31.03.2016, 18:32
Оқылды: 38

Шаруа қожалықтарында шын мәнінде қанша адам жұмыс жасайды?

????????????????????????????????????

     Осыған байланысты еңбек инпекторлары ауылдарға шығатын болады. Ақжайық ауданының орталығы – Чапаевта кезекті баспасөз мәслихатына жиналғандар алдында кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Дүйсенбай Қарабалин сөз алды.

    Аудан бойынша шағын бизнес саласында бүгінде 1733 шаруашылық субьектісі тіркелген. Бұл былтырғы осы мерзіммен салыстырғанда 53 бірлікке көп (3,2 %). Кәсіпкерліктегі инфрақұрылымның тынысы, шағын цехтардың тәжірибелері жайында баяндай келіп, Д.Қарабалин бірсыпыра қынжылтатын жайттарды ортаға салды.


      Айталық, кірістер басқармасына мерзімінде тіркелмеу, шаруа қожалықтары мүшелерінің немесе келісімшарт арқылы жұмыс жасап жүргендердің тіркелмеуі, «кәсібімді уақытша тоқтатамын» деп жалған өтініш жазып, өз жұмысын жалғастырып отырғандар ұшырасады. Кезінде алған жерін дұрыс пайдаланбай, малын тіркетпей, соның салдарынан қазір аяқтан тозып, кеңседен-кеңсеге шапқылап жүргендер кездесіп қалады. «Бұл ретте айтайын дегенім, бірсыпыра азаматтарымыз заңды оқып-үйренуге құлықсыз. Аз болсын, көп болсын, қолдағы малын тіркетпеу дегеніміз бейқамдықтың қай түрі?»,- деді бөлім басшысы өз сөзінде. Былтыр мақсатты түрде пайдаланбағандықтан, 18 шаруашылық субьектісін 18,7 мың га. жері мемлекет меншігіне қайтарылды.

      Д.Қарабаллиннің айтуынша, ұғындыру ісінің өрістеуі нәтижесінде кәсіпкерліктің сондай көлеңкелі жақтарына байланысты «сең қозғалуда».

    Жылдың өткен кезеңінде 17 шаруа қожалығында мүшелікке 23 адам тіркелді, жыл басынан бері іске кіріскен 9 шаруа қожалығының жетекшілерін қоса алғанда 21 адам кірістер басқармасына тіркелді. Шаруа қожалықтарында шын мәнінде қанша адам еңбек етеді? «Осыған байланысты еңбек инспекторларымен хабарласудамыз, олар ауылдарда тиісті қам-қарекет жасайтын болады»,- деді Д.Қарабалин.

     Мәслихат барысындағы сұрақтарға байланысты, бөлім басшысы мына деректерді баяндап берді: биыл ауданда құны 823 млн. теңгенің 19 обьектісін іске қосу жоспарланған. Осы жобалардың ішінде құны 672 млн. теңге 4 инвестжоба бар. Бұлар: ірі қара малы етін өндіретін «Батыс НЫҚ» ЖШС, «Квант» ЖШС салып жатқан жанар-жағармай құю жөніндегі кешені, ет қалбырлау цехы және «Орал мұнай-химия компаниясы» ЖШС-нің жанар-жағармай құю кешені.

www.zhaikpress.kz

Бекем БЕКҰЛЫ

Ақжайық ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале