26.04.2016, 17:19
Оқылды: 26

Чернобыль АЭС апатын жоюға қатысқан ардагерлерге 6 миллион теңгеден астам бір жолғы төлемақы берілді

Jernobil apati     Орал қаласы әкімдігінің баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, қазір облыста Чернобыль АЭС апатын жоюға қатысқан 382 ардагер бар. Олардың әрқайсына ай сайын екі айлық есептік көрсеткіш көлемінде, яғни 4242 теңге әлеуметтік көмек, оған қоса 13 129 теңге мемлекеттік жәрдемақы беріледі.


     Чернобыль АЭС апатының мүгедектеріне төленетін жәрдемақы 16 014 теңге. Сондай-ақ, баспанамен қамту, кезектен тыс емдеу мекемелеріне, шипажайларға жолдама беру, салықтық жеңілдік көрсету мәселелері қарастырылған. Чернобыль АЭС апатының салдары жойылғанына 30 жыл толуына орай облыста 213 адам 30 мың теңге бір жолғы төлемақы алған. Сол үшін бюджеттен 6 млн. 390 мың теңге қаржы бөлінген. Ал ірі техногендік апатты ауыздықтауға атсалысқандардың немесе зардап шеккендердің 48 отбасына 20 мың теңгеден, жалпы сомасы 960 мың теңге құрайтын  қаражат берілген. 2014-2015 жылдары Чернобыль АЭС аумағын залалсындандыруға қатысқандарға 19 тұрғын үй берілген. Қазіргі уақытта баспана кезегіне 65 ардагер мен мүмкіндігі шектеулі жан тіркелген. 2010 жылы облысымызда «БҚО «Чернобыль мүгедектері мен ардагерлері» қоғамдық бірлестігі  қызметін бастады. Былтыр осы қоғамдық ұйымның бастамасымен Орал қаласындағы «Агрореммаш» АҚ саябағында  мемориалдық кешен ашылды. Оған қалалық бюджеттен 152 млн. 522 мың теңге жұмсалған.

     Еске сала кетейік, бүгін Чернобыль АЭС апатының жойылғанына 30 жыл толуына орай ардагерлер мен олардың қатарында марқұм болғандардың тума-туысқандарының қатысуымен Орал қаласында митинг өтті. Мемориальды кешенге гүл шоқтары қойылды. Атаулы шараға орай алдағы уақытта спорттық сайыстар, ядролық қауіпсіздікке байланысты «әлем сабақтарын» өткізу үшін ардагерлермен кездесу, сонымен қатар еске алу кештері өткізілмек.

www.zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале