19.02.2015, 13:15
Оқылды: 19

Ынтымақты еңбек ырысымызды МОЛАЙТТЫ


Кеше «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы ғимаратының үлкен залында облыс әкімі Нұрлан Ноғаев тұрғындар алдында өткен жылы өңірімізде атқарылған жұмыстар туралы есеп берді. Жиынға ҚР Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік  инспекторы Сәлімгерей Бекбергенов, Энергетика министрі Владимир Школьник, ұлттық компания жетекшілері, облыстық, қалалық, аудандық мәслихат депутаттары, аудан, ауыл әкімдері, мекеме-кәсіпорын басшылары, ардагерлер, қоғамдық ұйым, БАҚ өкілдері қатысты.


Есептік кездесу бейнефильммен басталып, онда облысымыздың әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері жиналған жұртшылықтың назарына ұсынылды. Содан соң мінберге көтерілген өңір басшысы мұндай кездесу Елбасының Жарлығына сәйкес, 2005 жылдан бері ұйымдастырылып келе жатқанын, онда ауыл, аудан, облыс әкімдерінің жыл бойы атқарған, болашақта қолға алатын ісшаралары жөнінде баяндайтынын айтты. Осындай есептік кездесулер кезінде тұрғындардан түскен өтініштілектің бәрі ескеріліп, алдағы уақытта атқарылатын жұмыстардың жоспарына енгізіледі. Әкім бүгінгі таңда қолжетіп отырған жетістік өткен жылдары басталған жұмыстардың жемісі екенін жеткізді. Бұл, сөз жоқ, қоғамдық келісімнің, ұлтаралық, конфессияаралық татулықтың және саяси тұрақтылықтың арқасында жүзеге асуда. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша елімізде кәсіпкерлікті дамытуға, жұмыссыздықты азайтуға, тұрғындардың әл-ауқатын көтеруге бағытталған мемлекеттік және салалық бағдарламалар ойдағыдай орындалып жатыр. Соның арқасында облысымыздың, еліміздің экономикасы ілгерілеуде.


- Өткен жылы жалпы өңірлік өнім 1,8 триллионнан аса теңгені құрады. Бұл 2013 жылдан 3,6 пайыз жоғары. Республиканың жалпы ішкі өніміндегі өңірдің үлесі – 5,1 пайыз. Жан басына шаққанда жалпыөңірлік өнім 2,9 млн. теңгеден жоғары. 2013 жылы бұл көрсеткіш 2,7 млн. теңге шамасында болды. Өнеркәсіп саласында 3,9 пайыз өсімді қамтамасыз еттік. Осы салада өндірілген өнім 1834 млрд. теңгеге жетті. Өнеркәсіп өндірісі бойынша республикадағы облыстың үлесі – 9,9 пайыз. Соның ішінде тау-кен, өңдеу, металлургия, құрылыс, машина жасау, мұнайды қайта өңдеуде айтарлықтай өсім бар. Өңдеу өнеркәсібіндегі еңбек өнімділігі адам басына шаққанда, 32,9 мың долларды құрады. Бұл өткен жылғы көрсеткіштен 15,8 пайызға артық. Машина жасау саласында «Зенит» зауыты Қорғаныс министрлігі мен шекара қызметіне арнап кеме шығарумен айналысып келе жатыр. Ал Батыс Қазақстан машина жасау компаниясы базасында автоматика және басқару жүйелерін жөндеу, қызмет көрсету, газтурбиналық қондырғыларды жөндеу жөніндегі сервистік орталық құрылды. «Оралагрореммаш» АҚ техника шығару жұмыстарын жалғастыруда. Сонымен қатар таяуда облысымызға келген венгриялық «Евопро» компаниясы басшылары бізде автобус шығаруға мүдделі екендерін айтты. Егер бұл жоба жүзеге асса, қала, ауданішілік автобустарымызды жаңартуға мүмкіндік аламыз. Елбасы тапсырмасына сәйкес қазақстандық қамтуды арттыру мақсатында Ақсай индустриалдық паркінің жол картасы әзірленді. Оның шеңберінде Ақсай индустриалдық паркі резидент-компаниялары және «ҚПО б.в.» компаниясымен жалпы сомасы 60 млн. АҚШ долларына шарт жасалды. «СВ-плюс» пен «Болашақ-Т» серіктестіктерінің іске қосылған үй комбинанттары  жылына 40 және 50 мың шаршы метр көлемінде құрастырмалы-қаңқалы және панельді  құрылыс материалдарын шығарады. Олар «Қолжетімді тұрғын үй – 2020» бағдарламасы аясында тұрғын үй құрылысын жүргізуде. Бұл құрылыс комбинаттарының қуаттылығын қосымша пайдалану  арқылы өңіріміздегі апатты жағдайлардағы үйлерді жойып, орнына жаңа көп пәтерлі жайлы үйлер салынбақшы. Апатты жағдайдағы үйде тұрып келген тұрғындарға сол үйлерден жеке меншігіне жаңа пәтер беріледі, - деді Нұрлан Асқарұлы.

Одан әрі облыс басшысы индустрияландыру картасы аясында өңірімізде жүзеге асқан жобаларға тоқталды. Қазіргі кезде облыс бойынша жалпы құны 303,3 млрд. теңге болатын 38 жоба іске асырылуда. Үстіміздегі жылы екі жобаны іске қосу жоспарлануда. Бұл – «Конденсат» АҚ-ның экологиялық таза «Евро-5» бензин өндіру жобасы мен «Батыс Пауэр» компаниясы облыстың электр энергиясына деген қажеттілігін қамтамасыз етуге және Ресейдің шекаралас аймақтарына экспортқа шығару мақсатында қуаттылығы 200 МВт дейінгі газтурбиналық электр стансасы құрылысының жобалары.

Өткен жылы өңірімізде «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасын жүзеге асыруға 1,7 млрд. теңге бөлінді. Мәселен, бағдарлама іске асырылғаннан бері несиелер мен жеткізілген инфрақұрылымның жалпы сомасы 49 млрд. теңгенің 396 жобасына мемлекеттік қолдау көрсетілді. Биылғы жылдың 1 қаңтары бойынша біздің облыста 48 мың шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі тіркелді. Осы субъектілерде 107 мың адам жұмыс істейді. Олар 905,7 млрд. теңгенің тауарларын өндірді. Түрлі мемлекеттік бағдарламалардың арқасында 15 мың жұмыс орны сақталып, 3 мыңнан аса жаңа жұмыс орны ашылды.

Ауыл шаруашылығы саласындағы өндірілген өнім көлемі жөнінен облысымыз республикада көш бастап келеді. Ауа райының қолайсыздығына қарамастан, осы салада оң динамика қамтамасыз етілді. Оған мемлекет басшылығымен қабылданған шаралар, «Агробизнес – 2020» бағдарламасы оң әсерін тигізді. Өткен жылы осы салада 83,6 млрд. теңгенің өнімі өндірілді. Агроөнеркәсіп кешенін қолдауға және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бюджеттен 5 млрд. теңге қаражат бағытталды, ол алдыңғы жылғы деңгейден 14,7%-ға көп. Облыс бойынша егіс алқабы 507 мың гектарды құрады. Егістіктен гектарына 8,2 центнер орташа өнімділікпен 232,7 мың тонна дән жиналды. Облыстың қажеттілігі - 106 мың тонна. Сондықтан астықпен және биылғы егіске қажет тұқыммен қамту мәселесі шешілді. Шаруашылықтың барлық санатында төрт түлік малдың өсімі бар. «Мүйізді ірі қара мал етінің экспорттық әлеуетін дамыту» бағдарламасы жүзеге асырыла бастағаннан бері облысқа 1648 бас шетелдік селекциялық асыл тұқымды мал әкелінді. Бүгінгі күні 2000 тоннаға жуық ет және ет өнімдері экспортталды. Осы көрсеткіш бойынша да облысымыз республикада 1-орында. Бұл жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады.

Тұрақтандыруды қамтамасыз етудің басымдылығы инфляцияның өсуіне тыйым салу болып табылады. Инфляцияның жалпы деңгейі 6,6%-ды құрады. Азық-түлік тауарларын тұрақтандыру қорын толықтыруға жергілікті бюджеттен 274 млн. теңге бөлінді. 64 тонна күріш, 100 тонна пияз және 27,5 тонна күнбағыс майы сатып алынды. Өткен жылы облыста 278 рет ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өткізіліп,  шаруалар өз өнімдерін базар бағасынан 10-20% төмен бағамен сатты.

«Жұмыспен қамту 2020 жол картасы» бағдарламасы аясында 10640 жұмыс орны ашылды. Жұмысқа орналасқандар саны 14425 адамды құрады. Өткен жылы осы бағдарламаны жүзеге асыру үшін мемлекет қазынасынан 4,3 млрд. теңге қаражат бөлінді. 506 кәсіпкер шағын несие алды. «Бұл жерде айта кетер жайт, осы бағдарлама аясында 2012 жылдан бастап тұрғындар 3,1 млрд. теңге несие алды, – деді Нұрлан Асқарұлы. - Бастапқы кезде кепілдеме талап етілмеді. Қазір сол қаражатты қайтару мерзімі келді. Борыш 400 млн. теңгеден асады. Бірақ кейбір ағайындардың оны қайтаруға құлқы жоқ. Аудан әкімдерінің есептік кездесулерінде осы мәселе көтерілді. Осы сәтті пайдалана отырып, аудан әкімдеріне, осы бағдарламаны жүргізуге жауапты тұлғаларға бөлінген несиелерді қайтаруға ықпал жасауды тапсырамын. Сонымен қатар әлеуметтік көмек алушылар жөнінде айта кеткім келіп тұр. Есепті кезеңмен салыстырғанда, ол жүз адамға төмендеп, қазір 953 отбасы осындай жәрдем алады. Бұл жоғарыда аталып өткен мемлекеттік және салалық бағдарламаларының арқасында және тұрғындар мен жергілікті атқарушы биліктің арасындағы бірлескен жұмыстардың арқасында мүмкін болды. Осы бағыттағы жұмыстарды әрі қарай да жалғастыруымыз керек.

Белгілі болып отырғандай, әлеу-меттік көмек алушылардың 30 пайыздайы – еңбекке жарамды азаматтар. Қазіргі уақытта осындай жандарды бұл санаттан шығару жайы қарастырылуда».

«Білім беруді дамыту», «Балапан» бағдарламаларын жүзеге асыруға байланысты осы салада-ғы негізгі көрсеткіштерінің өсуіне қол жетті. 2014 жылы білім беру саласының қаржыландырылуы 10,8%-ға артып, 42 млрд. теңгені құрады.  Мектепке дейінгі білім беру ұйымдарымен 3-6 жас аралығындағы балалардың қамтылуы 97,5%-ға жетті, ал рес-публикалық көрсеткіш - 77,4%. «Балапан» бағдарламасы іске асырылғаннан бері өңірімізде 25 балабақша ашылды. Оның 10-ы жаңадан салынса, қалғаны жеке қолдан қайтарылып алынып, күрделі жөндеуден өткізілді. Қазіргі таңда Жәнібек ауданының орталығында 290 орындық бала-бақша құрылысы жүруде. ҰБТ-дағы орташа балл 81,25 құрады, ол бойынша  облысымыз республикада 4-орынға ие. Соңғы төрт жылда өңірімізде 11 мектеп бой көтеріп, апатты жағдайдағы білім ордаларының орнына 6 мектеп қайта салынды. Қазіргі таңда Орал қаласындағы Зашаған кентінде 1200 орындық мектептің, Жаңа-қала ауданының орталығындағы 100 орындық жатақханасы мен 600 орындық білім мекемесінің құрылысы жүруде. Елбасының тапсырмасына сәйкес облыста үш ауысымдық оқу үрдісі бар мектептер түбегейлі жойылды. Апатты мектептерді жою мақсатында жергілікті бюджет қаражаты есебінен 1 білім ошағы салынды, 3 мектептің құрылысы жүргізілуде және 2 білім ұясы күрделі жөндеуден өтті. Жалпы алғанда, 23 білім беру нысаны күрделі жөндеуден өтті.

Өткен жылы денсаулық сақтау саласын қаржы-ландыру көлемі өсіп, 21,9 млрд. теңгені құрады. Соңғы төрт жыл ішінде 24 нысан, соның ішінде ауылдық жерде 16 денсаулық сақтау нысаны салынды. Тек өткен жылдың өзінде 7 дәрігерлік амбулатория пайдалануға берілді.  Денсаулық саласын дамыту бағытындағы іс-шаралар нәтижесінде облыс тұрғындарының денсаулық көрсеткіштерінде оң нәтиже бар. Яғни есепті кезеңде туберкулезбен аурудың 4,2%-ға, туберкулезден өлім деңгейінің 10,4%-ға, қан айналымы жүйесі ауруынан өлім деңгейінің 15%-ға төмендеуі байқалды.

Облысымызда 700-ден астам мәдениет, өнер және демалыс нысандары халыққа қызмет көрсетеді. Былтырғы жылы саланы қаржыландыру 4,5 млрд. теңгені құрады. Өткен жылы 3 мәдениет үйінің құрылысы аяқталды. Бөрлі ауданының Приуральное ауылындағы мәдениет үйі күрделі жөндеуден өтсе, Жаңақала ауданының Пятимар және Қызылоба ауылдарындағы, Ақсай қаласындағы мәдениет үйлері жаңа кейіпке енді.

Қазіргі таңда батысқазақстан-дықтардың 24%-ы дене тәрбиесімен және спортпен айналысады. Бұл өңірімізде 150,3 мың адамның спортты жанына серік еткенін білдіреді. Өткен жылы 123,1 мың адамның қатысуымен 1555 спорттық-бұқаралық іс-шара ұйымдастырылды. Былтыр Орал қаласы Деркөл кентінде дене шынықтыру-сауықтыру кешені, Орал қаласында теннис корты пайдалануға берілді. Ат спорты түрлерінен балалар-жасөспірімдер спорт мектебіне күрделі жөндеу жүргізілді. Сондай-ақ Қаратөбе және Жымпиты ауылдарында әрқайсысы 160, Орал қаласы Зашаған кентінде 320 көрерменге арналған дене шынықтыру-сауықтыру кешен-дерінің құрылыстары жүргізілуде.

- 2013 жылы аудан-қала әкімдерінің тұрғындар алдындағы есептік кездесуі нәтижесінде облысымызда 54 іс-шаралар жоспары бекітілген болатын. Былтыр солардың 28-і орындалды. Ал 17-сі жартылай орындалса, қалған тоғызы түрлі себептерге байланысты қарастырылуда. Жалпы, өткен жыл ішінде қолжеткізген табыстарымыз  - бұл бәріміздің ортақ еңбегіміз. Баяндамада келі, тонна, шақырым болатын көпте-ген статистикалық мәліметтер келтірдім. Олардың астарында жерлестеріміздің маңдай тері бар. Біздің, жергілікті атқарушы билік органдарының, мемлекеттік саясатты жүзеге асырудағы талап-тілектерімізді түсініп, қолдау білдіргендеріңіз үшін барлығыңызға өз ризашылығымды білдіремін, – деді Нұрлан Ноғаев.

Содан соң облыс басшысы тұрғындардың сұрақтарына жауап беріп, БАҚ өкілдерімен баспасөз мәслихатын өткізді.

* * *

Есепті кездесуде облыс басшысына қатысушы-лар тарапынан сан түрлі сауалдар қойылды. Өңір басшысы Нұрлан Ноғаев солардың бірін де назардан тыс қалдырмай, ыждағаттылықпен жауап берді. Орал қаласының бір тұрғыны Есқалиев көшесінің жол жөндеу жұмыстарының қашан жалғасатынын сұраса, енді бірі бұдан 20 жыл бұрын Қаратөбе ауданы аумағынан Оралға таза су жеткізуге тартыла бастап,  «қолды болған» құбырлардың «жоғын» жоқтады. Тасқалалық жас кәсіпкер қыз «Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасы арқылы тігін цехын ашқанын, мемлекеттік көмек-қолдау көрсетілгені үшін өңір басшылығына алғысын жеткізді. Облыстық мәслихаттың депутаты Аманжол Зинуллин мәслихат депутаттарының атынан өңір басшысының жұмысын жоғары бағалап, рақмет айтты.

Биыл әлемдік экономикадағы дағдарысқа байланысты республикалық бюджеттің 10 пайызға қысқарғаны мәлім. Соған орай облыс бюджетінің қаншалықты қысқаратыны жайындағы сұрақ та қатысушыларды қызықтырды. Облыс басшысы биылғы облыс бюджетінің 145 млрд. теңге көлемінде бекітілгенін,  бюджет қаржысын оңтайландыру мәселесінің экономика және бюджетті жоспарлау басқармасында қарастырылып жатқанын, есептеулерден кейін мәслихат депутаттарының қарауымен шешім қабылданатынын жеткізді. «Бюджеттегі шығыс пен кірісті оңтайландырамыз, бірақ жалақы, зейнетақы, шәкіртақы, әлеуметтік төлемдер толықтай сақталады», - деп атап көрсетті.

Жиында ҚМДБ-ның облыстағы өкіл имамы Руслан Сұлтанов өткен жылдың қорытындысы бойынша облыс аумағындағы дін істерінің жүргізілуінің  діни басқарма тарапынан жоғары бағаланып отырғанын, мұнда облыс басшысының да еңбегі барын айта келе,  ҚМДБ-ның атынан Нұрлан Ноғаевқа алғысхат табыс етті.

Облыстық мәслихаттың депутаты, кәсіпкер Қатауолла Ашығалиевтің электр қуатымен тұрақты қамту жөніндегі көтерген мәселесіне  қатысты алдымен өңір басшысы ақпарат берді. Оның айтуынша, бұл мәселенің қайбір бөлігіне ҚР Инновация және даму министрлігі жауап береді. Биыл осы министрліктің қолдауымен облыстағы Тасқала, Бөрлі, Теректі, Зеленов аудандарындағы электр желілерін жаңғыртуға, жаңасын тартуға 500 млн. теңге бөлінбек. Министр Владимир Школьниктің айтуынша, электр қуатымен қамтамасыз етудегі іркілістер қысқы  уақыттағы желілерге қар-дың жабысып, мұздануы салдарынан болады. «Мәселені шешу үшін «КЕГОК», «БҚЭЖТК» компанияларының, облыс әкімдігінің қатысымен жақын арада бірлескен кеңес өткізейік.

Назарбаев университетінің ғалымдары электр желілеріндегі «мұздануды» болдырмайтын қондырғы ойлап тауып, соны көрсеткен болатын. Оларды да кеңеске қатысуға шақырамыз. Әрине, барлық мәселені бір күнде шеше алмаспыз, бірақ жоғарытехнологиялық құрал-жабдық қойылған орындарға әлгіндей жабдықтарды орнату мәселесін шешерміз», - деді В. Школьник.

«Ақ отау» қоғамдық бірлестігі жетекшісі Алтынай Есқалиеваның отандық өндірісшілерді қолдау жөніндегі ұсынысын мақұлдаған облыс басшысы Нұрлан Ноғаев: «Отандық өндірісшілерді қолдау акциясы бір күндік емес, отандық өнімнің сапасы жақсы, экологиялық жағынан таза екені белгілі. Жарнама дегені-ңіз тауардың өзіндік құнына жүк болады, дегенмен сіздің ұсыныстарыңызды ескеретін боламыз», - деді. Көше спорты қозғалысының жетекшісі Дмитрий Сорокин қалада балаларға арналған ойын алаңдарымен қатар ересек адамдарға да арналған спорттық орындардың жасақталуын ұсынды. «Қалалық мәдениет және демалыс саябағында веложолақ салынады. Ересек адамдарға арналған спорттық жабдықтар орнатылады», - деді Н. Ноғаев оның ұсынысын мақұлдап.

Теректілік еңбек ардагері Мақпал Қалиева Подстепный ауылындағы №1 мектеп басшысының атқарып отырған лауазымына сай келмейтініне, мектеп парталарының ескілігіне және жер телімдерінің мақсатты пайдаланылмайтындығына  шағымданды. Өңір басшысы екі мәселенің бұрыннан айтылып келе жатқанын, мектеп басшысының еңбек заңдылығына сай тағайын-далып немесе орнынан алынатынын еске салып, М. Қалиеваға осы мәселелер бойынша өзінің жеке қабылдайтынын айтты.

Жалпы, сұрақ қойып, ортаға ой тастаған жерлестеріміздің бәрінің де сауалына облыс басшысы тұшымды жауап берді.

* * *


Облыс әкімі Нұрлан Ноғаев есептік жиыннан соң «Нұр Отан» партиясының облыстық филалы ғимаратының үшінші қабатына көтерілді. Мұнда арнайы жасақталған баспасөз орталығында өңір басшысы журналистермен кездесті. Айта кетейік, бұл жерде өткен жылғыдай БАҚ өкілдері үшін қажет жағдай жасалды. Республикалық, өңірлік тілшілер ғаламтор желісіне қосылған ноутбуктер арқылы облыс басшысының есептік кездесуі жөнінде материалдар дайындап, ақпарат құралдарына, әлеуметтік желілерге лезде хабар таратып отырды.


Ғайсағали СЕЙТАҚ, «Қазақпарат» агенттігінің БҚО бойынша меншікті тілшісі:

- Біздің облыста индустриалды  аймақ  құру  бойынша  қандай  жұмыстар жүріп  жатыр?

Нұрлан НОҒАЕВ,

облыс әкімі:

- Жобаны ойластырғаннан кейін, біз оны тезірек  жүзеге асырғымыз келеді. Бұл, әрине, жақсы. Жоба сол арқылы қарқын алады және бюджетке салықтық түсімдер түседі. Біз басында индустриалдық аймақты  Белес  ауылдық  округінің  жерінде  құруды ойластырғанбыз. Ол  жерде  қуаттылығы  200мгВт газэлектр стансасының құрылысы жүріп жатыр. Үстіміздегі жылы мұнда жұмыстың бірінші кезеңі аяқталады. Кейін Стамбулдан индустриалды аймақтың акционерлерін шақырдық, бұл шетелдік мамандар индустриалды аймақты Самараға қарай өтіп жатқан күре жолдың бойынан құру дұрысырақ болады деп атап көрсетті. Ол үшін 900 гектар жер бөлінді. Қазіргі уақытта осы мәселеге қатысты экономикалық  және  техникалық сұрақтардың барлығы да қаралуда. Күзге дейін мүмкін, тіпті жазға салым жобалық-қаржылық  құжаттарды  дайындауды аяқтау-ды жоспарлап отырмыз. Одан кейін қаржыландыру мәселесі қаралатын болады. Әрине, бұл жобаны жүзеге асыру кезінде  жаңа  жұмыс  орындары ашылатын болады.


Айгүл АХМЕТОВА, «Жайық Пресс» ЖШС ақпарат орталығының меңгерушісі:

- Биылғы жыл тарихи мерекелерге толы жыл. Облыста Ұлы Жеңістің 70 жылдығы, Қазақ хандығының құрылғанына 550 жыл және Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылғанына 20 жыл толуына байланысты көптеген салтанатты шаралар өтпек. Осы мерекелерге орай қандай  да  бір ескерткіштер тұрғызылуы мүмкін бе?

Нұрлан НОҒАЕВ,

облыс әкімі:

-  Әзірге ондай жоспарлар жоқ, дегенмен Әбілқайыр ханға, Жәңгір ханға ескерткіштер қою  жөнінде  ұсыныстар түсіп  жатыр, басқа да ұсыныстар бар.


Роман КОПНЯЕВ,

ТДК-42 телеарнасының

тілшісі:

- Жақында облысымыздың аудандарында өткен есеп беру жиындарына қатысып келдіңіз. Сол жиындарда айтылған мәселелердің қайсысы өзекті, яғни уақыт өткізбей шешілуі керек деп ойлайсыз?

Нұрлан НОҒАЕВ,

облыс әкімі:

- Аудандарда өткен есеп беру жиындарында инфрақұрылымды дамыту, жол мәселесі, әлеуметтік нысандар салу, күрделі жөндеу жүргізу сияқты өзекті мәселе көп айтылды. Сонымен қатар ауылдық жерден халықтың көшуі, мектептердің жабылуы, ұялы байланыс, ғаламтор жүйесін жақсарту секілді өтініштер де болды. Жоғарыда айтқанымдай, бұлардың барлығын мән-маңызына байланысты алдағы жұмыс жоспарымызға енгізетін боламыз.


Татьяна РУДАМЕТОВА,

«Астана» телеарнасының

тілшісі:

- Өткен жылы Орал әуежайының ұшу-қону жолағы күрделі жөндеуден өткен болатын. Сол жөндеудің сапасына байланысты түрлі пікір айтылуда. Осыған байланысты сіздің пікіріңізді білсек деп едік...

Нұрлан НОҒАЕВ,

облыс әкімі:

- Ұшу-қону жолағы сапасыз жасалды дегенге келіспеймін. Себебі әр жасалған ауқымды жұмыс арнайы комиссиямен қабылданады. Жақында бұл мәселе бойынша арнайы комиссия құрылып, тексеру жүргізілді. Оның құрамына әуе компанияларының өкілдері де енгізілді. Комиссия шешімі ұшу-қону жолағы жарамсыз дегенді жоққа шығарды. Сондықтан мұнда әуе компанияларының ұшақтары қонатын болады.


Санат ОРЫНАЛИЕВ,

«Надежда» газетінің

тілшісі:

- Әр түрлі әлеуметтік аударымдардан бөлінетін қаржыға салынатын құрылыс нысандарының таңдау жүйесі қалай жүзеге асырылады?

Нұрлан НОҒАЕВ,

облыс әкімі:

- Жаңадан салынатын немесе күрделі жөндеуден өтетін нысандары өңір тұрғындарының, қоғамдық ұйымдардың өтініштері бойынша анықталады. Ондай өтініш-тілектер көбіне аудан, қала, облыс жұртшылығы алдында өткен осындай есеп беру жиындарында түседі. Сол ұсыныс-пікірлерге талдау жасалып, күні бүгін салынуы керек немесе жөнделуі тиіс нысандар анықталады. Содан кейін олар жергілікті мәслихат депутаттарымен бекітіледі. Ол қаржының игерілуін есеп комитеті, тексеру комиссиялары қадағалайды.


Тамара ЕСЛЯМОВА, «Уральская неделя» газетінің құрылтайшысы:

- Нұрлан Асқарұлы, менің сауалым Бөрлі ауданының Березовка селосындағы жағдайға байланысты. Сіз өз есебіңізде санитарлық  аймақты кеңейткен жағдайда және бұл аймаққа Березовка енген жағдайда селоны көшіру жөніндегі сауалын қайта қозғалатындығын айтып өткен болатынсыз. Бұл жағдай шешілгенше селолық мектеп оқушыларын қаланың немесе басқа аудандардың мектебіне  көшіруге болмай ма?

Нұрлан НОҒАЕВ,

облыс әкімі:

- Мұндай ұсынысты Березовка селосындағы жиналыста мен ұсынған болатынмын. Біз ауыл мектебінің оқушыларын Бөрлі ауданындағы және қаладағы мектеп-интернаттарға оқыту жөнінде ұсыныс бердік. Бүгінгі күнде біз бұл мәселені ұйымдастыра аламыз. Бәрі де ата-аналардың ықыласына байланысты. Егер санитарлық қорғау аймағы кеңейтілетін болса, сол кезде көшіру туралы  сауалды талқылаймыз. Біз де балалардың  дені сау болып, жақсы жағдайда оқуына пейілдіміз. Біз березовтық балалардың оқуына интернат ұсындық. Бұл тұрғыда, бұқаралық ақпарат құралдары  тұрғындар арасында дүрбелең туғызбауы тиіс. Әрине, мүмкін кейбір редакциялардың саясаты солай шығар. Журналистер тұрғындарға ақпаратты әсірелемей жеткізуі тиіс деп есептеймін.


Әділғазы КЕРЕЕВ, «Жайық Пресс»

ЖШС-ның қызметкері:

- Облысымызда Кеңес дәуірінен келе жатқан жүзден аса аудан-ауылдардың, елді мекеннің орысша атаулары кездеседі. Солардың тарихи атауларын қайтарып, қайта жаңғырту жұмыстары жоспарда бар ма?

Нұрлан НОҒАЕВ,

облыс әкімі:

- Елді мекендер мен жер-су атауларын өзгерту жергілікті атқарушы биліктің тікелей міндетіне кірмейді, яғни біз өз тарапымыздан өзгерте алмаймыз. Осы бағытта ауыл, аудан тұрғындарының ұсыныстары болуы керек. Егер тұрғындар ауылдың атын өзгертеміз деп шешсе, жиналыс өткізіп, хаттама толтыруы қажет. Содан кейін барып, ономастикалық заңнамаларға сәйкес іс-әрекеттер жасалады. Аудан орталықтарының атын өзгерту бұл Үкіметтің құзырында болса, ауыл, көше аттары облыс, қала, аудандағы ономастикалық коммиссияда қаралады.


Есептік кездесуден материалдарды дайындағандар

Сәкен ӘБІЛХАЛЫҚОВ, Гүлбаршын ӘЖІГЕРЕЕВА,

Нұрбек ОРАЗАЕВ

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале