27.09.2016, 17:12
Оқылды: 35

Шыңғырлауда ұлттық спорт түрлері дамуда

 brifing-shingirlau  Шыңғырлау - экономикалық әлеуеті артып келе жатқан аудандардың бірі. 8 ауылдық округ пен 25 елді-мекенде тұратын шыңғырлаулықтар негізінен кәсіпкерлік пен ауылшаруашылық салаларынан нәпақасын тауып отыр. Бұл туралы Орталық коммуникациялық қызметтің облыстық филиалында өткен брифингінде аталмыш ауданның әкімі Альберт Есалиев мәлімдеді.


         Аудан басшысының сөзіне қарағанда, негізгі капиталға түскен инвестиция көлемі жыл санап артуда. Биылғы сегіз айда ол 701 млн. 379 мың теңгені құрады,  бұл өткен жылдың осы кезең деңгейінен 6%-ға көп.

         -Жылма-жыл ауданымызда мал басының саны артып, бақша аумақтары кеңейтілуде. Кеңес үкіметінен қалған ескі техикалар жаңартылып, ауылшаруашылық кооперативтері құрылуда. Оң нәтижелі көрсеткіштерге «Агробизнес-2020», «Сыбаға», «Құлан», «Алтын асық» және да тағы да басқа бағдарламалар негіз болуда. Биылдың өзінде «Сыбаға»бағдарламасы бойынша 10 бұқа, 189 бас сиыр, «Құлан» бағдарламасы бойынша  65 бие және 5 айғыр сатып алынды. Жылдың соңына дейін 2 шаруа қожалық «Алтын асық» бағдарламасы бойынша 426 қой басын сатып алуды көздеп отыр.  Жалпы жыл басынан бері 2047 тонна ет, 10603 тонна сүт, 2 млн. 270 мың дана жұмыртқа өндірілді. Биылғы жыл диқандарымыз үшін да жақсы жыл болды. Қардың қалың болуы, күзгі және көктемгі жауын-шашынның мол түсуі елдің берекесін арттырды. Ағымдағы жылы шаруалармен 11025 гектар егістік алқапқа 3647 га дәнді дақылдар, 1196 га майлы дақылдар, 5992 га мал азықтық бір және көп жылдық шөптер, 100 га картоп, 80 га көкөніс 110 га бақша дақылдары егілді. Олардан 4360 тонна өнім жиналды. Көп жылдан бері еңбектерінің жемісін көре алмаған шаруашылықтар биыл қуанышқа кенелуде. Ауданда кәсіппен айналысамын деушілерге барынша жағдайлар жасалуда. Кәсібін дөңгелетемін дейтін агроқұрылымдарға егістік, жайылым, шабындық алқаптары еш кедергісіз берілуде. Ал керісінше бос жатырған жерлер мемлекеттің қорына қайтарылуда. Бүгінгі күннің өзінде 24 шаруа қожалығы ашылып, оларға жалпы көлемі 20953 гектар, соның ішінде 4937 гектар егістік, 80 гектар шабындық, 15936 гектар жайылым жер телімдері берілді,-деген Альберт Есалиев ауданда мал басы санының артуымен қатар, ветеринариялық жұмыстарғада көңіл аударылып жатқанын да айтып өтті. Соған орай Самара-Шымкент автотрассасының бойында орналасқан ауылдар маңынан тексеру баръерлері орнатылған. Ауылдық жерлерге келген көліктерге дезинфекция жұмыстары жүргізіліп, кезекшілік ұйымдастырылып, қатаң бақылауға алынды.

   Шыңғырлауда кәсіпкерлік саласы да қарқынды дамуда. Жыл өткен сайын ауданда халыққа қызмет көрсететін шағын және орта бизнес нысандары көбеюде. Былтыр азық-түлік супермаркеті, ойын-сауық кешені, шағын кафелер мен дүкендер іске қосылған еді. Биыл бетондық бұйымдар, керамзит тастар, брусчатка өндіретін «Битимбаева» жеке кәсіпкерлігі өз қызметін бастады. Өндіретін өнімі облыс орталығының бағасымен тең. Сұраныс бар. Сондай-ақ, жеке кәсіпкерлер аудан орталығында фармацевтикалық кешен, бизнес орталық және шағын маркет салуға қызығушылық танытып отыр. Таяуда аудан орталығында мал сою пункті, шағын пиццерия іске қосылды. Көп кешікпей балаларға арналған кафені іске қосу ойда бар. Жалпы жыл басынан ауданның шағын бизнес субъектілерімен 1 млрд. 46 млн. теңгенің  өнімдері өндіріліп, жұмыстары атқарып, қызметтер көрсетілді. Шағын бизнес субъектілерінен түскен салық көлемі 38 млн. 94 мың теңгені құрады.

Ауданда бұқаралық спортты дамытуға жете мән беріліп отыр. Былтыр ашылған «Шыңғырлау» спорт клубы жанынан ұлттық спорт түрлерін дамытуды қолға алды. Аударыспақ, көкпар, теңге ілу секілді ата-бабамыздан мұра болып келе жатырған спорт түрлері жастарға кеңінен дәріптелуде. Бұл мақсатта «Темірлан» жеке ат спорт клубы жұмысын бастады. Шыңғырлаулық спортшылар облыстық турнирлерге, республикалық сайыстарға қатынасып, жүлдегер атануда. 30 қыркүйек күні аудан орталығында көкпар сайысының облыстық турнирін өтпекші. Аудан күніне орай 1 қазан күні аударыспақ, қыз қуу, бәйге жарыстарын өткізу жоспарда бар. Сондай-ақ, ауданда бокс, гір спорты мен волейбол жақсы дамып келеді. Жақында Шымкент қаласында өткен «Шұбар доп-2016»  республикалық жарысында облыс намысын қорғаған шыңғырлаулық воллейболшы қыздар ІІ орын алды. Аудан орталығында теннис корты мен шағын әмбебап спорт алаңы салынды. Ендігі осындай әмбебап алаңдарды қалған 7 округте салуды жоспарланып отыр.

Брифинг барысында аудан әкімі БАҚ өкілдерінің сұрақтарына жауап берді.

Мәди ЫҚЫЛАС

www.zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале