14.07.2015, 9:06
Оқылды: 24

Шаттандырған балдырғанды Шамиль аға

Janibek shattanbirgan shamil aga   Елдігімізді  жер-жаһанға паш етер Астана күні мерекесін тағатсыздана күткен жұртшылықтың ішінде періште көңіл балдырғандарға   дәл сол күні «берсең, балаға бер»,- дегендей, Талов ауылының  қадірлі де құрметті азаматы  Шамиль Салахов  ауыл мәдениет үйінің алдында 300 мың теңге қаржыға салынған балаларға арналған шағын ойын алаңын сыйға тартты.

Баласын бақытына балаған, үміт артар болашағым деп қараған ауыл тұрғындары балғын бөбектерді дән риза қылған Шамиль Шайхманұлына алғыстарын жаудырып, ата-әжелер ақ баталарын берді.  Балаларға күміс күлкі сыйлаған азаматқа «жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» дегендей, туған жердің қамын ойлап, ауылыма болсын дейтін азаматтарымызға сіздің жолыңыз жұғысты болсын деген тілектер жаудырылды.

Ойын алаңының ашылу салтанатынан соң, Жақсыбай, Борсы, Талов ауылдық округтері  арасында футболдан  жарыс өтті. Футболға ересектер ғана қатысып қоймай,  жасөспірімдер де өз үлестерін қосты.

Сол күні кешкісін мереке концерттік шараға ұласты.

www.zhaikpress.kz

Меңдігүл ФАЗЫЛОВА

Жәнібек ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале