20.11.2015, 15:46
Оқылды: 25

Ынтымаққа ықылас күшті

BKMU 01 М. Өтемісов атындағы БҚМУ-да «Еуразиялық экономикалық ынтымақ: оның экономикалық, құқықтық және әлеуметтік астарлары» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. БҚМУ, «Еуразия-Еділ бойы» ақпараттық-сараптамалық орталығы және «Еуразиялық идеялардың шеберханасы» ғылыми зерттеулерді қолдау қоры ұйымдастырған алқалы жиынға ресейлік  және отандық ғалымдар, студенттер қатысты.


Басқосуды аталмыш жоғары оқу орнының профессоры, ғылым докторы Лилия Мерғалиева ашып, БҚМУ-дың ректоры, академик Асхат Иманғалиевке сөз берді. Асхат Сәлімұлының айтуынша, бүгінде Еуразиялық одақ сын үстінде. Әлемдік экономикалық дағдарыс пен халықаралық лаңкестіктің одан әрі асқына түсуі және басқа да түйткілдер дүние жүзіндегі саяси-әлеуметтік ахуалды күрделілендіре түсуде. Соған қарамастан өзара сенім мен ынтымаққа негізделген одақтың сыннан сүрінбей өтеріне сенгіміз келеді. Олай болса, осында жиналған ресейлік және отандық ғалымдардан Еуразиялық одақтың бүгінгісі мен келешегіне қатысты тың ойлар мен өрелі ұсыныстар күтіледі.

BKMU 02

Қазақстанмен табиғаты өте ұқсас қалмақ жерінің ауыл шаруашылығын дамытуға қолайлы екенін атап өткен баяндамашы Т. Цатхланова экспортқа бағытталған өнімдерді шығару ісінде оңды тәжірибе  бар екендігін баяндады. Қазір қалмақ елінде 2,5 млн. қой, 500 мың ірі қара бар екен. Әсіресе, экспорт үшін «мәрмар етті» өндіруде де алға басушылық бар. Соңғы жылдары жылқы мен құс шаруашылығы да дамып, ет кластері жұмыс істейді. Ғалым ортақ мақсат жолында қазақ әріптестерін өзара ынтымақ пен тиімді қарым-қатынасқа шақырды. Жас ғалым Марина Лапенко болса, шекарааралық экономикалық, әлеуметтік, адами өзара тіимді де пайдалы қарым-қатынастардың маңызы мен мәніне кеңінен тоқталды. Лилия Мерғалиеваның  айтуынша, қырғыз елінің экономикалық әлеуеті Ресеймен салыстырғанда жүздеген есе аз. Демек, экономикада теңдік ұғымының болуы мүмкін емес. Өйткені кімнің экономикасы күшті болса, соның мерейі үстем. Сондықтан бұған ренжудің немесе таңданудың қажеті жоқ. Кез келген ел өз экономикасын қалыпты ұстап, еркін де әділ бәсекелестікке бейімді болуы тиіс. Бұдан басқа оңтайлы жол жоқ, болмайды да.

Конференция жұмысы әрі қарай секциялық отырыстарға ұласты.

www.zhaikpress.kz

Серпін САЯҚ      

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале