8.09.2016, 16:11
Оқылды: 18

Чемпионмен тоғыз жолдың торабындағы жүздесу

????????????????????????????????????

  Кешегі Рио олимпиадасының жеңімпазы Данияр Елеусіновтің туған жері Қазталов ауданына бара жатқанын естіген көршілес Ақжайық ауданы жұртынан тағат кеткен-ді.Неге тағат кетпесін, оғланды кім көргісі келмейді. Сөйтіп, бүгін ақжайықтықтар чемпионды тоғыз жолдың торабынан- Чапаев тұсынан күтіп алды.


   Баһадүрді, оның ата-анасын,отбасын аудан әкімі Әділ Жоламанов құттықтап,зор тілегін арнады.

  - Ақжайық ауданы Қазталов ауданымен экономикалық байланыста қоян-қолтық араласқан көрші ауданбыз. Жайықтың қос қапталын тең жайлаған Жұбан еліне қош келдіңіздер!. Сіздің Рио олимпиадасында қазақ батырларының ақ жолын жалғастырған жарқын жеңісіңіз – еліміздің спорт тарихындағы айтулы оқиға. Күллі әлем көз тіккен додада ел намысын қолдан бермей, айдай әлемді мойындатқан Сізді мақтан етемізі! Жеңісіңіз құтты болсын!,-деді ол.

  Спортшының әкесі Марат Елеусінов өздерін қарсы алған ақжайық жұртшылығына алғысын айтып, осы елден де Даниярдың ізбасарлары көптеп шығатынына сенетіндігін айтты.

   Данияр Елеусінов ақжайықтық балғын боксшыларға қолтаңба бере тұрып, ел-жұртына зор алғысын арнады. «Қадірменді жерлестер, менің Риодағы көрсеткен өнеріме қолдау білдіргендеріңіз үшін басымды иемін. Отанымды қашанда қуантуға бар күш-жігерімді сарп етемін»,-деді ол.

...Риода қарсылас шыдатпаған,

Данияр-ау ерекше құбылысың.

Маңдайың жарылса да бұл қазақтың,

Маңдайына бітіп тұрған бір ұлысың.

Астанадан арнайы жолға шықтың,

Туған жерге ат басын бұру үшін.

Басыңды жерге дейін иіп келдің

Бабаларға бір тағзым қылу үшін.

Қанша ұлық болса-дағы кішік болған,

Қалайша айтпай кетем бұл ірі ісін.

Рионың алтынынан артық көрген,

Туған жер топырағының бір уысын!,- деп арнау айтқан Жайық таңы газетінің тілшісі Бекболат Қаленовтың жыр жолдары көпшіліктің чемпионға деген қошеметін тіпті еселеді.

Сәмен ЖАҚСЫЛЫҚ

Ақжайық ауданы

Суретті түсірген Нұрбек ИХСАН

 www.zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале