26.09.2015, 10:07
Оқылды: 17

Ынтымаққа ұйытқы ұйым

Oblis akimi 00001  Облыстық соғыс және еңбек ардагерлері кеңесінің төртінші пленумы болып өтті. Оған облыс әкімі Нұрлан Ноғаев қатысып, сөз сөйледі.

Пленумда ең алдымен ұйымдастыру мәселесі қаралды. Соған орай кезекті облыстық ардагерлер конференциясын 2016 жылы 24 ақпанда өткізу және Орал қалалық соғыс және еңбек ардагерлері ұйымы басқармасының төрағасы Кенжебай Нығметті облыстық ардагерлер президиумының мүшелігіне қабылдау жөнінде шешім қабылданды.

Сонан соң облыстық соғыс және еңбек ардагерлері ұйымы басқармасының төрағасы М. Мұхамбетов баяндама жасады. Оның айтуынша, облыстық ұйым ресми билік және қоғамдық ұйымдармен бірлесе отырып, талай істер тындырды және тындыра бермек. Әсіресе, жастарға отаншылдық тәрбие беруде жоспарлы істер жүзеге асырылып келеді. Соның ішінде Ақжайық аудандық ардагерлер ұйымының жұмысын ерекше атап көрсетуге болады. Мәселен, қазақтың тамаша ақыны Жұбан Молдағалиевтің туған жерінде және аудан орталығында оған ескерткіш орнатылған. Кеңес Одағының Батырлары Есен Орақбаев пен Михаил Абдоловтың да туған ауылында ескерткіші бар. Орал қаласы мен аудандарда, мектептер мен колледждерде жастардың соғыс және еңбек ардагерлерімен кездесулері өтеді. Олардың жастарға игі әсері болары сөзсіз. Орал қаласындағы әскери-техникалық мектеп директорының орынбасары Г. Мұқатаев басшылық ететін «Жас жауынгер» клубының жұмысы нәтижелі. Қазақ хандығының 550 жылдығы құрметіне арналған түрлі шараларға өзгелермен қатар ардагерлер де белсене қатысты.

Жарыссөзге Жәнібек аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы А. Уәлиев, Теректі ауданы Ақжайық  ауылдық бастауыш ардагерлер ұйымының төрағасы Т. Ашықов, Қазталов аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы У. Әбішев, «Жас Отан» жастар қанаты облыстық бөлімшесінің басшысы Н. Жолдасқалиев және басқалар қатысып, ой-пікірлерімен бөлісті.

-          Ардақты ардагерлер, аға-апалар! Күн тәртібіндегі мәселе маңызды. Сіздер зейнетке шыққаннан кейін де еліміздің дамуы мен ұрпақ тәрбиесіне айтулы көп үлес қосып келесіздер. Бұл - сіздердің Отанның мүддесіне әрдайым  адал екенңізді көрсетеді. Әрине, қазір өскелең талапқа сай жас көп. Кейде оларға аға ұрпақтың көңілі толмайтыны рас. Ол заңды да. Өйткені жастарға талап қашанда жоғары болуы тиіс. Мына күрделі заманда бәріміз бірігіп, қазақстандық  қоғамның  ынтымағы  мен  еліміздің  дамуына  ұйытқы болуымыз  шарт. Түрлі қауіп-қатерге де қарсы тұруымыз қажет. Өткенді ұмытпау керек, онсыз  келешек  жоқ. Сіздердің мол тәжірибеңіз бен өмірлік үлгі-өнегеңіздің алдында бас иемін. Барлығыңызға амандық, саулық  тілеймін! -деді облыс басшысы  өз сөзінде.

Пленум соңында марапаттау рәсімі өтіп, жиынға қатысушыларға деректі бейнебаян көрсетілді.

www.zhaikpress.kz

Серік   ИХСАНҒАЛИ  

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале