17.10.2016, 10:40
Оқылды: 50

«Халық заңгері» әлеуметтік акциясы өтті

legal concept under yellow light, shallow dof

    «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалы ғимаратының холлында «Халық заңгері» әлеуметтік акциясы өтті.


     Бұл шара Батыс Қазақстан облысы Әділет департаментімен мүдделі мемлекеттік органдардың (Орал қаласы әкімдігінің тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, сәулет, қала құрылыс, жер қатынастары бөлімдері, зейнетақы төлеу мемлекеттік орталығы), жоғары білікті нотариустармен адвокаттардың қатысуымен облыс  тұрғындарының құқықтық мәдениетін көтеру және білікті заңдық көмек көрсету мақсатында ұйымдастырылған. Шараға облыс тұрғындары келіп, өзіне қажетті заңды көмекті тегін алады.

-Ауруханада жатқанымда үйімнің қасындағы ескі тұрғын үйді сатып алған көршім оны сүріп тастап орнына шошқа қорасын салып алыпты. Менің жер телімімнің 11 метрін өзіне қосып алған. Мұның не десем, қолын сілтейді. Ауылдағы және қалалық әкімдікке, мұрағатқа және өзге де тиісті орындарға барып, арыздандым. Сөйтсем көршім 2012 жылы ол жерге заңды құжат алыпты. 45 түп жеміс ағашымның ортасын бұзып-жарып қоршау орнатуда. Жаңа маманнан тиісті кеңес алдым. Олар тиісті орындардн қажеттіқұжаттарды сұратып, қарайды, содан кейін маған хабарласады, - деді Серебряков аулының 82 жастағы тұрғыны Григорий Кирилин.

- Акцияға келушілерді қабылдау барысында тұрғындардың құқықтық сауаттылығының әлі де төмен екендігін байқадым. Шалғай аудандарда бір-екілі заңгерлер бар шығар, бірақ тегін кеңес берілмейді. Жақында Мемлекет басшысы Бас прокурормен кездесуінде халықтың құқықтық сауаттылығын көтеруді тапсырды. Сондықтан әкімдіктер жанынан коммуналдық заңгерлік кеңес беретін орындар ашылса, жөн болар еді. Әрине, адвокаттар алқасы жанына тегін кеңес беретін бағдарлама бар, бірақ оған да мемлекет қаржы бөледі.  Қазір заңдар өзгеру үстінде, тіпті заңды күндделікті қарап отыратын біздердің өзіміз күн сайын қадағалап отырмасақ, қапы қаламыз. Дау-дамайдың шығатыны заңды білмеушіліктен туады. Заңдарды және құқықтарын білмеген соң азаматтар уақытын жіберіп алады да, өз құқықтарын қорғай алмайды. Ал адвокаттарға, заңгерлерге барып кеңес алуға қаражат керек. Сондықтан мұндай шараларды тұрақты өткізген дұрыс болар еді деп ойлаймын,- деді «Ищанов и партнеры» адвокаттық кеңсе» мекемесінің төрағасы Ғалымжан Ищанов. Оның айтуынша, акция барысында азаматтар заңсыз жұмыстан шығару, жер теліміне талас, тума-туыс арасындағы мұраға талас, әкімшілік айыппұлдарға қатысты мәселелермен бас тіреп келіп, тиісті кеңес алған.

Ә. есімді қала тұрғыны өзінің танысы арқылы қазақшылықпен біреуге қарызға қомақтылау ақша беріп, сонысын екі жылдан бері ала алмай, алаөкпе болып жүр. «Мамандар маған қарыз алушыға мынадай мерзімге дейін қарызымды қайтарыңыз деген хат жазыңыз, сол мерзімге қайтармаса, онда сотқа жүгініңіз деген кеңес берді. Отбасымның аузынан жырып беріп едім, біреуді аяп керек емес екен мына заманда»,- деді ол. Тағы бір аты-жөнін айтудан қашқан әйел адам айрылысқан ерінің ұлын алып қалғанын, енді баласын ала алмай жүргеніне налып, кеңес сұрай келіпті.

«Бес адамды қабылдадым. Олар банктен алынған несиені қайтару,  коммуналдық төлемақы, еңбек даулары, отбасылық мәселелер бойынша тиісті кеңес алды. 3-топтағы мүгедек әйел 6 ай ем-домын алуына байланысты жұмыста болмаған. Содан жұмысқа шыққаннан кейін бастығының қысым көрсетуімен өз еркімен арыз жазып, екі айдың жалақысын алып, жұмыстан шығып кеткен. Негізі заң оның жағында оған жұмыстан шықпауға болатын еді. Бұл жерде жеке кәсіпкер оны мүгедексің деп оның конституциялық құқын өрескел бұзған. БҚО адвокаттар алқасының адвокаты Бақтыгүл Әлғазиева. Оның айтуынша, «Адвокаттық қызмет туралы» заңның 6-бабында қоғамның белгілі әлжуаз топтарына тегін кеңес беру қарастырылған.

БҚО аумақтық нотариаттық палатасының төрайымы Нәйлә Елегенованың айтуынша, көптеген тұрғын мұндай акция өткізілетінінен бейхабар. Өйткені бұқаралық ақпарат құралдары   халықты құлақтандыратын хабарландыру үшін ақы сұрайды. «Мында қылмыстық, қылмыстық-процессуалдық, еңбек, жер қатынастары, отбасы, тұрғын үй және өзге де құқықтық мәселелер бойынша тегін кеңес берудеміз. Мұндай мәселелермен адвокаттардан кеңес алу ақылы екені белгілі. Биыл әлеуметтік акцияны екінші рет  өткізіп отырмыз. Сондықтан мемлекет тұрғындардың мұндай акция өтетінін білуі үшін көмектесуі керек»,- деді Нәлә Ғұбашқызы.

Гүлбаршын ДЫБЫСҚАЛИҚЫЗЫ

«Орал өңірі»

www.zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале