6.10.2016, 15:21
Оқылды: 27

«Шабыт шалқары» аудан жұртын шалқытты

????????????????????????????????????

 Зеленов ауданы орталығында тамаша бастаманың тұсауы кесілді. Батыс Қазақстан облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасы және Зеленов ауданы әкімдігінің қолдауы, облыстық халық шығармашылығы орталығы мен Зеленов аудандық мәдениет тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің ұйымдастыруымен «Шабыт шалқары» атты ән байқауы оздырылды.


Аталмыш байқаудың басқа ән жарыстарынан айырмашылығы тек өңір ақындарының сөзіне жазылған жергілікті композиторлардың әндері орындалды.

Талантты музыкантарды іздеу мен олардың өсуіне көмек керсетуді, жас орындаушылардың шығармашылық мүмкіндіктерін көтермелеу, облысымыздың сазгерлері мен ақындарының еңбектерін елеп,  ән мен өлеңнің сапасын арттырып, өскелең ұрпақтың өнерге деген қызығушылығын арттыру мақсатында оздырылған байқауға өңіріміздің бірнеше ауданы мен Орал қаласынан келген өнерпаздар қатысты.

Ауданда ғана емес, облысымызда алғаш өткізіліп отырған ән байқауына айтыс ақыны, Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері Шолпан Қыдырниязова, «Ерен Еңбегі үшін» медалінің иегері, Ғарифолла Құрманғалиев атындағы облыстық филармония әншісі Марат Сарбөпеев, Облыстық Халық шығармашылығы орталығының директоры Медхат Қамбетов, аудандық «Ақниет» әжелер ансаблінің жетекшісі, әнші-сазгер Гүлбаршын Қасиетова, «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Нұржан Дүзбатыров және ҚР мәдениет қайраткері, аудандық мәдениет үйінің директоры Ғизат Мұхамбетов сияқты танымал тұлғалар қазылық етті.

Таң сәріден аудан қонақтары мен байқау қатысушыларын ауыл шетінен қазақы дәстүрмен қарсы алған соң ән жарысының ашылу салтанаты өтті. Ол жерде аудан әкімінің орынбасары Асылұлан Досжанов:

 - «Өнер-ұлттың жаны» дейді дана халқымыз. Кез келген ел өнерімен, мәдениетімен танылып, бағаланатыны анық. Ал соның ішінде қазақ мәдениетіндегі ән өнерінің алар орын ерекше. Данышпан Абайдың «Туғанда дүние есігін ашады өлең, Өлеңмен жер қойнына кірер денең»,-деген сөздері қазақ өмірінің бүкіл тыныс-тіршілігі өлеңмен өрнектелетінін айқын көрсетеді, себебі қазақтың әні мен күйі – халқымыздың көне заманнан бері қалыптасқан асыл қазынасы, ұлттың бекзат болмысы, жүрек сыздатқан сағынышы, көңілдің нәзік қылын шертер сезімі, мұң шері, қуанышы өлеңмен өрнектеліп отырған. Жастарды өнерге және отансүйгіштікке тәрбиелеу мақсатында Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы аясында оздырылып жатырған «Шабыт шалқары» байқауына қош келдіңіздер,-деп шара ұйымдастырушыларына ризашылықтарын білдіріп, қатысушыларға сәттілік тіледі. Одан соң фестивалдің «Шабыт шалқары» туы мен «Өлең өрлесін», «Саз самғасын», «Ән әуелесін» жалаулары салтанатты түрде көтерілді.

Байқау шарты бойынша әр қатысушы еркін тақырыпта екі ән шырқау керек болды. Әр әнді нақышына келтіре орындаған қатысушылар ішінен мықтыны таңдап алу қиынға түсті десем артық айтқаным емес. Қаратөбелік «Шабыт» триосы, жаңақалалық квартет, Сырым ауданынан келген Бекей Таңатов, теректілік Елдар Сатқанов, Зеленов намысын қорғаған Надежда Сармина сияқты әншілер әндерін тамша орындап, тыңдарман қауым мен әділқазылардың көңілінен шығатындай өнер көрсетті. Тамаша фестиваль соңы үздік деген орындаушылардың гала концертіне ұласты. Оған да жергілікті өнерсүйер қауым көптеп жиналды. Әр орындаушылардың өнеріне разы көрермен ешбірін қошеметсіз қалдырмады.

Күн ұзағына созылған байқауды қорытындылаған әділқазылар алқасы барлық қатысушыларға дипломдар мен естелік сыйлықтар ұсынды. Ал тамаша байқаудың ІІІ орыны оралдық Мәди Сабыров, Зеленов намысын қорғаған Артур Мерғалиев және Жеңіс Қасымов дуэтіне, ІІ орны теректілік Айдана Ажғалиеваға бұйырса, бірінші орын тағы бір оралдық тамаша әнші Тарас Жауымбаев қанжығасына байлады. Бұдан бөлек «Үздік ақын», «Танымал сазгер», «Үздік сазгер» аталымдары бойынша оза шыққандар да марапатталды. «Үздік ақын» атағы өңірімізге танымал журналист Мұнайдар Балмолда еншісіне жазылса, «Танымал сазгер» аталымын Ербол Ақбасов, «Үздік сазгер» аталымын Таңат Жексенбаев жеңіп алды.

Өңір ақындары мен сазгерлерінің өнерін бағалап, еңбектерін елеу мақсатында оздырылған байқау жыл сайын өтіп тұрса игі болар еді.

Түгелбай Бисен

Зеленов ауданы

www.zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале