4.03.2016, 11:17
Оқылды: 23

Экологиялық ахуал талқыланды

kapustin iar   Облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасында облыс әкімінің орынбасары Алмаз Бадашевтің қатысуымен  экологиялық кеңес  отырысы өтті.

Кеңес отырысында Капустин яр полигонына іргелес орналасқан елді мекендерді әлеуметтік-экономикалық дамыту бойынша 2016 жылға арналған ұйымдастыру іс-шараларының жоспарын (Жол картасы)  іске асыру мәселесі талқыланды. Аталмыш басқарма басшысы Амангелді Дәулетжановтың айтуынша, 2013 жылы Елбасының тапсырмасымен Капустин яр, Азғыр әскери полигондарының іргелес аумақтардағы елді мекендердің тұрғындарының денсаулығына және қоршаған ортаға әсерін анықтау бағытында ведомствоаралық комиссия құрылып, жұмыстанды.


Ғалымдар екі полигонның қоршаған ортаға әсерін жан-жақты зерттеген. 2015 жылы Жаңақала ауданының орталығында осы мәселе бойынша бірқатар сенаторлардың, ведомствоаралық комиссия мүшелерінің қатысуымен қоғамдық тыңдау өткізіліп, халыққа мәселенің мәнісі түсіндірілген. Облыстық мәслихаттың депутаты Ақсерік Әйтімов осы жыл жарым уақыт жүргізілген ғылыми-зерттеу жұмыстарының нәтижесінде екі полигоннан  тұрғындарға келетін залал жоқ деген комиссия шешімі жайында айта келіп, бұдан бұрынғы жүргізілген зерттеулердің нәтижелерін ескеру қажеттігі жөніндегі ұсынысын білдірді. Облыстық экология департаментінің басшысы Қабижан Қапановтың айтуынша, бұл мәселе осымен тұйықталып қалмақ емес, алдағы уақытта да құзыреті бар мекемелердің қатысымен экологиялық мониторинг жүргізу жоспарланған.  Алдағы уақытта Ресей мемлекеті жалға алған 600 мың гектардай жер облысқа қайтарылмақ.

Облыста әскери полигонға іргелес орналасқан елді мекендерді әлеуметтік-экономикалық дамыту бойынша 2016-2020 жылдарға арналған іс-шараларының жоспарын (Жол картасы)  бекітілген. Енді осы жоспар бойынша елді мекендердің даму көрсеткіштері бойынша сараптама жасалып, полигонға іргелес ауылдарды дамытуға қатысты ұсынбалар дайындау қажет. Жаңақала ауданының әкімі Лавр Хайретдиновтың айтуынша, өткен жылы іс-шаралар жоспары бойынша ауданға 5 млрд. 78 млн. теңге бөлініп, тиісті жұмыстар атқарылған. Аудандағы 2 елді мекенді газдандыруға техэкономикалық негіздеме жасалуда және 4 ауылдық округтің тұрғындары ауыз су жеткізуді сұрап отыр. Бөкей ордасы ауданының басшылығы полигоннан қайтарылған жерді қосалқы жалға беру жөнінде Жер кодексіне өзгерістер енгізуді ұсынды.

Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Самат Хангереев екі полигон аумағында тұратын азаматтардың осал санаттарына әлеуметтік көмектің  көрсетілу жайымен таныстырды. Өңірдегі 6 ауданда (Ақжайық, Бөкей ордасы, Жаңақала, Жәнібек, Қазталов, Қаратөбе) бала кезінен мүгедектерге, 18 жасқа дейінгі мүгедек балаларға, бірінші, екінші, үшінші топтағы мүгедектерге жергілікті бюджет есебінен әлеуметтік көмек тағайындалып, ай сайын төленуде. Осы мақсатта 2012 жылы 5444 мүгедекке 121,5 млн. теңге, 2013 жылы 4028 мүгедекке 126,3 млн. теңге, 2014 жылы 4028 мүгекдекке 141 млн.теңге, 2015 жылы 4041 мүгедекке 144,1 млн. теңге әлеуметтік көмек бюджеттен төленген. Биыл бұған 154 млн. теңге қаралды.

         Экологиялық кеңес отырысында көктемгі су тасқынына және өрт қауіпі күшейетін мезгілдерге дайындық, ауыл-аймақты көгалдандыру, облыстағы қатты тұрмыстық қалдықтар полигондардың жағдайы, құрамында сынабы бар қуат  үнемдегіш шамдарды кәдеге жаратуын ұйымдастыру мәселері қаралды.  Облыс әкімінің орынбасары Алмаз Бадашев көктемгі су тасқынының алдын алу мәселесінің бақылауда екенін айтып, тиісті сала басшыларына дайындықты пысықтау, көктемгі суды жинақтау, лиманға шығару бағытында тапсырмалар берді.

www.zhaikpress.kz

Гүлбаршын ӘЖІГЕРЕЕВА

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале