыр. 2014 жылғы 1 желтоқсандағы мәлімет бойынша облыстағы екінші деңгейдегі банктер депозиттеріне салынған жеке тұлғалардың ұлттық валютадағы жинағы 40 миллиард 974 миллион теңгені, шетел валютасындағы қаржысы 38 миллиард 865 миллион теңгені құрады. 2013 жылы дәл осы мерзімде депозиттерде теңгемен 46 миллиард 572 миллион теңге, шетелдік валютада 23 миллиард 804 миллион теңге болды. Салыстырып қарасақ, шетел валютасындағы жинақ 63,3 пайызға өссе, теңгемен салынғаны 12 пайызға кеміген. Облыс тұрғындары «Кезекті девальвация болып, теңге құнсызданады» деген алыпқашпа сөздің кесірінен салымдарын долларға ауыстырды. Жаңа айтылған төл теңгемізді нығайту шараларынан кейін бұл жағдайдың түбегейлі өзгеретініне сенім мол, - деді Ғалия Сатыбалдина.

Ресей мемлекеттік думасының депутаты Евгений Федоров жақын арада бюджеттік және салық комитетінің отырысында Ресейдің ішкі айналымда доллардан бас тарту мәселесі түпкілікті қаралатынын, мұндай шараның рубльдің бәсін көтеруге жәрдемдесетінін айтты. Сарапшылардың айтуынша, қазір Ресей өзінің алтын валюта қорын азайтып алған, ондай жағдайда ұлттық валютасының құны түсе бермек. Ұлттық банк БҚ филиалының директоры Ғалия Сатыбалдина: «Біздегі қолға алынатын шаралар төл теңгемізді нығайтуды ғана көздейді. Қазақстанның алтын валюта қоры жеткілікті, сондықтан теңгенің бағамын тұрақты ұстап тұруға қаржы бар», - дейді. Еліміздің бас банкирі Қайрат Келімбетов өткен жылғы девальвацияның эко-номиканың өсімін сақтап қалғанын, сол себептен биыл теңгенің құнсызданбайтынына сендіріп отыр.


Гүлбаршын ӘЖІГЕРЕЕВА,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале