12.08.2016, 16:39
Оқылды: 41

Чапаевта Халықаралық жастар күніне орай шаралар ұйымдастырылды

????????????????????????????????????

  Ақжайық ауданының орталығы – Чапаевта Халықаралық жастар күніне орай түрлі шаралар ұйымдастырылды. Ауылдардан жиналған ұл-қыздар алдымен «Экстремизм мен терроризм идеяларының жастар арасында таралуына қарсы тұру» тақырыбындағы «дөңгелек үстелде» бас қосты.


   Осында «Ақжайық өрендері» жастар қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ерлан Төленов өз сөзінде әлемдік саяси және геосаяси, әлеуметтік-экономикалық күрделі мәселелермен қатар өркениетаралық түсініспеушілік аса қауіпті құбылыстар әкеліп отырған кезеңде бізге сергектік, сауаттылық аса қажеттігін еске салды. «Әрине, соның бәрін тек діндер не діни қатынастар ауқымында қарастыруға болмайды. Ислам атын жамылған ағымдардан «майда-шүйде» мәселеден бастап, аса қатерлі жайттар туындайды. Біздің дәстүрімізді бұрмалауға тырысушылар аз емесін де қаперден шығармауымыз керек. Анау бір елдердегі экстремистік және террористік топтардың әрекетіне арбалғандардың ықпалы шекара талғамайды. Біздің болмысымыздың тамырына балта шапқысы келгендерге ой-өреміздің биіктігімен қарсы тұруымыз керек»,-деді ол.

   Мәжіліс барысында жастар өз ойларын ортаға салып, дін адамзат тірлігіндегі сан-алуан мәселелерді шиеленістіру үшін емес, шешу үшін қалыптасқан институт екенін баяндады. Мысалы, «Жас Отан» Жастар қанатының атқарушы хатшысы Біржан Кухаев интернеттегі, әлеуметтік желілердегі арандатушылыққа абай болу, дінде күйретушілік мақсатқа пайдаланушылардың бетпердесін айыра білу, ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін дәстүрлі діндерден білу, «Таным» деструктивті діни ағымдардан зардап шеккендерге көмек орталығы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Құрман Бисеғалиев еліміздің кейбір шаһарларында орын алған лаңкестік оқиғалардың ащы сабағынан үлкен де, кіші де қорытынды шығаруға тиістілігін тілге тиек етті.

   «Дөңгелек үстелден» кейін жазасын өтеу орындарынан босаған жастарды қоғамға бейімдеу тақырыбында әңгіме болды. Бұл тақырыптың да аса көкейкетілігін сөз алғандар атап көрсетті. Бұдан әрі жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталықтың директоры Әлия Шәрапиева, Ақжайық аудандық №1 пробация қызметінің аға инспекторы, әділет капитаны Нұрлан Сәмиғалиев, аудандық жұмыспен қамту орталығының басшысы Бақтыгүл Ержанова істі болған жастарды қоғамнан шет қалдырмауға, мүмкіндігінше жұмысқа орналастыруға байланысты төрт жақты меморандумға қол қойды.

   Қыз-жігіттер «Жастар» спорт алаңында командаларға топтасып, түрлі бәсекелерде сынға түсті. Осында жиналғандар алдында аудан әкімінің орынбасары Меңзипа Жұматова құттықтау сөз сөйледі. Ол Рио Олимпиадасында қазақстандықтардың жеңістерін атап көрсетіп, өмірде жетістіктеріміздің мол болуына тілегін білдірді. «Сіздер, ұлы даланың ұландары ата-бабаның ерлігін, өрлігін еншілеуге тиіссіңдер»,-деді ол.

   Сайыстар қорытындысында мысалы, жігіттер арасында жағажай волейболынан Абай атындағы мектеп-гимназия, шағын футболдан өртпен күрес бөлімі иеленді.

Бекем Бекұлы

Ақжайық ауданы

www.zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале