8.06.2016, 14:16
Оқылды: 32

Халық әртісін қабылдады

bekbosinovБүгін облыс әкімдігінің кіші мәжіліс залында облыс әкімінің орынбасары Арман Өтеғұлов ҚР халық әртісі, профессор Қажыбек Бекбосыновты қабылдады.


Ақжайық өңіріне шығармашылық кешін өткізуге келген Қажыбек Бекбосынов Талдықорған өңірінің тумасы. Мерейлі 70 жасқа толған өнер иесі - қазақтың біртума дәстүрлі әншісі Ғарифолла Құрманғалиевтен дәріс алған алғашқы шәкірттерінің бірі. Мұхит, Ақан сері, Біржан, Әсет, Жаяу Мұса, Кенен Әзірбаев, Естай әндерінің орындаушысы әрі ізін жалғастырушы.

- Ең алдымен сізге елге қош келдіңіз айтамыз. Қазақстанның қай түкіпірі болса да, сізге ыстық. Дегенмен Ғарифолланың шәкірті болғандықтан, Батыс Қазақстанның орны сіз үшін ерекше деп ойлаймын. Сізді Мұхит бабамыз бен Ғарифолла атамыздың дәстүрлі әндерін жалғастырушысы ретінде ел құрметтейді. Қаратөбенің өзі әншілерге бай өлке десек, сол топырақта туған Мұхит  Мерәліұлына барынша құрмет көрсетіліп жатыр. Оның басына кесене тұрғызып, қаламыздан көше атауы берілді. Сіз осы үлкен тұлғалардан дәріс алып, көненің көзін көрген болсаңыз, бүгін сіз де көптеген шәкірт тәрбиелеп келесіз. Сол шәкірттеріңіз ұстазынан озар еліміздің дарабоздары болуына шын жүректен тілектеспіз, - деді Арман Кәрімұлы.

- Батыс өлкесі Ғарифолла мен Мұхиттың есіміне қатысты ұйымдастырылған шаралардан біреуінен қалдырған емес. Ғарекеңнің алғашқы шәкірттерінің бірі ретінде дәстүрлі ән өкілдерінің әндерін жалғастырушы ретінде осы күнге жеткеніме ризамын. 70 жасқа келсем де, ән салып, сахнада жүруім қарапайым халықтың  арқасы деп білемін. Маған өнерді берген Алла болса, мен Мұхит пен Ғарекең, Әсет пен Естай сынды ұлы кісілердің әндерінің арқасында халыққа танылдым. Жайық жерінің талай рет дәмін татып, суын іштім. Көзімнің тірісінде бір адамдай өнер тарихында қалдым. Сондықтан өмірге де, өнерге де еш өкпем жоқ, - деп кездесу барысында Қажыбек Құдайбергенұлы облыс басшылығына ризашылығын білдірді.

Бұдан кейін Арман Кәрімұлы өнер иесіне облыс әкімі Алтай Көлгіновтің алғыс хатын табыстап, гүл шоғын ұсынды.

www.zhaikpress.kz

Ләззат ШАҒАТАЙ

Суретті түсірген

Темірболат ТОҚМАМБЕТОВ

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале