1.04.2016, 16:26
Оқылды: 26

Шаруа қожалықтар «Тайтөбеде» ат жарыс ұйымдастырды

Bokei 02      Көктерек пен Жамбыл ауылдарының шаруа қожалықтары «Тайтөбеде» ат жарысын ұйымдастырды. Төбе басына ақшаңқай киіз үй тігіліп, қазан көтеріліп, күмбірлеген күй ойналып, сауда да жүріп жатты. Салтанатты ашқан округ әкімі Қайырсапа Саматов демеушілерге жұртшылық атынан ризашылық білдіріп, шабандоздарға сәттілік тіледі.

      18 шақырымдық аламан бәйгеде 19 сәйгүліктің арасынан суырылып алға шығып, мәре сызығын бірінші қиған жиреннің иесі көктеректік Амантай Құспановтың торы аты да екінші келіп, мерейін тасытты. Үшінші жүлде ордалық Ерболат Молдағалиевтің қарагеріне бұйырды. Ал, 18 жүйрік қатысқан құнан бәйгеде І, ІІ орындарды саралжындықтар Ершат Ғұбашев, Назар Мұқанғалиев, ІІІ орынды көктеректік Бейбіт Айтасов иеленді. «Ең жас шабандоз» аталымы Хан Ордасының тұрғыны Асхат Матаевқа берілді.


      Бұдан кейін боз кілемге шыққан 6 жұп қазақша күресіп, тиісінше Рахман Наушин (Көктерек), Тоқтар Меңдіханов (Хан Ордасы), Мирас Сәрсенғалиев (Бисен) жеңіс тұғырына көтерілді. 5 команда арасында өткен арқан тартыста Бисен ауылы жігіттері мықтылық танытса, жиекқұмдықтар мен бөрліліктер де осал емес екендіктерін байқатты. Балалардың жаяу жарысында жиекқұмдық Талғат Жұмағалиев (8-сынып), жамбылдықтар Асылжан Максимов (5-сынып), Нұртілек Темірғалиев (7-сынып) желаяқтар қатарынан көрінді.

     Той соңында жеңімпаздарға Көктерек, Жамбыл ауылының ауылнайлары Сағындық Сәрсенов пен Бисен Ижанов ақшалай сыйлықтар табыс етті.

www.zhaikpress.kz

Исатай ҚҰРМАШЕВ

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале