30.03.2016, 12:07
Оқылды: 38

«Шашыңды кескенің - бақытыңды кескенің»

 burim   Бүгінгі таңда сұлу  шашқа тағылған шолпының сылдырын естімек түгілі, бойжеткеннің өрілген білектей бұрымын көрудің өзі қиын екендігі ащы да болса шындық.

    Міне, осы сықылды жағымсыз жәйттер жанды жүдетіп,  көңілді қынжылтып жүргенде, кенеттен шашы ұзын келіншектің кездесе кеткені көңілде үйірілген қара бұлтты сейілтіп жіберді.


    Ол - қою қолаң шашты шорт кесуді немесе түрлі түстерге бояуды мүлдем білмейтін жан. Аяқ асты кездесіп қалған келіншектің аты-жөні - Индира Бұйрашева. Зеленов ауданы орталығындағы Қасым Аманжолов мектебінің ұстазы. Сөйтіп, шаш өсіру хақында жас ұстазбен әңгіменің тетігін ағыттық.

    Жалпы, шаш тек сұлулықтың белгісі емес, Алланың берген ерекше сыйы деп білемін. Адамның көркін келтіріп, нұрландырып тұратын толқындай қара шашы емес пе?!

- «Шашыңды кескенің - бақытыңды кескенің» деген қазақтың ырым-тыйымы біздің отбасымыздың басты ұраны іспеттес. Шаш өсіруге құрметпен қарайтынымыз соншалықты, түсіп қалған бір тал шашымыздың өзін кез келген жерде жатқанын қаламай жинақтап жүреміз. Өз басым шынайы табиғилықты сүйемін. Сондықтан да болар, шаш күтімімен қатар, бет-әлпетіме де бояуларды көп қолдана бермеймін. Аялап өсірген ата-анам да, сүйенішім жолдасым да шашымды өзгертіп қиюға қарсы. Сондай-ақ, шашты өсіру, күту маған қиын емес,-дейді Индира Бұйрашева.

    Бүгінде көзі тірі Жібек әжейдің сегіз қызының да шаштары тым ұзын болған. Мәселен, ең үлкен қызы, дәрігер, Индираның анасы  Сәруәр апаның  да қолаң шашы бар. Елуден асса да, шашына бірде-бір қайшы құралын тигізіп көрмеген  апамыз шашты ерекше күтіп ұстап, көк сумен жуады екен.

    Индираның тұңғышы, бес жасар Алуаның шашының ұзын болуы заңды.

         -Шашымның ұзын болғаны өзіме ұнайды. Үлкен болып өскен кезімде де шашымды кеспей одан әрі өсіре беремін. Өйткені, екі әжем де, анам да шаштарын қидырмаған. Шашты қиюға болмайды,-дейді Алуа. Иә, бүлдіршін дұрыс айтады. Оның осы бір ауыз сөзіне  кей үлкендеріміз құлақ асып, түсінсе игі.

     Иран Ислам Республикасының Мәдениет министрі мұсылманшылық талаптарына сай шаш қоюдың тәртібін бекіткен деседі. Шариғат талаптарына қайшы шаштарын өзгерткендерді  тәртіп сақшылары қатаң бақылап, жөнге салмақшы екен. Кей деректерге сүйенсек, байырғы  көшпенділер үшін шашты қидыру қорлықтың белгісі саналған. Сондай-ақ, орта ғасырда Батыс Еуропада күйеуінің көзіне шөп салған әйелдің шашын дәл желке тұсынан шорт кесетін заң болған.

         Әр нәрсеге мән бере қарайтын дана халқымызда дәл мұндай заңдылықтар болмағанымен, әйелдің сұлу шашын құнды деп бағалаған. Халық арасындағы «Шашыңды отқа тастама», «Шашыңды жайып жүрме, жайылған шашқа шайтан үйір болады», «Шашыңды кескенің - бақытыңды кескенің» т.б. тыйымдар әйел шашының қаншалықты зор қасиетке ие екендігін көрсетеді.

         Ендеше, асыл қасиетімізден айырылмайық, нәзік жандар! Сүмбіл шаш, қолаң шаштар қатары көбейе берсін, ләйім!

www.zhaikpress.kz

Айшабибі  МӘМЕТ

Зеленов ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале