3.05.2016, 17:53
Оқылды: 25

Шағын нысандардың құқы кеңейді

Oral tarif     Енді шағын табиғи монополия субьектілері тұтыну бағасы индексіне сәйкес тарифтерін өз беттерінше өзгерте алатын болды.

     Бұл жөнінде облыстық табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау департаментінің өкілдері жақында өткен семинар-кеңес барысында мәлімдеді.

     Аталмыш департамент басшысының орынбасары Клара Әлиеваның сөзінше, бұл жарық, су, газ және жылу беру қызметімен айналысып отырған ірі монополистерге қатысты емес. Аталған қызмет түрлеріне бекітілген тариф еліміз бойынша өзгеріс болмаса, биыл жыл басында бес жылға бекітілген күйінде қалады.  Заңға енгізілген өзгертулерге сәйкес тарифті өзгерту құқығына қуаттылығы шамалы шағын нысандар жатады. Олардың қатарына  20 Гкал/сағатқа дейінгі мөлшердегі жылу қуатын таратумен айналысатын өндіріс орындары мен жылына 500 мың текше метрден (куб/метр) аспайтын көлемде су бөліп отыратын шағын мекемелер және жылына 25 млн.кВт.сағат көлемінен аспайтын электр қуатын тасымалдайтын кіші кәсіпорындар жатады. Сондай-ақ, шағын подъезд жолдары да осындай құққа ие.

  Жиын барысында сөйлеген  аталмыш мекеменің бөлім басшысы Оралбек Құлмұрзин 1998 жылдың 9 шілдесінде шыққан  «Табиғи монополиялар және реттелетін нарықтар туралы» Заңға көптеген өзгерістер енгізілгенін айтып, мұны көпшілікке егжей-тегжейлі түсіндірді. Оның сөзінше, өзгерістер негізінен табиғи монополия субьектілері қызметінің және тарифті қалыптастырудың ашықтығын қамтамасыз ету бағытына енгізілген.  Сондай-ақ,  жаңғыртылған заңға сәйкес инвестициялық бағдарламалардың және басқа да міндеттемелердің орындалу барысына бақылау күшейтілмек. Бұл жағдай табиғи монополия субьектілерінің қызметі барысында кездесетін әкімшілік кедергілерді азайтып, олардың жұмыстарының нәтижелілігін арттырады деп күтілуде. Тағы бір айта кететін жәйт, жаңғыртылған заң бойынша табиғи монополияның шағын субъектілері бұдан былай тұтынушылар алдында өз қызметтері жөнінде есеп бермейтін болды. Олар, сондай-ақ, тариф сметасында жүктелген шығынның пайдаланылмаған бөлшегін тиімділікті арттыру мақсатында қайда және қалай жұмсауды өздері шешеді. 2017 жылдың 1 қаңтарынан бастап реттелетін қызмет түріне жатпайтын қызметтерді де көрсетуге рұқсат етіледі. Ол үшін көрсетілген  қызмет өз шығынын өзі жабуы тиіс және өндірісте негізінен көрсетілетін қызметке бөлінген қаражатқа зиянын тигізбеуі керек. Сондай-ақ, сол бағыттағы нарық қызметіне бәсекелестікті шектемеуі тиіс. Осы айтылған талаптар сақталмаған жағдайда, реттелген қызмет түріне жатпайтын қызметті көрсетуге тиым салынады.

    Жоғарыда айтылған өзгерсітерге қатысты жиынға қатысып отырған шағын серіктестік басшылары тарапынан сұрақтар көп қойылды. Семинар ұйымдастырушылары олардың сұрақтарына нақты жауап қайырды.

www.zhaikpress.kz

Айша ӨТЕБӘЛІ

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале