25.12.2015, 21:36
Оқылды: 39

Шырайлы шырша тойы

KAztalovka jana jil   Есігімізден еніп, төрімізден орын алатын Жаңа жыл қуаныштары жер бетіндегі барша адамдар үшін ортақ мереке, әсіресе, оның балалар өмірінде алар орны айрықша. Желтоқсанның 24 жұлдызы Жалпақтал ауылының К.Меңдәлиев атындағы орта мектебінде аудан әкімінің «жасыл шырша» мерекесі өтті. Іс-шара кішкентай бүлдіршіндер үшін өте қызықты және есте қаларлықтай деңгейде ұйымдастырылған.


Сықырлаған аяз бетімізді шымырлатқанда, қыс айының қыңыр мінезін сезінеміз. Қыс қылышын сүйреп келе жатқанда, жаңа жылдың лебі еседі. Жаңа жыл - өмірдің жаңа баспалдағы, әр баланың бар емес пе асқақ әні. Жаңа жылда адамдарды жаңа істер, жаңа жобалар, жаңа жоспарлар күтеді. Қыс дегенде көңіліміз ағарып, жылымыз жаңарып жатқандай жарқырап, жадырайтынымыз рас. «Жаңа жыл жарылқасын, ескі жыл есіркесін» деген қазақ арасында жақсы сөз бар. Адамдар ескі жылмен барлық жамандық, реніш, өкпе кетіп, жаңа жыл жақсылыққа, нәсіпке толы болсын деп жатады. Жаңа 2015 жылымыз мерекеге толы жыл болды. Қай нәрсені болсын жақсыға ырымдау - ырыс пен құттың кілті. Жаңа жылды еске түсірсек, шырша, Аяз ата, Ақшақар көз алдымызға елестейді. Әрбіреуінің әдемі көрік беріп тұратыны рас-ақ. Әрбір жанның жүрегіндегі жылы сезімдер сыр беретіндей көрінеді.

-Ел болашағының негізі болып табылатын жас бүлдіршіндеріміз тәуелсіз Қазақстанның байрағын көкке желбіретер, денсаулығы мықты патриот азамат болып өсуіне жағдай жасау біздің борышымыз. Жаңа жылдық мереке балалардың асыға, шынайы ғажапты, сыйлықтарды күтетін мереке. Сондықтан біз, осы мерекеге орай көмегімізді аямай, жылы лебіздерімізді білдіріп, сыйлықтарымызбен қуантқымыз келеді,-деді аудан әкімі Нұрлан Бекқайыр. Аудан әкімшілігінің ұйымдастыруымен өткен шыршаға көп балалы және жағдайы төмен отбасылар және ауданның оқу озаттары  шақырылған. Жалпы жасыл шырша тойына аудан мектептерінен 27 оқушы қатыстырылыпты.

Аудан әкімінің шырайлы шырша тойы ертегі кейіпкерінде өткізілді. Сайқымазақтар сахна төріне хан мен ханшайымды шықырса, мұнан кейін мыстан кемпірс сайқымазақтар мен балғын балаларды қорқытты. Алайда сыйқыршы келіп, сыйқырын жасап, балаларға қуаныш сыйлата білді. Сонымен қатар қой жылымен қоштасып, мешін жылы келсе, аю мен Машада сахна төрінен табыла білді. Мереке шырайын оқушылармен әрлеп, мың бұралған билері тамашаланып, оқушылар бір серпіліп қалды. Сондай-ақ балғын өнерпаздар замандастарына деген мерекелік құттықтауларын өнерлерімен жеткізді. Оқушылардың жүздеріне қуаныш сезімін ұялатқан мерекеде Аяз Ата мен Ақшақар келіп, бір сәт би билеп, ән айтып, жаңа жылдық сыйлықтарға ие болып, көңілдері көтеріліп қалды. Шырша тойына аудан әкімі Нұрлан Мағазұлы, аудан әкімінің орынбасары Зәйлім Мәжитова, аудандық мәслихат хатшысы Еркін Ғазезұлы, аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Самал Жангереева, аудандық білім бөлімінің басшысы Ерболат Бекмулдин балғын бүлдіршіндерге Жаңа жылдық киім киген 27 оқушыға сыйлықтар тарту етті. Сонымен қатар білім бөлімінің басшысы Ерболат Мұратқалиұлы К.Меңдәлиев орта мектебін алғыс хатпен марапаттады.

Шаттыққа бөленген балалар ел ағаларымен бірге шырша жырын шырқады, естелік суретке түсті. Қызыққа тоймаған бала көңілі жаңа жылдық кештен қимастықпен тарқасқанымен, мектептің акт залында түскі асқа жайғасып, ән мен жыр жалғасын тапты.

www.zhaikpress.kz  

Тұрарбек АҚМУРЗИН

Жалпақтал ауылы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале