20.05.2015, 13:37
Оқылды: 24

Штутгарттан шыққан қазақ тілді байкерлер Шымкентке бара жатыр

Mihail   Жиырма жылдан астам уақыттан кейін өздерінің туған жері Қазақстанға барып қайту үшін Германиядан мотоциклмен 4 мың шақырымнан асатын жолға шыққан ағайынды Михаил және Роман Фиттерер Орал қаласында болды. 

-Біз Қазақстанда туып-өскенімізді мақтан етеміз. Қаншама елді көрсек те, мұндай қонақжайлылық пен бауырмалдылықты еш жерден кездестірген жоқпыз. Қазақстан жиырма жылдан астам уақыт ішінде көптеген табыстарға қол жеткізіп, гүлдене түсті. Біз қазақ тілін де ұмытқан жоқпыз, еркін сөйлей аламыз. Қазіргі таңда Германияда Оңтүстік Қазақстан мен Жамбыл облыстарынан көшкен 100 мыңнан астам неміс тұрады. Біз өз арамызда қазақ тілінде сөйлесеміз. Сыртқы түріміз неміс болса да, жанымыз қазақ, - дейді олар.

Байкерлерді батысқазақстандықтар құшақ жая қарсы алды. Қазақстан халқы БҚО ассамблеясы төрағасының орынбасары Ғайса Қапақов оларға қош келдіңіз айтты.

Михаил мен Роман Фиттерердің сөзіне қарағанда, кезінде Қазақстанға жер аударылған ата-аналарын қазақтар қолда барымен бөлісіп, аман сақтап қалыпты. Қазақ елінің барлық табысына қуанып отыратын олар туған жерін бір көріп қайтпақ болып мотожорыққа бел буыпты. Штутгарттан 14 мамыр күні шыққан байкерлер осыған дейін Польша, Украина, Ресей жерлерін басып өтті.

Байкерлер бұдан кейін Ақтөбеде болмақ, онда туыстары күтіп отыр. Содан кейін туған бауыры Мануэль Фиттерер тұратын Шымкентке жол тартпақшы.

Ағайындылар неміс, қазақ, орыс тілдерін еркін меңгерген, түрікшені түсінеді, ағылшынша да біледі.

Айта кетейік, жастайынан мотоциклді «ерттеп мінген» байкерлер осыған дейін темір көліктерімен бүкіл Еуропаны дерлік, Италия, Испания, Австрия, Франция елдерін аралап шығыпты.

www.zhaikpress.kz

Елжан Ералы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале