11.12.2015, 14:38
Оқылды: 24

Шыңғырлаудың беделін аспандатқан кәсіпкер қыздар

Shingirlau kasipker kizdar   Астана қаласында өткен  IV  Еуразиялық  әйелдер саммиті Қазақстанның  іскер әйелдері қауымдастығының 20 жылдық мерейтойына арналған еді. Саммитте Парламент депутаттары, ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері  және отбасылық-демографиялық  саясат жөніндегі  ұлттық  комиссия мүшелері, халықаралық және үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, сарапшылар қатысты.

Аталмыш саммит жұмысында негізінен, елімізде әйелдер іскерлігін  одан әрі дамыту маңыздылығына баса назар аударылған  болатын. Оған  біздің ауданнан кәсіпкерлігін өрге домалатып, өзгелерден озық келе жатқан қос азаматша  барып қатысып келді. Самитте Қазақстанның әр аймағы үшін арнайы басылым «Қазақстанның қанатты  әйелдері» атты кітаптың тұсаукесері өтіп, ол біздің екі  іскер кәсіпкерлердің де қолдарына салтанатпен табысталды.


Атап айтсақ, жылдар бойы сауда саласында тер төккен, бертін келе кәсіпкерліктің қыр-сырын жете меңгерген жандардың бірі - ауданымызда алғашқы кондитер цехын ашқан Сәния Юсупқызы. Жұмыс орнында  тәтті тоқаш, наннан бастап,  түрлі  торттарға  дейін, барлық саны  20-ға  жуық өнім өндіріп, 12  адамды жұмыспен қамтып отырған іскер  ханым бүгіндері  облысқа  танымал.

 Ал, Гүлжан Измайлова  2007 жылдан бері  отбасылық  кәсіпкерлігін  жүргізіп келеді. Қоғамдық тамақ-тандыру саласын жақсы меңгерген  іскер келіншек «Азия» кафесін жұмысқа қосқалы  8 адамды жұмыспен қамтып, оның үстіне тұрғындардың алғысына бөленуде.

-Астанада өткен  әйелдер саммитінде  көптеген мағлұматтармен танысып, еліміздің түкпір-түкпірінен келген қыз-келіншектердің үлкен жетістіктерін білдік. Олардан үйренер істердің әлі де көптігіне көз жеткіздік,-дейді «Қазақстанның қанатты әйелдері» басылымында  фотосуреті жарқыраған  Гүлжан Измайлова.

Ия, біздің Шыңғырлаудың беделін тағы бір аспандатқан кәсіпкерлерге біз де толағай табыс, жетістіктер тілейміз!

www.zhaikpress.kz

 Айсұлу Амангелдіқызы

Шыңғырлау ауданы

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале