11.02.2016, 10:50
Оқылды: 29

Шыңғырлауда аудандық партия конференциясы өтті

Shingirlau konferencia    Сәрсенбі күні «Нұр Отан» Шыңғырлау аудандық партия филиалының кезектен тыс ХХ конференциясы болып өтті. Күн тәртібіне қойылған үш мәселе бастауыш партия ұйымдарынан келген 59 депутаттың назарына ұсыныла отырып, жиын өз жұмысын бастады.


 «Қазақстан-2021:Бірлік. Тұрақтылық.Жасампаздық, Ел болашағы үшін» атты партияның сайлауалды тұғырнамасын қолдау, «Нұр Отан» партиясының съезінде ел алдында тұрған ауқымды жұмыстарды жұмыла атқару, ел бірлігі мен татулықты дәріптеу бағытында Елбасы ерекше баса назар аударған мәселелерді «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары С.Бәйтенова өз баяндамасына арқау етіп алды. Баяндамадан соң аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы С.Сәмиев сөз алып, бүгінгі аудандық партия ұйымдары алдында тұрған мәселелерге назар аударып, алда келе жатқан сайлауды ұйымшылдықпен өткізу баршамыздың міндетіміз екендігін айтса, жастармен жұмыс жөніндегі резервтік орталығының директоры А.Хаиров жасаған шағын баяндама да осы тақырыпты одан әрмен жалғағандай еді.

 Конференцияда қаралған екінші мәселе 20 наурыз күні өтетін сайлау және  аудандық мәслихатқа үміткерлерді таныстыру төңірегінде өрбіп, бастауыш партия ұйымдарынан лайық деп табылған 12 үміткер жеке-жеке таныстырылып, мақұлданды.

  Елбасымыз Н.Назарбаев ХVІІ партия съезінде партияның сайлауалды бағдарламасын айқындап берген еді. Ендеше, бүгінгі үміткерлер, ертеңгі халық қалаулылары өздеріне сенім білдірген сайлаушыларының үмітін ақтап, ел игілігі, халық бірлігі жолында жалаң сөзбен емес нақты ісімен үлгі болып, адал қызмет етеді деген сенім жетегіндеміз.

 Басқосуда «Нұр Отан» облыстық партиясының кезектен тыс ХVІІІ конференциясына делегаттар сайланды. Конференция жұмысына аудан әкімінің орынбасары А.Есалиев қатысып отырды.

www.zhaikpress.kz

Гүлшат Ботанова

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале