1.06.2016, 11:55
Оқылды: 44

Чапаевта мүмкіндігі шектеулі балаларға ауқымды мереке ұйымдастырды

????????????????????????????????????

     Ақжайық ауданында Халықаралық балаларды қорғау күніне арналған көптеген салтанатты шара өтті.

   Чапаевта мүмкіндігі шектеулі балаларға ауқымды мереке ұйымдастырды. Осында аудан әкімі Әділ Жоламановтың атынан оның орынбасары Меңзипа Жұматова барлық ақжайықтық балаларды аталған мерекемен шын жүректен құттықтады.


   Елімізде жас ұрпақ тәрбиесі мен біліміне, олардың денсаулығына, спортпен шұғылдануына ұдайы қамқорлық жасалып отырғанын атап көрсеткен Меңзипа Дүйсенбайқызы «Мәңгілік Ел» идеяларының құрамдас бөлімі болып отырған жас ұрпақ тәрбиесінің кемел келешекпен тығыз байланыстылығын баяндады. Ол оқуда озат, спортта жігерлі, өнерде танымал болып келе жатқан бір топ мүмкіндігі шектеулі жас өспірімге бағалы сыйлықтар тапсырды.

   Жайық негізгі мектебінің оқушылары орындаған «Шашу» биі жиналғандарға ерекше әсер сыйлады. «Дос» дуэті (Еламан Қанатов, Рысбек Бақтығали) әуелеткен «Туған ел» әні де жиналғандардың отаншылдық рухын көтерді. Ал, Елмұрат Ерболатов орындаған «Байтақ елім» туындысы да әр жүректе Отанға құрмет сезімін алаулатты.

   Осы Е.Ерболатов пен Гүлназ Құбаева орындаған «Әрқашан күн сөнбесін!» әні ел-жұрттың амандығы, жер бетінің тыныштығы, анаға деген перзенттік махаббат өлшемін айналаға паш еткендей . Осы әнге жалғас орындалған «Бала тілегі» (Айару Зәкария) де алғашқы әнмен мазмұн жағынан үйлесім тапты.

   Концерттен соң «Көңілді сөре» спорттық ойындары жалғасты. Допты торға лақтыру, қапшықпен секіру, асық ойнау, гимнастикалық таяқ, боулинг, т.б. қызықты шаралар осы күннің қызығын еселеді. Жүлдегерлер Бақдәулет Шайхолла (Жаңабұлақ), Әлім Сарқұлов, Сайын Мұханбет, Данил Колужских (Чапаев), т.б. дипломдармен марапатталды. Жиналғандар аудандық музейде болып, түрлі экспонаттарды тамашалады. Ауданымыздың тарихындағы танымал тұлғалар өмірбаянымен танысты.

   Осы шараға келген барлық ауылдық округтер балаларына «Гүлназ» тойханасынан түстік берілді. Аудан азаматтары Құрманғазы Жақсыбаев, Әділбек Жаншин, Ерлан Хамзиндер балаларға тәтті, т.б. сыйлықтар жасады.

www.zhaikpress.kz

Тілес ЖАЗЫҚБАЙ

Ақжайық ауданы

Суреттерді түсірген Нұрбек ИХСАН

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале