14.04.2016, 12:14
Оқылды: 12

«Шенеунік пен кәсіпкер»

????????????????????????????????????

   Тасқала ауданы әкімдігінің кіші мәжіліс залында аудандық прокуратураның бастамасымен, БҚО кәсіпкерлер палатасының Тасқала аудандық филиалының ұйымдастыруымен «Шенеунік пен кәсіпкер» атты акция өтті. Шараға аудан әкімі Санжар Әлиев, аудан прокуроры Арон Ақпанов, өңірлік кәсіпкерлер палатасының өкілдері, қоғамдық ұйымдардың, сондай-ақ аудандық бақылау-қадағалау органдарының қызметкерлері және кәсіпкерлер қатысты.


      Алдымен мінбеге көтерілген аудандық прокуратураның прокуроры Нұрлан Сейітқалиевтің айтуы бойынша, үстіміздегі жылдың бірінші тоқсанында аудандық прокуратурамен кәсіпкерлердің құқықтарын қорғауға бағытталған  тексерістер жүргізіп, нәтижесінде 33 заң бұзушылық анықталыпты. Анықталған заң бұзушылықтарды жою мақсатында 5 прокурорлық ықпал ету актілерін енгізіп, нәтижесінде 6 кінәлі лауазымды тұлға әр түрлі жауапкершілікке тартылған. Сондай-ақ, аудандық кірістер басқармасының бас маманы Замир Сұлтанғалиев пен аудандық тұтынушылардың құқығын қорғау бөлімінің басшысы Айгүл Қуатова өз салалары бойынша Заңға енген бірқатар өзгерістер мен толықтыруларды таныстырып өтті. Ал, БҚО кәсіпкерлер палатасының Тасқала аудандық филиалының басшысы Арман Жортабаев шараға қатысқан кәсіпкерлерді жаңа бағдарламалармен құлағдар етті. Шараның негізгі мақсаты кәсіпкерлердің құқығын қорғау төңірегінде болғандықтан, іскер жандар өз кәсібі төңірегінде орын алған кейбір келеңсіздіктерді ортаға салды. Аудан прокуроры Арон Ұзақбайұлы өз кезегінде орын алған мәселелер бойынша кәсіпкерлерді жеке қабылдап, көмек көрсете алатындығын жеткізді.

      Шара соңы еркін сұхбат түрінде өрбіп, жиналғандар өз ойлары мен түрлі жаңашыл идеяларын ортаға салды. Аудан әкімі Санжар Жұматайұлы жиынға қатынасқан кәсіпкерлерді мемлекет тарапынан инновациялық жобаларға бөлінетін гранттарға қатысуға шақырды.

 www.zhaikpress.kz

Рауан САТЫБАЛДИЕВ

Тасқала ауданы  

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале