29.02.2016, 13:05
Оқылды: 20

Шеберлік дәрісі және ашық турнир

????????????????????????????????????

   8 Наурыз – Халықаралық әйелдер күні құрметіне Ақжайық ауданының орталығы – Чапаевта волейболдан әйелдер командалары арасында ауданның ашық турнирі ұйымдастырылды. Атырау облысының Индер, Махамбет, БҚО-дан Бөрлі, Зеленов аудандары, Ақжайық ауданы құрамасы мен балалар-жасөспірімдер спорт мектебі, Тайпақ ауылы, Оралдан Ж.Досмұхамедов атындағы педколледж, БҚАТУ, «Грация-КZ», №19 орта мектеп командалары қатысқан айтулы жарыстың ашылу салтанатында қатысушыларды, жанкүйерлерді аудан әкімі Әділ Жоламанов құттықтады.


    Бұл ашық турнирдің бір ерекшелігі – ол «Грация-КZ» волейбол клубының жетекші жаттықтырушысы Айна Ғұбашеваның жүргізуімен шеберлік дәрісімен басталды. Осы шарадан алыс-жақыннан келген ойыншылар волейболдың қыр-сыры, қазіргі даму деңгейі жайында мол мағлұматқа қанықты. Бір қуаныштысы сол, «Грация-КZ» құрамында Чапаевтағы «Жігер» спорт клубының түлегі Виктория Макей жаттығады.

Екі күнге созылған жарыста сұлу ойынның керемет сәттеріне қалың жанкүйер қауым қуана қол соқты. Мұнда да грациялықтар нағыз шеберлік өнегесін жалғастырды деп айтқан орынды шығар. Олар бас жүлдені жеңіп алды. ІІ орынды бөрліліктер, ІІІ орынды Ақжайық ауданының құрамасы иеленді. Аталымдар бойынша да жүлделер тапсырылды. Әлия Кужебаев (БҚАТУ) үздік шабуылшы, Алмагүл Сәрсенова (Бөрлі ауданы) үздік ойыншы, Сәуле Бекменбетова (Ж.Досмұхамедов атындағы педколледж) үздік қорғаушы, Сансызбай Сыдыхов (Махамбет ауданы) үздік жаттықтырушы атанды.

 www.zhaikpress.kz

Болат ҚОСЖАНҰЛЫ

Ақжайық ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале