5.10.2015, 17:29
Оқылды: 70

Хамза Есенжановтың ұлы дүние салды

ZHБүгін Алматы жұртшылығы қазақтың белгілі жазушысы, көркемсөздің көрнекті шебері, Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Еңбек Қызыл Ту, «Құрмет белгiсi» ордендерінің иегері, жерлесіміз, “Ақ Жайық” трилогиясының, “Жүнісовтер трагедиясы” дилогиясының, басқа да туындылардың авторы болған Хамза Есенжановтың жалғыз ұлы, профессор, филология ғылымдарының кандидаты Әлихан Хамзаұлын соңғы сапарға шығарып салды.

Жерлеу рәсімі кезінде Батыс Қазақстан облысының ресми делегациясын бастап барған облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысы Дәулеткерей Құсайынов өңір басшысы Нұрлан Ноғаевтың марқұмның жұбайы Динаға, ұлы Хакімге жолдаған көңіл айту жеделхатын оқып берді.

«Асылдың сынығы, болаттың тұяғы, жақсының көзі іспетті ғалым, ұстаз, ардақты ағамыз Әлихан Хамзаұлының қайтыс болуына байланысты барша батысқазақстандықтардың атынан қайғырып көңіл айтамын.

Әлихан Хамзаұлы қарапайым мінезімен, көпшіл көңілімен ел құрметіне бөленіп, әкесінің шығармашылық мол мұрасын жинақтап, мұражай ашумен абыройға кенелген адам еді.

Өлшеулі ғұмырын өнегелі де өрісті жолға айналдырып, мәнді де мағыналы өмір сүре білген абзал жан ретінде оның жарқын бейнесі жадымызда мәңгі сақталады. Марқұмның жатқан жері жарық, топырағы торқа болсын, нұрлы да мөлдір жаны бейіште шалқысын!» - делінген жеделхатта.

Айта кетейік, Әлихан Хамзаұлы 1951 жылы әкесі жер аударылған Краснояр өлкесінің Бирилюссы селосында дүниеге келген.

Ол Қазақ Мемлекеттік университетінің филология факультетінің орыс тілі мен әдебиеті бөлiмiн бiтiрiп, әдебиет және өнер институтында лаборант, аға ғылыми қызметкер болып iстеген. 1996 жылдан Жүргенов атындағы Өнер академиясында ұстаздық етті, доцент, филология ғылымдарының кандидаты болды.

Жұбайы Дина екеуі әкесінің шығармашылық бай қазынасын сақтау үшiн музей ұйымдастырып, оның мәңгілік мекенін, ескерткіш тақтасы мен бюстін күтіп, қасиетті қара шаңырағының отын сөндірмей, артында қалған әдеби мұрасының мұртын бұзбай көздің қарашығындай сақтаған.

www.zhaikpress.kz

Айгүл Ахметова

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале