8.07.2016, 16:17
Оқылды: 28

Шыңғырлау ауданы әкімінің қабылдауында болды

 Shingirlau audan basshisinin kabildauinda boldi   Шыңғырлау ауданының әкімі Альберт Есалиев Алматы қаласының тұрғыны,  Қазақ ССР-нің Денсаулық сақтау ісінің үздігі, зейнеткер жерлесіміз Толқын Қазмағамбетовамен кездесті.  Қабылдау барысында туған жер топырағын аудан күні, Жеңіс күні мерекелері қарсаңында жиі басып, келіп тұратын Толқын апаны толғандыратын туған ел табиғатының тазалығы, жасыл желек көмкерген Шыңғырлау шырайы әңгіме болды. Алыста жүргенде ауылды аңсайтынын, ауданның әр жаңалығына жаны қуанатынын айта келіп, аудан көшелерінде  емен, қарағай, талшын секілді текті ағаштардың көбірек егілуі туралы ұсыныс білдірді.


    Саналы ғұмырын халық  денсаулығына арнаған жанның бұл пікірі аудан тұрғындарының денсаулығын сақтау, табиғат тазалығына деген жанашырлықтан туындап отырғанын байқалды. Бұған дейін Толқын апаның  Алматы қаласынан аталған терек тұқымдарын толтыра салған 2 пошта жәшігін ауданымыз күтіп алып, ауданның орман шаруашылығы бөлімі арнайы питомнигіне еккен-ді. Бүгінде тамыр алып, жапырақ жайған жас көшеттер Толқын апайдың ризашылығын тудырды.  Туған өңірдің түрлі жетістіктері қуантатынын жеткізген жерлес апаға аудан әкімі Альберт Темірболатұлы ауданды абаттандырудың үнемі назарда тұрғандығын, қазіргі шілденің ыстығында сол еккенді сақтап қалу жолында күндіз-түні суғару жұмыстарының тоқтаусыз жүргізіліп жатқандығын, қыс айларында орталық саябаққа 100 түп шырша тұқымдас өскіндер егілсе, көктемді 2000 түпке тарта түрлі ағаштар көшеттері отырғызылғанын айтып өтті.  Ащысай ауылы маңында 30 га жердің өңдеу жұмыстары жасалып, күзгі көшеттер егуге әзір тұрғаны да айтылып өтті. Бұдан бөлек, аудан орталығына алдағы уақытта фармацевтикалық орталықтың салынатындығын, сол бағыттағы жұмыстардың басталып жатқандығын да айтылды.

  Көргені көп, нақақ «Халық жауы» атанып, азап көрген әкенің кіндіктен жалғыз қызы болған қоғамшыл, жершіл, отаншыл апа аудан тізгінін қолына жуырда алған Альберт Есалиевке сәтті еңбек жолын тілей отырып, Бауыржан Момышұлының «Сақтау, нығайту және көбейту» деген нақыл сөзін күнделікті жұмысының басты талабына айналдыруын өтінді.

   Жанға жағымды әңгіме-дүкен аяғында аудан халқының жазғы сүйікті орнына айналған Елек жағасының  тұрғындарға жайлы болуына да көз қырын салуды өтінген тілегі де ескерілетінін айтқан аудан басшысы жанашыр апайға алғыс білдіріп, сәт-сапар тіледі.

www.zhaikpress.kz

Қаршыға Елемесов

Шыңғырлау ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале