19.01.2016, 10:18
Оқылды: 21

Шаруасы оңды округ

жанакала отчетСоңғы жылдары Қызылоба округін осылай бағалап келеміз. Оған негіз болып жүрген аудан бойынша салыстырмалы түрде алғандағы округтің өндірістік көрсеткіштерінің тәуірлігі еді.

Жаңақала ауданының әкімі Л.Хайретдинов бұл округтегі есебін алдымен кездесуге тұрғындары түгел келе алмайды деген елді мекендерін аралап, олардың мұң-мұқтажын, ұсыныс, тілектерін өз ауыздарынан естуден бастады.


Алдымен Айтпай ауылында тұрғындармен жылы жүздесу өткізіп, олардың тілектерін еркін айтуына мүмкіндік туғызды. Бұл кездесуге үлкен ризашылық білдірген айтпайлықтар ауылға ортақ мәселелерін сөз етіп, жауабын әкім аузынан естіп, көңілдерін көншітті.

жанакала отчет (1)- Бруцеллез көбейіп, мал басын өсіруге мүмкіндік бермей жүр. Күмәніміз де жоқ емес. Ауру малды арнайы сою нүктесіне тапсырғанда берілуге тиіс өтемақыны әлі алмағандарымыз бар. Бұл қалай шешіледі?-деді ауыл тұрғыны Ж.Есқазиев.

Олар электр қуатын беруде жиі үзіліс болатынын, көшеге көл суы, 23 үй тұратын ауылға клуб, сауда нүктесін салу үшін несие алуға көмек керегін де бүкпеді.

Ал Жангелді елді мекеніндегілер ауылға табиғи газ құбырын тартуға, су мәселесі, көбікті аршып, тазартуға көмек керегін аудан басшысының назарына берді.

Қызылоба ауылдық округіндегі есепті кездесуде алдымен аудан әкімі Л.Хайретдинов «2015 жылғы ауданның экономикалық-әлеуметтік даму барысы және алда тұрған міндеттер туралы»  баяндама жасады.

Селолық тұтыну кооперативіне бірігуде де аудандық көрсеткіш 14,8 пайыз болса, Қызылобада 18 пайыз.

2015 жылы Жаңақала ауданына 492 млн. теңге субсидия келсе, оның 102 млн. теңгесі (21 пайыз) осы округ үлесінде. Бұл да аудан бойынша ең тәуір көрсеткіш.

Ауданда малдануға арналған «Сыбаға» бағдарламасы 172 пайызға, «Алтын асық» 175 пайызға, «Құлан» 140 пайызға орындалса, Қызылобада «Сыбаға» 499 пайызға, «Құлан» 114 пайызға орындалды.

Өткен  жылы ауданға 753 млн. теңге несие енсе, оның 165 млн. теңгесін тағы да қызылобалықтар еншілеп отыр. Ең жоғары көрсеткіш.

Ауылшаруашылық техникасын алуда 2014 жылы ауданға келген 102 техниканың 21-ін, 2015 жылы 50 техниканың 15-ін қызылобалықтар алды. Бұл бағытта да алдарына қара салмай отыр.

Тағы бір ескерер жай – бруцеллез мал саны да бұл округте азайып келді.  Айта берсек, округте атқарылған оңды істер аз емес.

Әрине, жұмыс бар жерде азды-көпті кемшілік те болады. Солардың бірі – «Жұмыспен қамту  бағдарламасы» бойынша 2012 жылы берілген несие қайтарымының мардымсыздығы. Округте күні бүгін 6 адам 15 млн. теңге несие қарызын қайтармай келеді.

Сондай-ақ саны азайды дегенмен бруцеллез мал саны әлі де көп. Жұқтыру пайызы сиырда 2,9 пайыз, қойда 0,3 пайыз, түйеде 10 пайыз. Ауыл тұрғындарын алаңдататын да осы мәселе.

Жыл ішінде атқарылған жұмыстар көрсеткішін облыстық көрсеткіштермен салыстыра отырып, әрі осы округтің сәйкесті үлесін де саралап, әңгімелеген  аудан әкімінің есебі  өте тартымды болып,  тыңдаушыларын жалықтырмады.

Мұнан кейін ауылдық округ әкімі Н.Бердіғалиевтың есебі де нақты болды. Жалпы  барлық өндірістік көрсеткіштері бойынша ауданда алда келе жатырған бұл округтегі игі істердің ұйтқысы болып отырған ауыл әкімі Н.Бердіғалиевтың да іскерлігін айтпай кетуге болмайды.

- Біз көзіміз көріп, құлағымыз естіп отырған аудан бойынша атқарылған жұмысқа куәміз. Оны мақтан етіп жүреміз. Бұл аудан әкімінің ұйымдастырудағы оралымдығы деп бағалап, оң баға береміз.

Округіміз де ауданда үнемі алда келеді. Үлкен жиындарға қуанып барып, естігенде марқайып отырамыз. Ауыл әкімі де халықпен етене араласып, тіл тауып жұмыс жасауда. Ризамыз.

Алаңымыз – бруцеллездің көптігі. Оған өзіміз де жол беріп жүргеніміз рас. Бізде де заңсыз мал қозғалысы көп. Соны шектесек, кешенді шаралар талабын сақтасақ, бруцеллез азаярына сенемін,- деді ауылдастары атынан сөз алған зейнеткер М.Еслямғалиев.

Мұнан кейін тұрғындар тарапынан түскен сұрақтарға жауап беріліп, есепті кездесу жиыны аяқталды.

www.zhaikpress.kz

Өмірзақ Ақбасов

Жаңақала ауданы  

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале