26.02.2015, 10:03
Оқылды: 23

«Шымкентке барып, «Танк» атанғаным бар»


 Мейрам САПАНОВ  –  «Ақжайық» футбол командасының капитаны


Амплуа: орталық қорғаушы (№10)

Туған күні: 12 наурыз

Туған жылы: 1986 жыл

Руы: Алаша

Нағашы жұрты: Тана

Жұлдызы: балық


- Біздің команда жақында ғана Түркиядан оқу-жаттығу жиынынан оралды. Жаңа маусымға жалпы дайындықты пысықтаған бұл жиын жоспарға сәйкес сәтті өтті. Тап бүгінгі таңда команда құрамының 80 пайызын бұрынғы жігіттер құрайды. Жиынға 3-4 легионер тартылды. Бірақ олардың алдағы маусымда команда сапында тұрақтап қалар-қалмасы бапкерлер шешетін мәселе ғой.

Жалпы, менің футболға аңсарым 13 жасымнан бастап мықтап ауа бастады. Әуелкіде осы өзіміздің Оралда аулада өзім құралпы балалармен доп қуып, футбол ойнап жүрдік. Кейін «Былғары доп» турниріне қатыса бастадық дегендей, сөйтіп, бүгінгі күнге жеттік.

- Мейрам, сен күні бүгінге дейін Шымкенттің «Ордабасы» мен «Қыраны», Ақтаудың «Каспийі» мен Қызылорданың «Қайсары» секілді біраз команданың жейдесін киіп, жасыл алаңға шығып үлгердің. Осы футбол клубтарының қайсысы көңіліңде ізгі ой қалдырды?

- Бұл командалардың ешқайсысына да өкпем жоқ. Жаңағы клубтарда кезінде бірге ойнаған жігіттердің бәрімен әлі күнге дейін сәлемім түзу. Көре қалсақ, жарқылдап амандасып, хал-жай сұрасамыз. Біразына сәті түскенде өзім телефон соғып, амандық-саулықтарын біліп тұрамын. Егер команданың ортақ мүддесі үшін жаныңды салып, барыңды салып ойнасаң, жігіттер де, жанкүйерлер де сені жаңа ойыншы ретінде жатсынып-жатырқамайды. Яғни атам қазақ айтпақшы, «Өзі жақсы кісіге қай-қайда да бір кісілік орын бар». Шамасы, менің қорғаныс шебіндегі ойын өрнегіме сүйсінгені шығар, шымкенттік бір жанкүйер мені «Уральский танк» деп әспеттейтін. Сөйтіп, Шымкентте жүргенде «Танк» атанғаным бар.

- Қой бастаған серкедей жасыл алаңға жампоз жігіттерді бастап шығатын команданың капитанына қандай қадір-қасиеттер керек?

- Менің түсінігімде, команданың капитаны, ол, ең алдымен,  бас бапкердің сенімді көмекшісі. Екінші сөзбен айтқанда, бапкерден кейінгі бапкер немесе играющий тренер дегендей, өзі де ойнайтын бапкер. Сол себепті команданың капитаны спорттық режімді бұзбайтын, команда мүшелерін клубтың ортақ мүддесіне жұмылдыра алатын, бір сөзбен айтқанда, жігіттерге жаппай талап та қоятын, керек кезде қамқор да бола білетін, сонымен қатар жаңа немесе жас ойыншының ұжымға тез сіңіп, бауыр басып кетуіне ықпал етіп, жағдай жасай алатындай тұлға болуы тиіс.

- Әлемдік деңгейдегі футбол жұлдыздарынан кім ерекше ұнайды?

- Франция құрамасының бұрынғы жартылай қорғаушысы Зинедин Зиданның қорғаныс пен шабуылды шебер жымдастыратындығы, алға да жетіп, артқа да қайтып үлгеретіндігі ұнайтын. Сөйтіп жүріп, ол қарсыластар қақпасына мөлдіретіп гол да салатын. Сосын Испания құрамасы мен Мадридтің “Реалының” қорғаушысы Серхио Рамостың ойын мәнеріне тәнтімін. Жылдамдығы ұшқыр Серхио қарсыластарынан допты сауатты тартып алады және өзі қорғаушы бола тұра, ара-тұра гол да соғып қояды.

Көбіне голды баспен салады.

- Ырымға сенесің бе, Мейрам?

- Сенемін, ойын басталарда ылғи Алла Тағаладан командамызға сәттілік тілеп, алаңға бетімді сипап шығамын.

- Біздің оқырмандарымыз өзіңдей танымал футболшының бос уақытын қалай өткізетіндігін білгісі келеді?

- Достарыммен  шағын футбол ойнаймын. Конькимен сырғанаған, шаңғымен серуендеген ұнайды. Әсіресе, ауылға, әкемнің туған жері Талдыапанға барғанды жаным қалайды. Ауылға бара қалсам, салт атқа мініп серуендеп, дала кезіп, таза ауа жұтып, бір жасап қаламын. Сондай-ақ ауыл адамдарының дархан пейілінен кәдімгідей күш-қуат аламын. Билегенді жақсы көремін. Есіңізде ме, алдыңғы жылдары біздің командада камерундық Хаман Саджо деген легионер болды ғой, соған қазақтың халық биі «Қара жорғаны» үй-реткенмін. Өзім шақырылған тойларға Саджоны ертіп барып, «Қара жорғаны» билететінмін. Қазанның түп күйесіндей қап-қара зәңгі (негр) жігіттің екі езуі екі құлағында, тісі ақсиып, дымы қалмай «Қара жорғаны» билеп жатқанын көргенде, бірде-бір қонақ орнында отыра алмай, тойға келген жұрттың бәрі билеп кететін.

- Жергілікті жанкүйерлер «Ақжайық» биыл жоғары топқа шығар деп үмітті?..

- Иә, халық та, облыс басшылығы да біздің жоғары топта өнер көрсеткенімізді қалайды. Біздің де арманымыз сол, осы мақсатқа жету үшін барымызды саламыз.

- Мейрам, ата-анаң, ағайын-туысыңа қоса, біздің жанкүйерлердің көкейінде де «Мейрам қашан үйленіп, келін түсіреді екен?» деген сұрақ бар. Қалыңдықтың қандайын таңдап жүрсің?

- Мен әкем Зайдолла мен анам Рәштің қос перзентінің үлкенімін. Менен кейін Самал есімді қарындасым бар. Өзім шаңырақты ұстап қалатын жалғыз ұл болғандықтан, менің болашақ жұбайым міндетті түрде ата-анамды сыйлауы шарт. Сондай-ақ ол төңірегіне түгел мейіріммен қарайтын, қазақтың салт-дәстүрін құрметтейтін және тамақты дәмді пісіретін, үйді жайнатып ұстай білетін жан болуы тиіс.

- Сонымен, сөз байласқан қызың бар ма, бауырым? Жанкүйер қауымнан сүйінші сұрай берейін бе?

 - Бар деп есептеңіз. Ал кім екендігін кезінде көрерсіз, көп қалған жоқ.

- Жақсы, Мейрам, Алдағы маусым біздің «Ақжайық» үшін өте сәтті болсын, тойда кездесейік!

- Айтқаныңыз келсін, аға!


 

Сұхбаттасқан ФАЙЗОЛЛАНЫҢ Бауыржаны

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале