3.03.2016, 10:14
Оқылды: 20

Шөптікөлдіктер жеңімпаз

?????????????

 Қаратөбе ауданына қарасты Үшағаш ауылында Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына және Алғыс айту күніне орай волейболдан ерлер арасында аудан біріншілігі оздырылды. Спорттық жарыстың өтуіне Үшағаш ауылының кәсіпкерлері мен шаруа қожалықтарының жетекшілері демеушілік етті.


Спорттық шараның ашылуына қатысқан аудан әкімінің орынбасары Сатқан Өмірзақов, «Жайна» шаруа қожалығының жетекшісі Наурызбай Сағындықов барша жарысқа қатысушыларды мерекелерімен құттықтап, спортшыларға жақсы ойын өрнегін көрсетуге тілектестіктерін жеткізді.

Сегіз команда арасында өткен біріншілік аса тартысты өрбіді. Жарыс қорытындысы бойынша үздік ойын өрнегін көрсеткен Шөптікөл ауылының командасы жеңімпаз атанды. Екінші орын Қоскөл ауылының командасына бұйырса, Қаратөбе ауылының командасы үшінші орынды қанағат тұтты. «Жеңіске деген жігері үшін» аталымымен Саралжын ауылының спортшылары, «Үздік шабуылшы» аталымымен аққозылық Жасұлан Батырбаев, «Үздік қорғаушы» аталымымен үшаналық Асхат Кенжин, «Көрермен көзайымы» аталымымен ақтайсайлық Дәурен Бақтыгерей марапатталды.

Спорттық шараның өтуіне демеушілік жасаған «Жайна», «Оңал», «Нұрхат», «Тұрлыбай» шаруа қожалықтарының жетекшілеріне, ауыл тұрғыны Нұрболат Файзуллинге «Нұ Отан» партиясының аудандық филиалы атынан алғыс хат табысталды.

Жарыстың өту барысын жоғары деңгейде ұйымдастырған «Қаратөбе» спорт клубының әдіскері Бекболат Файзуллинге жерлестері дән риза.

www.zhaikpress.kz

Серікбай ХАСАНОВ

Қаратөбе ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале