18.09.2015, 12:41
Оқылды: 17

Шейітсайда шертілер сыр көп

Sheitsai01    М.Өтемісұлы атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университеті жанындағы «Махамбет» ғылыми-зерттеу орталығының ұйымдастыруымен арнайы экспедиция тобы Ақтөбе облысы, Қобда ауданына қарасты Шейітсай деген жердегі Исатай бейітіне аттанды. Экспедиция құрамында танымал ақындар Ақұштап Бақтыгереева, Ғайсағали Сейтақ, тарих ғылымдарының кандидаты Жаңабек Жақсығалиев, «Жайық Пресс» ЖШС-ның бас директоры Жантас Сафуллин, тарихшы ғалымдар, аталған білім ордасының оқытушы құрамы мен студенттер бар.

    Сапар алдында филология ғылымдарының кандидаты, профессор Серікқали Шарабасов, университеттің ғылыми жұмыстар және халықаралық байланыстар жөніндегі проректоры Ғизатолла Имашев сөз сөйлеп, бұл игі мақсаттың тарихи тұлға жөнінде кеңірек мағлұмат алуға, студент-жастардың танымдық зердесін тереңдетуге септігі тиетінін айтты.

    «Махамбет» ғылыми-зерттеу орталығының директоры,  педагогика ғылымының докторы, профессор Абат Қыдыршаевтың айтуынша, Ақтөбе облысының біздің өңірмен шектесетін тұсында Исатай батырға арналған ескерткіш-белгінің ашылуына орай, ас беріліп, Құран бағышталады. Экспедиция мүшелері сол шараларға қатыспақ.

    Экспедиция мүшелері тарихи жерді аралап, көтеріліске қатысқан қазақ сарбаздары туралы кеңірек мәлімет жинамақ. Жалпы, 2013 жылы құрылған «Махамбет» ғылыми-зерттеу орталығы бұған дейін де Исатайтану және Махамбеттану бағытында біраз келелі істің басын қайырды. Танымдық жорық өңір, әдебиет, музыка тарихы, тіл тану, этнография салалары бойынша деректердің қордалана түсуіне ықпал ететіні анық.

www.zhaikpress.kz

Нұртай ТЕКЕБАЕВ

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале